Тұрмыстық зорлық-зомбылықты тыю қажет

0 80

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында «…Отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек» деп отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейту туралы құқық қорғау органдарына нақты тапсырма берген болатын.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, елі­мізде жылына 20 мыңға жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болады. Оған әр отбасындағы себеп те, салдар да көп. Дәл қазіргі уақытта ерлі-зайыптылар арасындағыотбасылық мәселенің бірі — ер-азаматтардың ішімдікке тәуелділігі салдарынан талай шаңырақ шайқалып, балалар зардап шегуде, тіпті кей жағдайларда ауыр қылмыстың орын алуына әкеліп соғуда.

Елі­мізде ұрып-соғу және ден­саулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру құқық бұзу­шылықтары Қылмыстық кодек­стен Әкім­ші­лік құқық бұзу­шылықтар туралы кодекске бірнеше рет ауысты­рыл­ды. Бұл әкімшілік жауап­кер­шілік шеңберінде осы құқық бұзушылықтардың анық­­талуын арттырды.

Жыл сайын полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңнан аса шағым түседі екен. ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 35 мыңнан аса шағым түскен.

БҰҰ есебінше, жыл сайын Қазақстанда 400 әйел қарым-қатынастағы ер адамның қолынан қаза табады.

Әрбір әйел – отбасының ұйытқысы. Өкінішке орай, қазіргі уақытта әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттері жиі орын алуда. Оған отбасындағы әйелге былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және ұрып-соғу, соның салдарынан тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істер санының азай­мауы дәлел.

2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 99 мыңнан астам арыз түсіп, балаларға қатысты 2452 қылмыс жасалған.

Президенттің тапсырма­сы­мен Парламент депутаттары Қылмыстық Кодекске тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауап­кер­шілікті қатаңдату бойынша заңнамалық өзгерістер енгізді.

2024жылы 28 ақпанда Мәжіліс мақұлдаған Заң жобасына сай, педофилия және баланы өлтіру қылмысына өмір бойына соттау жазасы белгіленеді.Құжатта денсаулыққа жеңіл, орташа және ауыр залал келтіруге енді қылмыстық жаза қарастырылған.Денсаулыққа орташа зақым келтіргендерді 2 жыл басбостандығынан айыру, ауыр зақым келтіргендерді 3-8 жыл бас бостандығынан айыру көзделеді.

Ал, денсаулыққа жеңіл зақым келтіргені үшін 200 АЕК (738 мың теңге) айыппұл немесе 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегу не 50 күнге қамау жазасы,ал қол көтергені үшін 80 АЕК (295 мың теңге) айыппұл не 80 сағат қоғамдық жұмыс немесе 25 күнге қамау тағайындалуы мүмкін.Бұған дейін заңда 15 АЕК (55400 теңге) және 15 күнге қамау жазасы болған еді.

Жанжал­дас­қан тараптар арасын­дағы татуласу процедурасы да қа­таң­­да­тылған. Қазір тек бір рет қана, оның өзінде сотта ғана тату­ла­суға мүмкіндік бері­ле­ді. Ал бұрын татуласу санында шектеу жоқ болатын. Сондай-ақ бұған дейін зәбір көр­ген адамның өзінен арыз бол­маса, полиция іс қозғай алмайтын еді. Соның салдарынан оқиғалардың 60 па­йызында жанжалқойлар жазадан құтылып кететін. Енді полиция қызметкері кез келген адамның хабарлауы бойынша оқиға орнында әкімшілік іс қоз­ғай алатын болды.

Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік және экономикалық жағдайы төмен, жұмыссыз, нашар отбасыларда болады деген пікір қалыптасса, албірақ жантүршігерлік жағдайлар мемлекеттік қызметкерлердің, халықты қорғайтын полиция қызметкерлерінің де отбасында  орын алуы әбден мүмкін екендігінің дәлелі — қоғамның талқысына түсіп, наразылығын тудырған бірнеше атышулы істер, елді дүрліктірген экс-министр Бишімбаевтің ісі.

Отбасын саналы түрде құрған ер азамат отбасы алдындағы жауапкершілікті сезініп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеуі тиіс. Қазақ халқы әйел адамды қашанда құрметтеп, орны ерекше деп бағалаған. Ана деп ардақтап, қарын­дас деп еркелеткен. Ер-азаматтың тірегі, қам­қоршысы болған әйелдер қамық­қан­да сүйеу, тарыққанда тіреу, қам кө­ңілге жұбаныш бола білген. «Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабаларымыз ананы да, баланы да ұрмай-соқпай ақылмен басқара білген.

Мемлекетіміздің негізгі заңы – Конституцияда атап көрсетілгендей, «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды».

Сондықтан әр отбасында шаңырақтың берекесі әйел затының қамқоршысы болуы тиіс ер­лер­дің «жұдырыққа емес», Абай атамыз айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» пәрменімен әрекет еткені жөн. Қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар кімді болса да алаңдатпай қоймасы анық. «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі қоғам үшін қашан да маңызды.

Бүгінгі таңда үлгілі отбасын құру, бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық болып еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосу, қызмет ету – баршамызға ортақ міндет!

Жанар Орынбаева,
Тараз қаласы әкімдігі жанындағы
әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат
жөніндегі комиссияның мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.