Ол 2014 жылы құрылғаннан бастап Ұлттық банк қарамағында жұмыс істеді. 2020 жылдан бастап комиссияның жұмыс органы Жоғары аудиторлық палата болды. Енді Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында комиссияның қызметі жаңартылған форматта және жаңа құраммен жалғаспақ.
Ұзақ үзілістен кейін 21 ақпанда Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Жоғары аудиторлық палатада комиссияның отырысы өтті. Жиынға Президент әкімшілігінің, Ұлттық банктің, Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің лауазымды тұлғалары, Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары және т.б. қатысты.
Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық қордың ерекше рөлі мен маңызы туралы айтты.
«Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет», — деді Президент.
Отырыс барысында комиссия төрағасы Әлихан Смайылов Ұлттық қор қаражатын жұмсаудың заңдылығы мен тиімділігіне мониторинг жүргізу тәсілдері өзектендірілетінін айтты.
«Комиссияның жұмысын қайта бастауымыз керек. Ведомствоаралық іс-қимыл мен Ұлттық қор қаражатының тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін жауапкершілік аймақтарын нақты айқындау қажет», — деді Әлихан Смайылов.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына байланысты да жұртшылықтың Ұлттық қорды ұтымды пайдалануға назары күшейіп отыр.
«Ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауға тиіс. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды», — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Әлихан Смайылов алдағы кезеңге арналған міндеттерді атап өтті:
- Ұлттық қордан экономиканы жеңілдетілген шарттармен қолдауға бөлінген қаражатқа тексеру жүргізу;
- Ұлттық қор қаражатын неғұрлым басым бағыттарға қайта бөлу немесе оларды қайтару жөнінде ұсыныстар беру.
Отырыс барысында комиссия құрамын жаңарту, оның қызметін жаңа форматта регламенттеу, қорытындылардың сапасын арттыру және т. б. мәселелер талқыланды.
ҚР Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия консультативтік-кеңесші орган саналады. Ол ҚР Президентінің өкімімен 2014 жылы құрылған.