Шөптен тапшылық көрмейміз — Сәкен Арубаев

0 234

Жуырда аудан әкімі Сәкен Арубаев бірқатар елді мекенде болып, масақты дәнді дақылдардың және мал азығын жинау жұмыстарын көзбен көріп қайтты.

Алдымен Аса ауылындағы «Мирас» шаруа қожалығының 70 гектар егістік алқабында болған аудан басшысы дала кемелерінің жұмысын бақылап отырған қожалық төрағасы Бикен Шманованың қасына таяп, шаруа жайын сұрады. Оның айтуынша, бүгін жұмысшылар егін орағын аяқтайты. Арпаның әр гектарынан 7.7 центнер өнім алғанын, ізін суытпай сабанды да жинап үлгергенін жеткізді. Аудан басшысы тамшылатып суару әдісін қолданысқа еңгізудің тиімділігін, осы технологияға шаруалар жәймен икемделіп келе жатқанын жеткізді.

Әңгімеге қосылған ауыл әкімі Бауыржан Қалшымбетов биыл округте 880 гектарға арпа, 340 гектарға көкөніс, 227 гектарға көпжылдық жоңыршқа, 38 гектарға картоп, 36 гектарға мақсары, 31 гектарға жүгері орналастырылғанын, шаруалардың басым көпшілігі тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісіне көшкенін тілге тиек етті.

Мұнан соң қаракемерлік «Базарбай» шаруа қожалығына табан тіреген Сәкен Қаланұлы 55 гектарға егілген жаздық арпаның өніміне назар аударды. Осы тұста сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы:

– Биыл 18537 гектарға масақты дәнді дақылдар егілді. Оның 4562 гектарына күздік бидай, 13975 гектарына жаздық арпа орналастырылған. Бүгінде 38 комбайн, 33 тасымалдауыш техника 6850 гектардың өнімін жинап, қоймаға 5281 тонна дәнді дақыл жеткізді. Әр гектардан орта есепепен 7,7-7,8 центнерден өнім алынуда, – дейді ол.

Келесі аялдаған тұс – Бірлесу-Еңбек ауылы. Мұндағы «Дәулет» шаруа қожалығы 300 гектарға жаздық арпа, 100 гектарға жоңыршқа егіп, өнімін жинауға кіріскен. Шаруа қожалықтың еншісіндегі 50 гектар шабындық шабылуда. Шөптің әр түгі 750 теңгеден өткерілуде.

Жалпы ағымдағы жылы 159300 тонна шөп жинау жоспарға еңгізілген. Бүгінде егістікте жүрген 48 комбайн, 60 шөп тайлағыш, 130 жүк тасымалдаушы техника 31776 гектар алқапқа орақ салып, 90933 тонна шөп, 11000 тонна пішендеме, 3560 тонна сабан, 1479 тонна жемді қоймаға жөнелтіп үлгерген.

– Биыл жамбылдық шаруалар шөптен тапшылық көрмейді. Оған өзіміз де куә болды. Негізінде ауданда 8385 гектар шабындықтан бөлек, мал азығын дайындауға сай-сала мен каналдар жағалауында 439 гектар жер тіркелген. Егер шөп жинау маусымын сәтті аяқтасақ, төрт түліктің қыстан күйлі шығатынына ешқандай күмән жоқ, – деді Сәкен Қаланұлы егістік басында.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.