Қос қара шаңырақтың шамшырағы

0 318

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мамандықтың түрі көп. Бірақ, мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын да тағы да ұстаз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп хакім Абай айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын естен шығармауымыз керек. Осындай қадірлі мамандық иелерінің бірі Ыбырайым Сүлейменов атындағы орта мектебі биология пәнінің мұғалімі Бәкенова Ардақ Рахымбайқызы мен бастауыш сынып мұғалімі Бекова Аманкүл Төлегенқызының есімдерін мақтанышпен айтамыз. Қос құрбы мектебіміздегі бірнеше шәкіртті білім нәрімен сусындатып, қажырлы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаздар. Сонымен қатар, өздерінің қазақ әйеліне тән ерекше қарапайым мінезімен, еңбек сүйгіштігімен ерекшеленген жандар. Бірнеше буын шәкірттерді тәрбиелеп, олардың болашақ өміріне бағыт-бағдар бере білген білікті мамандар. Ұжымдастары арасында үлкен құрметке ие.

Бала тәрбиесімен айналыса жүріп заман талабына сай өз білімдерін шыңдап, тереңдету мақсатында аудандық, облыстық, қала берді республикалық түрлі байқауларға қатысып үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген жайлары бар. Соның бір дәлелі, А.Бәкенова «Құстар біздің достарымыз» атты республикалық байқауының жүлдегері, «Екі ғылымның қиылысында» тақырыбындағы биология және химия пәні мұғалімдеріне арналған Халықаралық интернет олимпиадасына (биология) қатысып II дәрежелі дипломмен, «Заманауи педагог» республикалық журналының грамотасымен және аталмыш журналдың Алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар, «Мектеп ұстаздарының әлемі» республикалық педагогикалық журналының I дәрежелі дипломын иеленген, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Алғыс хатымен, бірнеше рет аудан әкімдігі білім бөлімінің марапаттарына ие болған. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Ал, Аманкүл апай болса «Сабақтың үздік контенті» байқауында үздік жұмыс тәжірибесін көрсете білгені үшін жүлделі II-орын алып, аудан әкімдігі білім бөлімінің марапатын иеленген, «Педагогика және психология» орталығының ұйымдастыруы бойынша педагогтардың және психологтардың білім беру сапасын жақсарту, заманауи білім беру үлгісін жетілдіру және жаңаландыру, педагогтардың кәсіптік шеберлігін жоғарылату аясында білім алғаны үшін және облыстық семинарға қатысқаны үшін сертификат берілген, Ресей бойынша Ұйымдастыру комитетінің Пайымда! Ойла! Нәтижеле! Игер! Халықаралық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін сапалы дайындағаны үшін диплом алған.

Қазіргі таңда қос қара шаңырақтың шамшырағына айналған құрбылар өмірлік серіктеріне адал жар, бірнеше перзентті дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған алтын құрсақты ана, немерелерінің сүйікті әжесі.

Б.Қуандықова,

Ы.Сүлейменов атындағы орта мектебінің педагог ұйымдастырушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.