Қырғызстанда салық қызметі блогерлерді тексере ме?

0 2
Қырғызстандық сарапшы Қазақстан мен Ресейдегі блогерлерге қатысты жағдайға пікір білдірді.

Қырғызстандағы ахуал

Салық қызметінің басшысы Алмамбет Шықмаматовтың айтуынша, Қырғызстанда блогерлердің шығармашылық индустриялар паркінің резиденті болуға және арнайы немесе жалпы салық режимін таңдауға мүмкіндігі бар.

«Менің ойымша, блогерлерге салықпен қысым жасамауымыз керек. Олар маңызды әлеуметтік функцияны орындап отыр», — деді Салық қызметінің басшысы.

Оның айтуынша, парк резиденттері сақтандыру жарнасын төлеуден 15 жылға босатылады. Жалпы салық режимін таңдаған жағдайда олар жалдамалы қызметкерлердің табысынан 5 пайыз мөлшерде табыс салығын төлеуге тиіс, ал резидент еместер үшін бұл көрсеткіш — 10 пайыз.

Арнайы салық режимін таңдаған жағдайда (бірыңғай салық негізінде жеңілдетілген салық салу жүйесі) парктің резидент блогерлері 2027 жылға дейінгі кірістің 1 пайызын төлейді, содан кейін мөлшерлеме 2 пайызға өседі, сонымен қатар, 5 пайыз табыс салығы болады.

«Бұл өте ыңғайлы. Салықтан толық босату — қате стратегия», — деді Алмамбет Шықмаматов.

Салық қызметі басшысының айтуынша, блогерлік — енді дамып келе жатқан жаңа қызмет түрі. Оның пайымдауынша, Қырғызстандағы блогинг нарығы Ресей мен Қазақстанға қарағанда шағын, жергілікті блогерлердің табысы да айтарлықтай төмен.

«Блогерлер көбіне ақпарат таратумен және ағартушылықпен айналысады. Қазіргі күйзеліс кезеңінде ойын-сауық контенті де қоғамның психологиялық жағдайы үшін өте маңызды. Жастарымыз блогерлердің өмірін бақылап, оларды қайталап, қандай да бір экстремистік ағымдардың ықпалына түскеннен гөрі блогерлер сияқты болуға ұмтылсын. Сондықтан блогосфераны дамытуды қос қолдап қолдаймын. Әртүрлі қызық, танымдық, мотивация беретін контенті бар блогер көп болсын, ал мемлекет олардың одақтасы, серіктесі болып, оларға көмектессін», — деді Алмамбет Шықмаматов.

Қазақстандағы жағдай

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық блогерлерге 53 млрд теңге төлеуге бір ай уақыт берілді. Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 594 адам кірісін жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендеткен. Енді блогерлер нақтыланған салық есебін тапсырып, салық төлеуі керек немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруі қажет.

Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова салық органдарына қазақстандықтардан шағым түскенін мәлімдеді. Ол блогерлерге хабарламалар 2025 жылғы ақпанда 2022 және 2023 жылдардағы деректерді талдау нәтижесінде жіберілгенін айтты.

Мемлекеттік кірістер комитеті бұдан кейін де әлеуметтік желілерде тарап кеткен блогерлердің тізімі мен олардың табысы туралы ақпаратқа пікір білдіріп, бұл тізім ресми құжат емес екенін және жүргізіліп жатқан салық тексерісіне қатысы жоқ екенін айтты.

Артынша Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлерге қатысты тағы бір мәлімдеме жасап, 19 ақпанда жалпы сомасы 9,8 млрд. теңгеге 93 блогерге жіберілген 169 хабарлама кері қайтарылғанын хабарлады.

Massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.