Әлеуметтік дүкендер әлеумет үшін қызмет көрсетеді

0 208

Басқа-басқа халық азық-түлік өнімін тұтынуға келгенде тарықпауы керек. Мемлекет үшін ең басты құндылық адамның өмірі және денсаулығы маңызды делінген бүгінгі қоғамда тұрғындар сапалы әрі қолжетімді тауарлармен қамтылуы тиіс. Халықты арзандатылған тауармен қамтамасыз етудің тиімді жолы азық-түлікті қор арқылы тұрақтандыру. Бұл шаруа бірнеше жылдан бері облыста жүйелі жолға қойылған. Әсіресе, пандемия мен қымбатшылық қарашаны қос бүйірден қысқан шақта Жамбыл облысында әлеуметтік дүкендердің жұмысын жүйелі ұйымдастыруға баса мән беріліп отыр. Қазір облыс орталығында дәл осындай 16 дүкен жұмыс істейді. Олардың қатарын жақында «Арай» алқабында пайдалануға берілетін дүкен толықтырмақ. Ал аудандарда халыққа арзан бағада азық-түлік ұсынатын 13 әлеуметтік дүкен бар. Сарысу, Жамбыл, Меркі аудандарында екі дүкен тұтынушыларына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Басқарма тұрақтандыру қорымен бірлесіп мұндай дүкендер желісін кеңейтуге ниетті.

Есепті кезеңде бір ғана Тараз қаласының өзінде әлеуметтік дүкендердің сөресіне жалпы құны 22,7 миллион теңге болатын  48,7 тонна өнім саудаланған.

  • Аудандардағы әлеуметтік дүкендердің тауар айналымын жақсарту үшін тұрақтандыру қорынан 50 миллион теңге қаржы қарастырылған. Әлеуметтік дүкендер тұрақтандыру қорындағы тауар айналымы 3,3 есеге арттырды. Жыл басынан бері халыққа төмендетілген бағада 2068 тонна өнім сатылды.Тұрақтандыру қорының жалпы резерві 510,6 миллион теңгеге тең.

Қазір аудандармен тиісті жұмыстар жүргізіліп, қыс-көктем айларында көкөніс, ет бағасын тұрақтандыру үшін ертерек қамданып жатырмыз. Ол үшін шамамен 843 миллион теңге көлемінде  қаражат қажет.

Жыл басынан бері облыс тұрғындарына қолжетімді бағада ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынған 42 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы әлеуметтік дүкендердің жұмысын ұйымдастырумен бірге өңірдегі әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасын реттеу бағытында да кешенді шараларды қолға алатын болады. Бұл бағытта басқарма аудан әкімдерімен және ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту, Табиғи монополияларды реттеу комитеті сынды құзырлы органдардың жергілікті департаменттерімен жүйелі жұмысты жолға қоямақ. Баға саясатын реттеуде басқарманың жанынан арнайы мобильдік топ құрылады. Бұл топ тұрақты түрде рейд жұмыстарын жүргізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қарапайым тұрғындарға мейлінше қолжетімді бағада саудалануын бақылайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.