Мемлекеттік тілді үйренуге бағытталған мультитілді бейнесабақтар жарық көрді

0 24

Қазақстандағы этностардың мемлекеттік тілді және өз ана тілдерін еркін меңгеруіне мүмкіндік беретін жаңа цифрлық жоба іске қосылды, деп хабарлайды El.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті тіл үйренушілерге арналған бейнесабақтардың заманауи топтамасын әзірлеп, көпшілікке ұсынды. Жоба аясындағы бейнематериалдар А1 – қарапайым деңгейіне бейімделген. Ең басты ерекшелігі – сабақтардың татар, неміс, кәріс, өзбек, дүнген, ұйғыр, поляк және түрік тілдеріндегі субтитрлермен қамтылуы. Бұл түрлі этнос өкілдеріне қазақ тілін немесе өз ана тілін ыңғайлы форматта меңгеруге жол ашады.

7–10 минутқа құрылған қысқа әрі мазмұнды сабақтар тыңдалым, жазылым және айтылым дағдыларын дамытуға бағытталған. Платформаның тағы бір артықшылығы – бейнесабақтардың тәулік бойы қолжетімділігі. Тіл үйренушілер өзіне ыңғайлы уақытта кіріп, сабақтарын жалғастыра алады.

Тіл саясаты комитетінің мәлімдеуінше, бастаманың басты мақсаты – мемлекеттік тілді және ана тілдерін меңгеруге арналған сапалы контентті кең аудиторияға қолжетімді ету, сонымен қатар оқытудың заманауи тәсілдері мен технологияларын тәжірибеге енгізу. Жоба тіл үйренушілердің айтылым дағдысын жетілдіріп, тіл үйренуге ынталы азаматтардың қатарын арттыруға серпін бермек.


 

Leave A Reply

Your email address will not be published.