Режиссер – театрдың жүрегі

0 237

 Театр — өнеге көзі, өмір айнасы десек, режиссер-оның жүрегі. Әдебиет сыншысы Асқар Сүлейменов: «Режиссер жүрек сияқты. Соққаны білінбеу керек»,-дейді. Расымен, біз театрға, мәдениет үйіне барғанда сахнадан актерлардың өнерін қызықтаймыз, шеберлігіне тамсанамыз. Сомдаған кейіпкерлерімен бірге жасасып, неше түрлі көңіл-күйге бөленеміз. Алайда, осының бәрінің сыртында режиссердің ерен еңбегі тұрғанын аңғара бермейміз.

Көрерменнің жүрегіне жол табу бұл оңай шаруа емес. Әр сомдаған кейіпкердің бейнесін шынайы етіп шығару- бұл үлкен жетістік.

Осындай жетістігімен көзге түсіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген жанның бірі «Сарысу» халық театрының жетекшісі Рабиға Амангелдіқызы Бердісүгірова.

Рабиға Амангелдіқызы 1959 жылы 21 желтоқсанда Шымкент облысы, Ащысай ауылында туылған. 1980 жылы Жетісай мәдени-ағарту техникумын үздік бітірген жас маман алғаш еңбек жолын Ащысай кәсіподақ клубында меңгеруші болып бастап, сонан соң балабақша меңгерушісі, балалар мен жасөспірімдер орталығында театр үйірмелерін басқарды. Сарысу аудандық мәдениет үйіне 1998 жылы қызметке тұрды. Осы жылы «Сарысу» театрында режиссерлық қызметін атқара бастады.

Рабиға Бердісүгірованың режиссер боп бекітілуі театрдың тамырына қан жүгіртіп, тіршілігіне тың серпін берді. Ол сахналаған туындылар әлі күнге театр көрермендерінің жоғары бағасын алып келеді. Тек қана сахналық қойылымдар ғана емес, әр мереке сайын халық назарына ұсынылатын мерекелік іс-шаралардың басы-қасында да Рабиға апай жүреді.

Сонымен қатар, режиссер мен өнерпаздардың бірлескен еңбегі театрды талай мәрте биікке көтерді. Ұжым көркемдік шоқтығы биік спектакльдерімен бірнеше фестивальден олжалы оралды. Мысалы, «Мақта қыз бен мысық», «Ақ лақ», «Буратино» қойылымдары бүлдіршіндердің сүйікті қойылымдары болса, ал, «Ауылым әнім», «Жәмила» спектакльдері де көрермендерінен өз бағаларын алған. Сондай-ақ, облыстық театр фестивалінде Д.Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» атты драмасын сахналап, ІІІ-орынмен марапатталса, И.Ғайыптың «Бір анадан туғандар» атты спектаклі кезекті «Халық театры» атағын қорғады.

Сарысу ауданында өткен облыстық Абай оқулары байқауында «Абай ауылының жастары» атты көрінісі, А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Ескендір» поэмасы, Ш.Айтматовтың «Арманым, Әселім», атты үш бөлімді драмасы, Қазақ хандығының 550 жылдығына І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» атты тарихи драмасын сахналады.«Сарысу» халық театры әр үш жылда өзінің «Халықтық» атағын қорғап, өз жұмысын үздіксіз жүргізіп келеді.

Күндіз-түні іздену мен еселі тынымсыз еңбегі еленіп, аудандық және облыстық мәдениет бөлімдерінің, аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, мақтау грамоталарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 10 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

«Сарысу» халық театрының құрылғанына 43 жыл толады. Бүгінде облыстағы белді театрлардың бірі десе де болады. Өнер ордасының репертуарын жаңа қойылымдармен толықтыру мәселесі-ұдайы басты назарда.

Қазіргі таңда театр ұжымы киелі қарашаңырақта шығармашылық байланыста тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Мәдениет пен әдебиеттің дамуына өзінше үлес қосып, биік шыңдардан көрінуде. Театр тіршілігі алға басып, жаңа үлгідегі пьесалар заман талабына сай сахналануда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.