Ойықтан одақтық ғылым Олимпіне көтерілген оқымысты

0 530

«Менің түрік тілдерімен таныстығым қазақ даласының бір түкпірі – Жамбыл облысының Талас ауданында екі жыл еңбек еткенде басталған еді», – дейді жасы 85-тен асқан мәскеулік ғылым докторы И.Добродомов.

2006 жылғы 26 желтоқсандағы ғаламтор бетіне жарияланған «Орыс тіліндегі «тюркизмдер»» деген материалдағы осы жолдар мені ерекше қызықтырды. Алғаш толқып, таңғалдым.Таныс емес есім. «Кім болды екен? Қай жерде туып-өсті? Жамбыл жеріне қайдан келіп, қандай қызмет атқарған?» деген ой мазалады. Ұзақ уақыт жоғын іздеген жолаушыдай алаң көңілмен күй кештім.

Арада зулап жылдар өтті. Алайда әлгі есім сананың бір түкпірінде қалып кетті. Өткен жылдың күзінде ғаламторды парақтап отырғанда Игорь Георгиевич Добродомовтың есімі алдымнан қайта шықты. Әуелі аты-жөні ұқсас біреу шығар деп онша мән бермедім.Тездетіп өмір жолына көз жүгірттім. 1935 жылы өмірге келген. Туған жері Сібір аумағы. Кейінірек Курск облысына қарасты Ракитное жұмысшылар кентінде мектепті бітірген. Мәскеу мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Біздің Қазақстанға мүлде қатысы жоқ тәрізді.

Ия, әрмен қарай оқи түстім. Міне қызық! «1959 жылы университет бітіргеннен кейін «Жамбыл облысының Талас ауданындағы Ойық орта мектебінде екі жыл мұғалім болып қызмет істеген» деген жазу көзіме оттай басылды. «Іздеген жетер мұратқа» деген осы! Көптен бері ойдан шықпай жүрген адамның тап өзі. Ойда-жоқта жоғалтқанымды тапқандай қатты қуандым. Әрине, журналист ретінде мені алыстағы Ойық ауылында еңбек жолын бастаған қарапайым мұғалімнің одақтық ғылым көкжиегінен көрінуі ерекше толғандырды.
Бұрын қазақ жерімен, қазақ ұлтымен үш қайнаса да сорпасы қосылмаған орыс жігітінің кіндігі бұл жермен қалай байланысқан? Енді сол жағына ойысайық. Кеңес кезеңінде жоғары оқу орнын бітірген әр түлек өз қалаған жағына бара алмайтын. Алдымен Арнайы орта және жоғары оқу орындары министрлігінен немесе салалық министрліктерден институттарға сұраныс түседі.Ол оқу орнында құрылған комиссия отырысында қаралып, жан-жаққа бөлінеді. Бұл жерде тамыр-таныстық деген жүрмейді, кімнің қайда баратынын аталмыш комиссия ең соңғы минуттарда шешеді. Жолдама алу – студент өміріндегі ең шешуші сәт. Кеңес одағындағы маңдайалды білім ордасының түлегі И.Добродомов осылай шалғайда жатқан қазақ ауылына қолына тиген жолдама арқылы тап болады.

Оны қандай орта күтіп тұрды? Әуелі осы мәселенің бетін ашып алайық. Ол кезде Ойық ауылы – облыс орталығынан 130 шақырым қашықтықтағы қиян шеттегі елді мекен. Жол нашар, автобус орнына күніне бір рет «Газ-51» маркалы жүк таксиі қатынайды. Мәдениет орны жоққа тән. Содан бір жыл бұрын төңіректегі ірілі-уақты төрт-бес колхоздың басы қосылып, совхоз шаңырақ көтерген. Мұнда орыс-қазақ сыныбы аралас орта мектеп те кейінгі жылдарда жұмыс істей бастаған. Одақтың астанасы Мәскеу университетінің бітірушісін жіберудегі мақсат – білім ұясының кадр құрамын нығайту екені даусыз.
Әрине, университет түлегі мынадай жер түбіне тап болғанына қуана қоймағаны анық.Тұрғындардың дені – қазақ. Жергілікті халық арасында орыс тілін білетіндер некен-саяқ. Мұнда аздаған орыс және неміс отбасылары тұрады. Олардың бәрі дерлік механизация мен құрылыс саласында еңбек етеді. Бірауыз қазақша сөз білмейтін университет түлегі алғаш осы орыстілді ортамен араласты.

Болашақ ғалымның еңбек жолын Ойық ауылынан бастағанына көз жеткен бойда жерден жеті қоян тапқандай қуандық. «Ең қажетті дерек қолда тұр. Енді шәкірттерін тауып, әңгімені ширату ғана қалды» деген оймен өзім білетін ескі таныстарға хабарласа бастадым. Көп ұзамай өрекпіген көңіл су сепкендей басылды. О баста мен ешкімге бағынбайтын, бой бермес «уақыт факторын» есепке алмаған екенмін. Мәскеулік мұғалім Ойық мектебінде сабақ бергеннен бері қарай алпыс жылдан аса мезгіл өтіпті. Содан бері талай су ақты. «Елу жылда – ел жаңа..,» демекші, ұрпақ жаңарған. Біз шарқ ұрып іздеп жүрген ұстаздың көзін көрген шәкірттерінің алды сексеннің сеңгіріне иек артқан. Олардың көбісі келместің кемесімен өмірден өткелі қашан. Көзі тірісінің біразы сыртта.

Сұрастыра келе, 1958-1960 жылдары сол мектепте оқыған шәкірттердің бірі – кезінде аудандық Кеңес атқару комитетін басқарған, кейіннен аудан әкімінің орынбасары болып ұзақ жыл қызмет еткен Тыныс Сейдуановпен тілдесудің сәті түсті. Ол кісі былай деп еске алды:
– Игорь Георгиевич алғаш 1958-59 оқу жылында бізге ұстаз болып келді. Мәскеудегі Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің түлегі екенін естігенде қайран қалдық. Мамандығы – орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі. МГУ – Одақтағы ең шоқтығы биік, мәртебесі жоғары оқу орны. Дабысы жер жарып тұр. Анда-санда киножурналдардан көріп қалатын университет қалашығының өзі неге тұрады. Біздің 9-сынып есігін ашқан кезіміз. Мектеп директоры – Смағұл Молдабеков.

Бұл пәннен Алматыда оқу бітірген Уәли Кенжебеков ағамыз да сабақ берді. Мектепте 9 класс (қазіргіше – сынып) екеу. Біздің сыныпқа Мәскеуден келген мұғалім сабақ берді. Өте мәдениетті жан. Сөзін сәл-пәл кібіртіктей бастап, бауыры қызған соң қарқынын үдеткен жүйріктей жүйткіп кететін. Екі жыл сабақ бергенде біреуге ренжіп немесе дауыс көтергенін естіген емеспіз. Сабақты байыппен, әдемі мәнермен түсіндіреді. Орыс әдебиеті жайлы оқулықтан тыс көптеген мағлұматтар беріп, қызықтыра түсетін, – деп сөзін аяқтады Т.Сейдуанов. Дегенмен ол да көп нәрсені ұмытқан, қапелімде еске түсіре алмады.
Олармен бірге оқығандар арасында Шынәлі Дербісәлиев, Жайлан Қалдарбеков, Көпбосын Маемеров, Болат Сариев, Кенже Исақов және тағы басқа шәкірттер болған екен.
Өкінішке қарай, 1959 жылы мектеп тәмамдаған түлектерді кезіктірмедік.
Кейіпкер жайлы көбірек білмек ниетпен басқа да таныстарымды сөзге тарттым. Соның бірі – мектепті 1961 жылы бітірген Қыдырбек Әділов. Мамандығы – педагог. Ол Мәскеуден келген мұғалімнен дәріс алмаған, бірақ сырттан жақсы білетін болып шықты. Бой-басы, киім киісі, жүріс-тұрысы әлі күнге көз алдында.
– Орыс тілінен сабақ беретін мұғалім өзгелерге мүлде ұқсамайтын. Сондықтан да жадымызда сақталып қалды.Ұзын бойлы, ұяң толқын шашты, қалыңдау қасты, көзілдірігін үнемі тағып алатын. Ұстаздың тағы бір ерекшелігі –
қысы-жазы жалаңбас жүретін. Біздің жақта қыс аса қатты. Шыңылтыр аяз құлақ түгіл, бетті де қарып түседі. Өңменнен өтетін суыққа қалай шыдайтынына таңбыз.Ұстазымыздың киім-киісі, жүріс-тұрысы, мінезі ауыл жастарына кереметтей үлгі болды. Жоғары сыныпқа барғанда біздің қатарларымыз сол кісіге еліктеп бой түзеді, – дейді ол.
Қыдырбектен кейінгі тілдескенім – Қалдарбек Құрманәлиев. Ол 1962-1963 оқу жылының түлегі. Мамандығы –
орман инженері. Добродомовты ұмытпапты, бірақ тікелей тәлім алмаған. Екеуі де өз әңгімелерінде елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында мектепке Ресейдің ірі қалаларынан, Қазақстанның өзге өңірлерінен жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар көптеп келе бастағанын айтады.
– Игорь ағай кеткен соң, орнына орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Алла Анатольевна Колесникова, француз тілінен Надежда Федоровна Сколозуб сияқты ұстаздар сабақ берді. Сол жылдары институтты жаңа бітіріп келген көптеген жас ұстаздардан тәлім алдық, – дейді Қ.Құрманәлиев.

Осындай педогогтардан білім нәрін алып, орыс тілі мен шетел тілдерін толық болмаса да біршама меңгерген алыс ауыл шәкірттері көштен қалған жоқ. Мемлекеттік емтиханға енген міндетті пәндердің бірі – орыс әдебиетінен шығарма жазу. Соған қарамастан, түлектердің көбі жоғары оқу орындарына еш кедергісіз қабылданды. Сол жылдарда мектеп бітіргендердің 60-70 пайызы оқу орындарына түсті. Мысалға айтар болсақ, әлгінде аты аталған Т.Сейдуанов Алматы зооветеринарлық институтын бітіріп, Қостанай облысында, одан кейін Шу ауданында еңбек етіп, туған жерге сексенінші жылдардың басында оралды. Оның жерлесі Жайлан Қалдарбеков те (екеуі де «Кеңес» совхозынан) зооветинститутты тәмамдады. Қаратау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Маңғыстау облысындағы Ералиев аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына көтерілді. Сол сияқты Болат Сариев құрылыс инженері, Көпбосын Маемеров есеп қызметкері, Кенже Исақов сауда саласы мамандықтарын меңгерді.

Одақтық оқу министрінің арнайы жолдамасымен орталықтан шалғайдағы шағын ауылда еңбек жолын бастаған жас ұстаздың жүрегіне аз уақытта қазақ халқына, оның тіліне деген құрмет сезімі орнықты. Ақкөңіл, адал, қарапайым адамдардың ықылас-ниетіне өте риза. Соның нәтижесінде Игорь Георгиевич бейтаныс тілді тез үйреніп, жергілікті ұлт өкілдерімен ана тілінде сөйлесе бастады. Бұған осы тілдің ауылда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы ұлтаралық тіл ретінде қалыптасуы да түрткі болды. Орыстар, әсіресе немістер сәл акцентпен сөйлегенімен, бірақ қазақшаға «судай». Жаңа таныстарына еліктеген Игорь екі жылда жергілікті тілде біршама тәуір сөйлесетін дәрежеге жетті.
Жас жігіт ол кезде қазақ тілі арқылы түркі тілдеріне алтын көпір қалағанын пайымдай алмаған. Оның қалған саналы өміріне азық, талмас талабына қанат болатынын аңдаған жоқ. Қасиетті қазақ тілі жас жігітті желеп-жебеді. Егер осы тілді білмегенде ғылымның сара жолындағы бағы ешқашан ашылмас еді. Бәлкім, Мәскеуден шалғайдағы мектептің бірінде мұғалім болып жүре берер ме еді, кім білсін?!
Иә, қазақ тілінің жарық сәулесі 1960 жылы мерзімді уақыты бітіп, Мәскеуге оралғанда бірден тиді. Бұрын университетте дәріс берген ұстазы, көрнекті Кеңес лингвисі, КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Рубен Иванович Аванесовпен жүздесіп, өзінің болашағы жайлы пікір алмасты. Таулы Қарабахтың орталығы Шуша (әзірбайжан халқының мәдени орталығы болған) қаласында туып, көрші тұратын әзірбайжандық қатарларымен бірге ойнаған армян баласы екі тілде еркін сөйлейтін. Сондықтан мамандығы орыс тілі болса да түркі тілдеріне ерекше бүйрегі бұрып тұрды. Осы тілдер саласында шәкірт даярлау ойда жүрген. Көрген-түйгені мол ұстаз шәкіртінің қазақ ауылында тұрып, олардың тілін едәуір меңгергенін естіген соң жақсы бір ойдың ұштығын шығарып, болашақ жолының шамын жақты.
– Бүгінде орыс тілін зерттейтін ғалымдар жеткілікті. Оның тарихы мен түрлі қызметіне қатысты тақырыптар жан-жақты зерттелген. Сен бұл салаға тұмсығыңды сұға алмайсың. Аспирантураға түскісі келген талапкер көп, орын аз. Қаншалықты қалап тұрсам да көмек бере алмаймын. Ал тюркологияны зерттеуге құлқың болса, онда ойластырып көрейін, – деген ұстаз шәкіртіне алдағы мамандық бағытын меңзеді. Өзі ғылыми жұмысқа жетекшілік етуге уәде берді.
Беделді ғалым іле-шала шәкіртінің Ғылым академиясы жанындағы Орыс тілі институтының аспирантурасына түсуіне ықпал етті. Оны бітіріп шыққан жас жігіт 1963 жылы Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде бір жыл қызмет істеген соң Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетіне біржолата орын тепті. Сол оқу орнында алпыс жылға жуық ұстаздық және зерттеушілік қызметін қатар атқарды. 1980 жылдан университеттегі жалпы тіл білімі кафедрасына жетекшілік жасады.
Талапты аспирант 1966 жылы «Көне орыс тілінде («Повесть временных лет» материалдары бойынша) түрік тектес лексика тарихының пайда болуы» тақырыбында кандидаттық қорғады. Араға сегіз жыл салып, яғни 1974 жылы «Славян тілдеріндегі булгар лексикалық элементтері мәселелерінің зерттелуі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Жас ғалым Ойық орта мектебінде жүргенде қазақ тілін үйренуінің нәтижесінде басқа да түркі тілдерін тез игерді. Осы саладағы білімін тереңдете түсу арқылы осыдан он ғасырдай бұрын жойылып кеткен бұлғар диалектісімен туыстас бүгінгі шұбаш тілі материалдарын зерттеуді қолға алды.
Профессор И.Добродомовтың ғылыми қызығушылық аясы сан алуан.
Ол түрік-славян тілдік қатынастары жайлы терең зерттеп,түркі тілдерінің Шығыс Еуропа халықтарының тарихын зерделеуге қатысты орны мен орыс лингвистикасымен байланысын жан-жақты зерттеумен шұғылданды. «Шұбаш-бұлғар сөздігін» қайта қалыптастыруға ықпалын тигізді. Жоғалған сөздер мен өзге (славян, фин-угор, кавказ тағы басқа) тілдерге енген лексемдерді іздеп тауып, шұбаш-бұлғар сөздігін қайта жаңғыртуға жол ашты. Сол сияқты бірқатар шұбаш сөзінің шығу тегіне қатысты ұсыныстар енгізді.
Лингвист ғалым бұдан бөлек «Көне славян тілі құрамындағы байырғы түрік сөздерін зерттеу әдістемесі: «Жемчуг» сөзінің тарихы»; «Орыс тіліндегі «тюркизмдерді» зерттеудің кейбір мәселелері»; «Көне орыс этнонимінен енген екі бұлғар сөзі; «Тмутаракань және Тамань»; «Карта бетіндегі бұлғар ізі»; «Лингвистикалық ареал және тауар-ақша қатынасы (Шығыс Еуропа мен Орта Азия тілдеріндегі кейбір ақша бірліктері атауының тарихы); «Байырғы орыс әдебиетіндегі қыпшақ этнонимі туралы»; «Металл ақша бетіндегі қайталама руникалық жазулар және байырғы Енисей түріктерінің ақша қатынасы мәселелері» атты сүбелі материалдар жазды. Ғалымның бас-аяғы 500-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген.
Қазақстаннан қол үзіп, алыс кетсе де Игорь Георгиевичтің шәкірттері оны ұмытпай, жүректерінің түкпірінде сақтап келді. Соның бірі – Амантай Біртанов. Мамандығы дәрігер-хирург, өресі биік, дүниетанымы кең, тек медицина саласы ғана емес, барша жұртқа жағымды, адамгершілік қасиеті мол, елгезек, шынында, адам жанына арашашы бола білген шипагер жан еді. Сексенінші жылдардың бас жағында астанадағы санаторийге жетекшілік етті. Ұзақ жыл Алматыдағы жедел жәрдем ауруханасын басқарды.
Амантай бірде Мәскеу қаласына қызметтік сапармен барғанда мектепте сабақ берген ұстазын арнайы іздеп барып сәлемдеседі. Әрине, алыстан ат терлетіп келген шәкіртін көргендегі Игорь Георгиевичтің көңіл күйін көз алдымызға келтіру қиын. Марқайып қалғаны анық. Талай нәрсе еске алынып, көп жайларды қозғаған шығар. Әттең, олардың кездесу үстіндегі әсерлі сәт, көңіл ауанын біле алмаймыз. «Елім» деп соққан ұлтжанды Амантайдың жүрегі соқпағалы да он жылдан асты.
Мәскеулік мұғалімнің Ойық жерімен қоштасқалы да алпыс жылдан асты. Кешегі ауыл ұстазының жасы сексеннің тең жарымынан ауды. 2020 жылдың 10 қазаны күні Мәскеудің лингвист ғалымдары филология ғылымдарының докторы, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің Құрметті профессоры, МПГУ-дың Филология институтындағы «Жалпы тіл білімі» кафедрасына ұзақ жылдар жетекшілік еткен тіл білімінің корифейі – Игорь Георгиевич Добродомовты 85 жасқа толуымен құттықтады. Өзінің жан-жақты таным-түсінігі мен сирек кезігетін зеректігі арқасында Игорь Георгиевич тіл білімінің – русистика және тюркология салаларын қоса зерттеді. Көптеген мақалалары ғылымға шын берілген адал еңбегінің, зерделі ақыл-ойының, Құдай берген лингвистикалық таланты арқасында ғылыми прозада қалыптасқан аса қысқа жанрының үлгісіне айналды. Ақиқатты талмай іздеу, ақыл-ойдың айқындығы, сезімнің күш-қуаты нәтижесінде Игорь Георгиевич кафедра мен Филология институтындағы әріптестерінің құрметіне ие болды.
Осы мақаланы жазудағы мақсат – өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғына қарай қасиетті Жамбыл жерінде еңбек етіп, шәкірттерінің жүрегінде із қалдырған, ғылымға барар жолын қазақ тілі арқылы айқындаған, кешегі ауыл мұғалімінің шығармашылық соқпағымен, жеткен биігімен таныстыру. Ойықтан одақтық ғылым Олимпіне көтерілген оқымыстының атын ардақтап, есімін жас ұрпақтың жадында қалдырсақ деген ойдан туған ізгі ниет.

Қамбар-Бек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, журналист,
Тараз қаласы

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.