ТОРҒАЙДЫҢ ҮШ ӨСИЕТІ
Бір торғай жем іздеп жүріп құсшының құрған торына түседі.Қолымен қыса ұстаған құсшыдан құтылудың амалын іздеген торғай:
— Мені жібер. Кішкентай ғанамын, жегеніңмен бәрібір қарның тоймайды.
Одан да мен саған өмірлік азық болар үш ақыл айтайын, — дейді.
⠀Құсшы:
— Мейлі, айт. Тыңдайын, — дейді.
⠀— Бірінші ақылымды алақаныңды ашып тұрғанда айтамын. Екіншісін ағаштың бұтағында отырып, ал үшінші ақылымды ұшып бара жатып айтамын, — дейді.
⠀Құсшы келіседі.
Ол алақанын ашқанда:
— Өткен іске ешқашан өкінбе, босқа әуре боласың, — дейді де торғай ұшып кетеді.
⠀Ағаштың бұтағына қонып:
— Енді екінші ақылымды тыңда.
Өз көзіңмен көрмеген нәрсеге ешқашан сенуші болма! — дейді.
⠀— Үшінші ақылыңды айт енді, — дейді құсшы.
Торғай:
— Ей, құсшы, менің жемсауымда сенің алақаныңдай гауһар тас бар, сойғаныңда әп-сәтте байып шыға келер едің, — дейді.
⠀Құсшы отыра қалып: — Қап, байлықтан айырылып қалдым-ау, — деп санын соғып, өзін-өзі кінәлап өкінеді.
Тоқтамай өзін-өзі жазғырып ұзақ жылайды.
⠀Осы кезде торғай:
— Өткенге өкінбе дедім, ал сен жарты сағат өкініп жыладың.
Көзбен көрмегенге сенбе дедім, сен менің өтірік сөзімді сараламай-ақ сене салдың.
Сенің алақаныңдай тас менің ішіме қалай сыяды? Тыңдамайтын адамға айтқан сөз бен кеткен уақыт зая, — деп ұшып кетеді.
Торғайдың миындай ми жоқ деген сөз осыдан шыққан..Енді ойланып көріңізші, осы торғай құрлы болмай, өткен іске өкініп, көзбен көрмегенге сеніп, өміріңізді босқа өткізіп жатқан жоқсыз ба?
⠀Әңгімеден не түйдіңіз?