Спорт алаңында-ардагерлер

0 46
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында және Ұлы отан соғысындағы Жеңіс күніне орай «Ұлы жеңіс-ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты ұранмен аудан ардагерлері арасында аудандық спартакиада өтті.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған шарада қала және ауылдық округтерден келген еңбек ардагерлері асық ату, дойбы, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ және бильярд сынды спорт түрлерінен бақ сынады.
Дәстүрлі спартакиаданың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, аудандық арда­герлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Әр спорт түрі бойынша бәсекеге түскен ардагерлерге артылған сенім жоғары. Өйткені, тұғыр биігінен көрініп, үздік деп танылған спортшы облыстық спартакиадада бақ сынайтын болады. Содан болар, ойындар өте тартысты жағдайда өрбіді. Жарысқа қатысушылардың жекелеген спорт түрлері бойынша бұдан бұрын да жолдары түйіскен. Бір-бірінің шеберліктері мен әдістеріне қанық бола тұра, намысты қолдан бермей, жарыстың қызықты өтуіне өз үлестерін қосты. Бейнеттің зейнетін тататын, аталы жасқа жетсе де қайраты мен жігерінің, зейіні мен қабілетінің қайтпағанын спартакиада барысында дәлелдеп берді.
Жалпы спорт түрлерінің тізімінде бар волейбол командалық ойын әрі уақытты қажет ететіндіктен қатысушылардың келісімімен күні бұрын өткізілді. Бұл жолы ардагерлер жоғарыда аталған 6 спорт түрі бойынша өзара бақ сынады.
Аудан әкімінің орынбасары Дәулет Төленді, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жасқайрат Шейренов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов спартакиадада үздік деп танылған ардагерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтың сертификаттарын тапсырды.
Спорт түрлері бойынша жеңімпаз атанған ардагерлер 13-14 мамыр күндері Тараз қаласында өтетін облыстық спартакиадада ауданның намысын қорғайтын болады.
Талас ауданы
Leave A Reply

Your email address will not be published.