Көпжақты келісімдердің көкжиегі кең

0 29
Қазақстан бүгінде алыс-жақын мемлекеттермен саяси және сауда экономикалық ықпалдастықты кеңейту бағытындағы ауқымды жұмыстарды жүйелі жалғастырып келеді. Әлемнің 130 дан астам елімен сауда-саттық жасайтын еліміздің экономикасы үшін мұндай тұрақты әрі көпжақты ынтымақтастықтың маңызы зор. Сондықтан шет мемлекеттермен қарым-қатынастың барлық салада қарқынды дамуын жаңа деңгейге көтеру үшін түрлі кездесулер мен форумдарда жасалатын көпжақты келісімдердің дамушы елдер қатарындағы Қазақстанға берері мол екені даусыз. Өзге мемлекеттермен неғұрлым көбірек ынтымақтастық орнату бағытын ұстанған елімізде жыл сайын түрлі тақырыптағы саммит-форумдар өтіп, көптеген белді мемлекеттердің беделді басшылары ресми сапармен келіп жатады. Соның аясында ондаған келісімдер жасалып, маңызды құжаттарға қол қойылады. Бұл ретте елорда өткен маусым айында да саяси оқиғаларға толы болды.

Табыстың кілті – ықпалдастықта 9 маусымда

Мемлекет басшысы Астанаға ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевпен кездесті. Ақордада өткен шағын құрамдағы келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-болгар серіктестігін одан әрі нығайту тұрғысынан Румен Радевтің сапарына айрықша мән беретінін атап өтті.

«Болгария – Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды серіктестерінің бірі. Екі елді тамыры терең саяси және экономикалық ынтымақтастық байланыстырады. Әртүрлі саладағы екіжақты қарым-қатынастарымыз тұрақты дамып келеді. Мұны сенімді саяси диалогтан, парламенттер арасындағы нәтижелі ықпалдастықтан, сауда мен инвестицияның қарқынды өсуінен, халықтарымыздың байланысы мен әлемдік қоғамдастықтағы өзара қолдаудан анық аңғаруға болады. Екіжақты сауда айналымының артып келе жатқаны қуантады. Бұл жақсы үрдіс. Біздің нарықта 60-қа жуық болгар компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта біз тау-кен өнеркәсібі, өндіріс, көлік және құрылыс салаларында жемісті ынтымақтастық орнаттық. Энергетика, транспорт және логистика, жасыл энергия, атом өнеркәсібі, ғарыш, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау, туризм секілді перспективті салалар бойынша ықпалдастықтың әлеуеті зор», – деді Қазақстан Президенті.

Румен Радев болса елдеріміздің арасындағы серіктестік деңгейіне жоғары баға беріп, барлық салада байланысты жандандыруға ниетті екенін жеткізді.

«Болгария екі ел арасындағы дәстүрлі әрі табысты байланысты жоғары бағалайды. Мемлекетіңізді өркендетуге бағытталған ауқымды реформаларыңыз бен көреген саясатыңызды қолдаймын. Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктесіміз санаймыз. Сіздердің осыған дейінгі табыстарыңыз таңғаларлық: экономикаларыңыз қарқынды өсіп келеді, инновация, ғылым, білім, жоғары технология салаларында зор табысқа жеттіңіздер. Кеше мен Ғарыш орталығын аралап көрдім. Сіздердің жетістіктеріңізден жақсы әсер алдым», – деді Болгария Президенті.

Бұдан кейін келіссөз екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда одан әрі жалғасты. Қазақстан Президенті атап өткендей, Румен Радевтің елімізге үлкен делегацияны бастап келуі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді. Мәселен екі елдің арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп келе жатыр, сондай ақ оны ұлғайтуға мол әлеует бар. Статистикаға сәйкес, биылғы төрт айда өзара сауда-саттық көлемі 83 миллион доллардан асты, ал былтыр бұл көрсеткіш төрт есе артып, 375 миллион долларға жеткен.

Айта кетсек, Болгария мен Қазақстанның санқырлы ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік мол. Болгария Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі санайды. Румен Радевтің сөзінше, табыстың кілті – ықпалдастықта. Екі ел, сондай-ақ Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы қарым қатынасты дамытуда мемлекеттердің стратегиялық тұрғыдан орналасуына арқа сүйеуіміз қажет. Бұл Азия мен Еуропаны байланыстыруда маңызды рөл атқарады.

Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту бойынша, Астана мен София және Шымкент пен Пловдив қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Болгарияның Дипломатия институты арасындағы және Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Болгарияның сауда өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністіктер туралы меморандумдарға қол қойылды.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келгені үшін Румен Радевке шынайы ризашылығын жеткізді.

«Біздің ықпалдастығымыз мызғымас достық пен түсіністікке негізделген. Қазақстан мен Болгария арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 33 жыл толды. Сіздің сапарыңыз осы мерейлі межеге тұспа тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде біздің елдеріміз барлық деңгейде өзара сенім рухындағы саяси диалог орнатты. Нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Екі елдің сауда экономикалық және инвестициялық байланыстары нығая түсті», – деген Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөз мазмұнды болғанына, нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне мән берді.

Атап айтқанда, сауда экономика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге баса назар аударылды. Екі ел арасындағы алыс-беріс өсіп жатыр, елімізде 60-қа жуық болгар компаниясы бар. Олар түрлі салада табысты жұмыс істеуде. Екі ел басшылары өзара сауда-саттық көлемін арттыра түсуге келісті. Қос мемлекеттің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауға уағдаласты. Әсіресе, мұнай-газ, жаңартылатын энергия, «жасыл» энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландыру, инновация, жасанды интеллект, ғарыш саласы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдени-гуманитарлық байланыстар және туризм сияқты салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екені атап өтілді.

Сондай-ақ көлік-логистика секторындағы байланысты дамыту мәселесіне назар аударылды. Тараптар бүгінде стратегиялық сауда жолының біріне айналған Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Болгарияның «Бургас» және «Варна» теңіз порттарын қосу мәселесін қарастыруға келісті. Елімізге Президент Румен Радевпен бірге Болгарияның ірі кәсіпкерлері келді. Нәтижесінде екі ел басшылары қатысқан бизнес-форумда бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылып, бұл екіжақты ынтымақтастыққа айрықша мән берілетінін аңғартты.

Елімізде жұмыс істегісі келетін Болгария компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын екенін айтқан Мемлекет басшысы іскер топтардың ықпалдастығын нығайту үшін «Қазақстан – Болгария» іскерлік кеңесін құруды ұсынды. Мемлекет басшысы еліміз экономикалық ықпалдастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуға дайын екенін жеткізіп, басым бағыттарды атап өтті. Бірінші – көлік қатынасы. Қазақстан мен Болгария географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқан. Еуразияның қақ ортасында тұрған біздің еліміз құрлықаралық байланысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Орта дәліз инфрақұрылымын дамытудың арқасында, яғни, заманауи теміржолдар, құрғақ порттар мен логистикалық орталықтар сала отырып, Шығыс пен Батыс арасын бұрынғыдан әлдеқайда тиімді жалғаймыз. Былтыр аталған дәліздің бойымен тасымалданған жүктің көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жеткен.

Бұдан осы бағыттың маңызы арта түскенін аңғаруға болады. Мәселен 2028 жылға қарай жолдың жүк өткізу мүмкіндігі 10 миллион тоннаға дейін ұлғаймақ. Президент орнықты энергетиканы перспективті бағыттың бірі ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның жаңартылатын энергия саласы айтарлықтай ілгеріледі.

«Жасыл энергетиканы дамыту ісінде ірі халықаралық инвесторлар үшін тартымды елге айналдық. Бүгінде Қазақстанда 150-ден астам қайта жаңартылатын энергия нысаны бар. Олардың қуаттылығы 3 ГВт-тан асады. Сондай-ақ Қазақстан геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және халықаралық жобаларға қатысу арқылы газ өндіру көлемін ұлғайтуға күш салады. Уран өндіруде әлемдегі көшбасшы елміз. «Осы орайда энергетикалық қуатымызды арттыра түсетін атом станциясының құрылысы басталады. Бұл экономикалық ынтымақтастығымызға оң әсер етеді», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, отандық агробизнестің әлеуетін арттыруға баса назар аударылды. Біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріміз әлемнің 70-тен астам еліне экспортталады. Жыл сайын нарыққа 8 миллион тоннадан астам бидай мен екі миллион тонна ұн шығаратын Қазақстан әлемдегі ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді.

«Болгариялық серіктестерімізбен ет пен сүт өнімдерін, бал, өсімдік майын өндіруде ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Шымкент қаласында ет өңдеу ісіне инвестиция құюды көздеп отырған Lekkerbek компаниясының ниетін қолдаймыз. Бұл жоба заманауи технологиялар енгізіп, аймақтың экспорттық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев болгариялық серіктестермен фармацевтика секторында ықпалдастық орнатудың әлеуеті зор деп санайды. Президент өз сөзінде цифрлық трансформацияға баса назар аударды. Сонымен қатар Қазақстанда мемлекет те, жеке сектор да өз істеріне озық цифрлық шешімдерді кеңінен енгізіп жатқанын айтты. Жалпы Президент Қазақстанның Болгариямен барлық бағыт бойынша серіктестікті тереңдетуге дайын екенін растады.

Екіжақты қатынастар қарқынды дамуда

Көп ұзамай Астанаға тағы бір мәртебелі мейман келді. 11 маусым күні Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Словакия Премьер министрі Роберт Фицоны қарсы алып, келіссөз жүргізді. Бүгінде Қазақстан мен Словакияны тығыз ықпалдастық байланыстырады, екі елде ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, Президенттің айтуынша, тиісті деңгейде зерделеп және болашақта қолға алатын жаңа бағыттар бар. Сондықтан Роберт Фицоның бұл сапарына ерекше мән беріліп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деген сенім білдірілді. Словакия Қазақстанның Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Мәселен Астана мен Братислава арасындағы ынтымақтастық берік құқықтық базаға арқа сүйейді. Ол барлық бағытты қамтиды. Қазақстан Словакиямен күн тәртібіндегі екіжақты және көпжақты серіктестікті тереңдетуге ниетті.

Мемлекет басшысы экономикалық әріптестікке баса назар аудару қажет деп санайды. Былтыр тауар айналымы 140 миллион долларды құраған. Қазақстанда Словакияның 30-дан астам компаниясы жұмыс істейді және 22 бірлескен кәсіпорны түрлі секторда қызмет етіп жатыр. Ынтымақтастықты одан әрі әртараптандырудың маңызына тоқталған Мемлекет басшысы энергетика, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, аса маңызды шикізат материалдары, білім және туризм салаларында мол мүмкіндік бар деп санайды.

Мазмұнды кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-словак ынтымақтастығының аясын кеңейту мәселесі талқыланғанын және нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті. Алдағы уақытта Қазақстан Словакиямен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға баса мән бермек. Сауда саттық көлемін одан әрі арттыру мәселесіне тоқталып, инвестициялық ықпалдастықты тереңдетуге назар аударылды. Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларын экспорттауға дайын. Сондай-ақ энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Әскери-техникалық байланыстың әлеуеті зор.

Бұған қоса, келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірге пайдалану жайы талқыланды. Бұл стратегиялық маңызы бар сауда жолының бірі, осы саладағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін беруге тиіс. Келіссөздер қорытындысын жоғары бағалаған Словакия Премьер министрі сапар барысында екіжақты қатынастардың барлық саласы талқыланғанын айтып, уағдаластықтар қол қойылған тиісті келісімшарттар мен өзара тиімді ынтымақтастықта айқын көрініс табатынына сенім білдірді.

Екі елдің стратегиялық әріптестігі берік

Маусым айының ортасында Астанаға ат арылтып, Қытай көшбасшысы келгенін бұған дейін егжей-тегжейлі жазған болатынбыз.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге ресми сапары барысында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер өткізіліп, екі ел арасындағы жан жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты өсу мен стратегиялық тереңдікті көрсетуде. 2024 жылы екіжақты сауда көлемі 30 миллиард долларға жеткен.

Қазақстанның ҚХР ға экспорты 15,8 миллиард долларды құрады. Осылайша, көрші елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты өсуі екі елдің стратегиялық әріптестігінің беріктігін растайды. Қытай Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді, жинақталған капитал салымдарының көлемі 26 миллиард долларды құрайды. Қазақстан мен Қытай «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында белсенді ынтымақтасады, онда Қазақстан Азияны Еуропамен байланыстыратын маңызды транзиттік тораптың рөлін атқарады.

Еліміз транзиттік қуаттылықты белсенді түрде арттыруда. «Қорғас» құрғақ порты, Алтынкөл арқылы өтетін теміржол өткелдері, сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автотрассасы тұрақты логистикалық ағындарды қамтамасыз ете отырып, өсіп келе жатқан жүктемемен жұмыс істеуде. Қазақстан мен Қытайдың білім беру саласындағы ынтымақтастығы да тұрақты даму серпінін көрсетіп отыр. Ең бәсекеге қабілетті жоғары оқу орындарының біріне ие Қытай қазақстандық студенттер үшін барған сайын тартымды бағытқа айналуда.

Қытай университеттерінде Қазақстанның 14 мыңға жуық азаматы білім алуда. Айта кету керек, Қазақстанда жетекші Қытай университеттерінің филиалдары табысты жұмыс істейді. Қолданбалы технологиялар және техникалық білім беру саласындағы ынтымақтастық маңызды бағыт болып табылады. Жалпы Си Цзиньпиннің елімізге жасаған бұл алтыншы сапары «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитіне орайластырылған болатын. Қазақстанның мұндай бастамаларға қатысуы оның белсенді сыртқы саяси ұстанымын баса көрсете отырып, халықаралық беделін айтарлықтай арттыратыны туралы да айтылды. Ал Қытаймен экономикалық байланыстарды нығайту инвестицияларға қолжетімділікті кеңейтуге, жаңа нарықтарға және елдің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін технологиялық алмасуға оң септігін тигізетіні сөзсіз.

«Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті 2023 жылғы мамырда Сиань қаласында өткен бірінші саммитте басталған диалогты жалғастырып қана қоймай, сонымен қатар Қытай мен Орталық Азияның бес елі – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті сапалы жаңа деңгейге көтерді.

Қазақстан ынтымақтастыққа ашық

Еуразиялық экономикалық одақ ғаламдық үдеріс көшінен кеш қалмауы керек. 26 маусымда Еуразиялық экономикалық форумға қатысу үшін Минск қаласына барған Қазақстан басшысы осылай деді. Дәстүрлі жиынның биылғы тақырыбы – «Еуразиялық экономикалық интеграция стратегиясы: қорытынды мен перспектива» деп аталды. Пленарлық сессияда сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев форум интеграциялық бірлестік қызметінің өзекті мәселелері жөнінде мазмұнды диалог өрбітетін маңызды алаңға айналғанына назар аударып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басар алдында аталған одақ Еуразиядағы ең ірі бірлестіктердің бірі ретінде өзінің лайықты орнын иеленіп отырғанына тоқталды. Ұйымға мүше елдердің жалпы экономикалық әлеуеті – 2,6 триллион доллар.

Өткен жылы өзара сауда айналымы 98 миллиард долларға жеткен. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары. Ал елдердің жиынтық ІЖӨ-нің өсімі екінші жыл қатарынан әлемдегі орташа көрсеткіштен асып түскен.

Бүгінде бірлестіктің халықаралық беделі артып, жаһандық экономика жүйесіндегі маңызды субъектіге айналып келеді.

«Біздің ойымызша, ЕАЭО-ның одан әрі дамуы тең құқылық, ортақ игілік және прагматизм қағидаттарына арқа сүйеп, елдеріміздің экономикалық мүддесін нығайтуға қызмет етуі керек. Интеграция көп жағдайда біз қалаған нәтижеге жеткізбейді, бұл үшін өзара ымыраға келіп, бірлесе жұмыс істеу керек», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев модератордың ЕАЭО елдерінің өзара сауда-саттық үдерісіндегі цифрлық технологиялардың перспективасы туралы сауалына жауап берді.

«Заманауи сын-қатерлер экономиканы өркендетуде жаңа тәсілдерге жүгінуді талап етеді. Бұл ретте цифрлық технологиялар маңызды рөл атқарады. Жалпы, цифрландыру мен жасанды интеллект біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағытының бірі. Электронды коммерция, цифрлық құжат айналымы, автоматтандырылған басқару жүйесі және логистика ЕАЭО елдері экономикасының ажырамас бөлігіне айналды. Жаппай цифрландыру әлемнің тез өзгеруіне, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуіне түрткі болып отыр. Біз осы кезеңнің куәгеріміз. Аталған үдерісте ең ерекше назар аударатыны – жасанды интеллект. Бұл технология өнімділікті арттырып қана қоймай, экономиканың жұмыс істеу қалыбын, тіпті мемлекет пен қоғамды түбегейлі өзгертіп жатыр. Қазірдің өзінде ЖИ коммуникация, көлік, энергетика, өндіріс, денсаулық сақтау және білім беру секілді салаларға дендеп енді. Әрине, жасанды интеллектіні енгізудің теріс әсері де бар. Мысалы, студенттер ChatGPT пайдаланады. Тіпті кейбір саясаткерлер баяндамаларын жазу үшін ChatGPT көмегіне жүгінетін көрінеді. Бірақ мұның бәрі жасанды интеллектінің, жалпы цифрландырудың жанама әсері деп ойлаймын. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай цифрландыру мен жасанды интеллект әлемдік ішкі жалпы өнімге 15 триллионнан астам табыс әкеледі, 300 миллионға тарта жұмыс орнын алмастырып, мүлдем жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, дүние жүзінде жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Еуразиялық экономикалық одақ ғаламдық үдеріс көшінен кеш қалмауы керек. Мемлекет басшысы Қазақстанның келесі жылғы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалығы аясында жиындардың бірін жасанды интеллектінің дамуына арнауды ұсынды.

«Биыл Астанада Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұдан бөлек, біз жаңа тұрпатты CryptoCity эксперименталдық аймағын құруға кірістік. Бұл криптовалюта саласындағы әлемдік сарапшылар бас қосатын орталыққа айналмақ. Пилоттық жобада біз цифрлық активтерді кеңінен қолдануға байланысты құқықтық және технологиялық шешімдерді сынақтан өткіземіз. Жалпы, Қазақстан ынтымақтастыққа ашық. ЕАЭО ға мүше елдерді инновациялық кластерлерді, технопарктер мен стартап-инкубаторларды бірлесе іске қосуға шақырамыз. Ондағы ғылыми ізденістер мен технологиялар кейін табысты коммерциялық жобаға айналуы мүмкін», – деді Мемлекет басшысы.

Иә, сарапшылардың пікірінше, озық цифрлық технологиялар өзара сауда экономикалық ынтымақтастығымызға тың серпін бере алады. Бұл бағытта біздің мүмкіндігіміз зор. Қажетті стратегиялық құжаттар қабылданған, тәжірибе жеткілікті әрі ортақ міндетті жүзеге асыру жолдары белгілі. Мемлекеттер жүйелі әрі батыл саясат жүргізіп, Еуразия кеңістігінде күш-жігер біріктірсе, жасанды интеллектіні экономиканың жаһандық бәсекелестіктегі тұрақты өсім көзіне айналдыруға болады.

«Біз экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуға ниеттіміз. Тиімді, ашық әрі өркендеген Еуразиялық экономикалық одақ құру жолында жоспарлы түрде бірге жұмыс істеуге әзірміз», – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.