“Біз сағынған көктем”: Таразда “Avangard” поэтикалық жобасының жетінші кеші өтті
Тараз төрінде поэзия мен сағыныштың, сезім мен сырдың салтанаты орнады. Өлеңсүйер қауымның тағатсыздана күтетін рухани кешіне айналған “Avangard” поэтикалық жобасының жетінші кездесуі биыл “Біз сағынған көктем” тақырыбымен өріліп, көрермен жүрегіне көктемнің лебін, жырдың жылуын бірге ала келді.
Жыл сайын қарашаның қоңыр салқынында өтетін жоба бұл жолы дәстүрге сәл өзгеріс енгізіп, гүл көмкерген көктем мезгілінде ұйымдастырылды. Сахна төріндегі гүлденген жүрек – кештің символына айналып, көрерменді бірден нәзік әлемге жетеледі.
Кештің шымылдығы “Тағзым” бөлімімен түріліп, қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері – Нарша Қашағанұлы, Серік Томанов, Тынышбай Рахым, Күләш Ахметова және жақында ғана дүниеден озған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесін еске алумен басталды.
Сахнадан Нарша Қашағанұлының ел мен өмір туралы терең толғаныстарға толы жырлары оқылып, ақынның сөзіне жазылған Әуезхан Салабековтің “Хат жазып тұр” әні Ерсұлтан Құралбекұлының орындауында шырқалды. Ақынның “Өлеңдерім – халқыма жазған хаттарым” деп келетін сырлы шумақтары кешке жиналған қауымды бір сәт терең ойға жетеледі.
Серік Томановтың мұң мен махаббат астасқан лирикасы да сахна төрінен ерекше әсермен оқылды. Ақынның “Ләйлі барда өмірде қайғы да бар…” деп басталатын өлеңі көрермен көңілін толқытса, оның сөзіне жазылған Ербол Спаналиевтің “Құс қанат ғұмыр” әнін Жанболат Таласбай орындап, кештің эмоциялық өрісін тереңдете түсті.
Ал Тынышбай Рахымның поэзиясы мен сазгерлік болмысы қатар өріліп, оның “Алтайдың ар жағынан келген ару” әні Саят Тұрдалыұлының орындауында көрерменге жол тартты. Ақынның жастық, махаббат, сезім жайлы жырлары мен әндері кештің лирикалық арнасын байыта түсті.
Күләш Ахметованың нәзік әлемі де ерекше ықыласпен еске алынды. Ақынның сөзіне жазылған Баян Нұрмышеваның “Жақсылықтың бағасы” әнін Балауса Бисен орындап, аналық мейірім мен адамгершілік тақырыбын әсем әуенмен өрнектеді. Күләш жырларының “ананың әлдиіндей ыстық” табиғаты кешке келген көптің көңілінен орын тапты.
Мұхтар Шахановтың өр рухты поэзиясы да назардан тыс қалмады. Ақын сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың “Өмір өзен” әнін Орынбасар Бақытұлы орындап, көрерменді бірге қосылып айтуға жетелеген әсерлі сәттердің біріне айналды.
Кеш тізгінін жоба авторы, ақын Арайлы Жақсылық ұстады. Ал “Авангард” идеясының негізін қалаушы Файзулла Төлтай сахнаға көтеріліп, жыр оқып, жобаның рухани сабақтастығы мен уақытпен бірге тереңдей түскен мазмұнын айқындады.
Еске алу бөлімінде Азамат Есалы, Эльмира Мырза-Ғали, Еркін Томанов, Таңат Рахым сынды кеш басында есімі ұлықталған ақындарға жақын жандар сахнаға шығып, естеліктерімен бөлісіп, өлең оқыды.
Кештің екінші бөлімі дәстүрлі түрде еркін форматта жалғасып, қазіргі жамбылдық ақындардың жаңа тынысы, заманауи поэзиядағы ізденістері көрініс тапты. Данияр Әлімқұл, Табиғат Абаилдаев, Нұржан Қадырәлі, Ғайникен Маралтайқызы, Назерке Оңғар, Нұрсұлтан Рахымбай, Ғалия Абылай, Бауыржан Асқарұлы, Нұрбақыт Мұсаттилада сынды ақындар авторлық туындыларын оқып, поэзиядағы бүгінгі буынның үні мен болмысын танытты.
К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Бекарыс Көштаев кеш барысында Мэлс Өзбековтің “Келші, Айым” әнін және Серік Томановтың сөзіне жазылған Сәрсенбек Бәкірдің “Соғады сен деп жүрегім” әнін тамылжыта орындап, көрермен көңілін тербетті. Ал Ерұлан Бахыт пен Ерсұлтан Құралбекұлының жанды музыкалық сүйемелі кештің көркемдік қуатын арттырып, поэтикалық атмосфераға ерекше рең сыйлады.
Жеті жылдан бері үзілмей жалғасып келе жатқан “Авангард” – тек поэзия кеші ғана емес, еркін ой мен жаңа эстетиканың алаңына айналған жоба екенін бұл жолы да дәлелдеді.
Кештің жоғары деңгейде өтуіне Жуалы ауданының әкімі Әлижан Мұртаза бас демеушілік танытып, қолдау білдірді. Сондай-ақ Азамат Лесбек, Ерғали Әбуғали, Еркін Әбдиев сынды жастар саясатының белсенді өкілдері де демеушілер қатарынан табылды.
Кеш соңында көктемгі стиль мен эстетиканы үйлестіре білген үздік дресс-код иелеріне арнайы сыйлықтар табысталып, “Авангардтың” көркем атмосферасы сән мен талғам үйлесімімен түйінделді.
Осылайша, “Біз сағынған көктем” – тек мезгіл атауы емес, жүректегі үміттің, жырға деген іңкәрліктің, рухани жаңғырудың символына айналып, Тараз төрінде тағы бір мәрте поэзияның мәңгілік екенін дәлелдеді.
Ғалия Абылай