Семей қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта үш бірдей нысанның құрылысы басталды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласында бой көтеретін жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылыс алаңына барды.
Аймақ басшысы әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан республикалық «Абайға құрмет» акциясы аясындағы Алматы қаласының тартуы Медиа орталықтың құрылысын көрді. Жалпы ауданы 4839,06 шаршы метр болатын төрт қабатты ғимаратта бейнежазба және аудиостудиялар, бейне және аудио монтаждау бөлмелері, конференц-зал, кинозал, коворкинг аймақтары орналасатын болады. Сонымен қатар демалыс орындары мен кафе, медиа-кітапхана және басқа да қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Бұдан бөлек журналистер аллеясы болады.

Қазіргі уақытта жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Шымкент қаласының тартуы Шығармашылық орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы ауданы 1210,51 шаршы метрді құрайтын ғимарат үш қабаттан тұрады. Оның құрылымы оқу, жалпы мектептік және әкімшілік-шаруашылық блоктарынан құралған. Оқу бөлімі музыкалық, хореографиялық және бейнелеу өнері бағыттарына бөлінеді. Жоба 150 оқушыға арналған. Мұнда балалардың сапалы білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытуына, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан жетілуіне барлық жағдай жасалатын болады.
Облыс әкімі Павлодар облысының тартуы – Үстел теннисі орталығының құрылыс алаңында да болды. Жалпы ауданы 2580,61 шаршы метрді құрайтын спорт нысаны екі қабаттан тұрады. Мұнда негізгі холл, медицина және күзет кабинеттері, спортшыларға арналған киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушылар, төрешілер мен әкімшілік қызметкерлерге арналған кабинеттер, көрермендерге арналған трибуналар және өзге де қажетті үй-жайлар орналасады.
Үш нысанның құрылыс алаңдарын аралаған облыс әкімі жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың Семейдің жаңа келбетіне айналатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында бүгін міне үш бірдей нысанның құрылысы басталып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында Алматы қаласының тартуы – медиа орталық құрылысының басталуы өңір журналистері үшін жақсы жаңалық болды деп ойлаймын. Жобаның архитектуралық келбеті жақсы. Жаңа нысан «Smart sity» ауданының көркін ашатын орталық болатыны анық. Акция шеңберінде салынып жатқан кезекті ғимаратымыз – Павлодар облысының тартуы теннис орталығы. Бұл – өңіріміз үшін аса қажетті нысан. Өздеріңіз білесіздер, облысымызда мұндай теннис орталығы жоқ. Ең бастысы, басталған құрылыстарды сапалы әрі уақтылы аяқтауымыз керек. Құрылыс жұмыстарын бақылап, қадағалауда ұстап отырамыз. Осы сәтті пайдаланып, «Абайға құрмет» акциясына қолдау білдіргені үшін Алматы, Шымкент қалалары мен Павлодар облыстарының әкімдеріне облыс жұртшылығы атынан алғысымды айтамын», – деді Берік Уәли.
Айта кетейік, «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында еліміздің өңірлері Семей қаласында бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарды салатын болады. Қазіргі уақытта жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Маңғыстау облысының сыйлығы Достық үйінің, Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының сыйы Рәміздер алаңының, қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысының тартуЖекпе-жек сарайының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын, Батыс Қазақстан облысы спорт кешенін, Қостанай облысы руханият орталығын, Астана қаласы «Келешек» мектебін салып берсе, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзені жағалауын абаттандырады. Шымкент қаласы шығармашылық орталығымен қатар Семей қаласының Водный кентіне Мәдениет үйін сыйға тартпақ. Бұдан бөлек қоғамдық қор, ұлттық компаниялар және бизнес құрылымдар есебінен бірқатар әлеуметтік және спорттық нысандар салу көзделген. Атап айтқанда, «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта стадион, «Самұрық қазына» ҰҚ» АҚ Мирный кентінде дене-шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысын бастады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Инклюзивті спорт орталығын, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Дене-шынықтыру сауықтыру кешенін, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Болашақ сарайы құрылысын салуды жоспарлап отыр.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТ