Облыс әкімі шет елдік инвесторлармен кездесті
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли «Huocheng County Weiye Real Estate Development Co Ltd» компаниясының бас директоры Инь Цзяньхуа бастаған делегациямен кездесті. Жиынға тиісті басқарма басшылары, «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Отбасы банк» өңірлік филиалының жетекшілері қатысты.

Кездесу барысында Семей қаласының жаңа ықшам аудандарында тұрғын үй салу мәселесі талқыланды.

Облыс әкімі кездесуде құрылыс саласын дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі – сапалы әрі қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыру екенін атап өтіп, шет елдік инвесторлармен тұрғын үй салу бағытында жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
Шет елдік компания өкілдері кездесуде Семей қаласында тұрғын үй құрылысын жүргізуге дайын екенін жеткізді.
«Семейдің қарқынды дамып келе жатқан қала екенін байқадық. Біз заманауи, ақылды технологияларды пайдалана отырып, сапалы тұрғын үйлер салуға әзірміз. Қажетті құжаттар рәсімделген жағдайда жұмысты бастауға дайынбыз», – деді Инь Цзяньхуа.
Кездесу қорытындысы бойынша аймақ басшысы тиісті басқармалар мен Семей қаласының әкімдігіне инвесторларға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
«Семей қаласына заманауи тұрғын үйлер салу – өте өзекті мәселе. Бұл ретте Абай облысы қытайлық инвесторлармен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Өңірімізге келгендеріңізге рақмет. Тұрғын үй құрылысы саласын бірлесіп дамытуға және ұзақ мерзімді, өзара тиімді әріптестік орнатуға әзірміз», – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ