Қызанақ өсіріп, қалампыр сепкен

0 342

Төрт айдан бері еліміз карантин жағдайында өмір сүріп келеді. Ия, оның кері әсері де тимей қоймағаны рас. Кейбіреудің кәсібі тоқтаса, өзгелер жұмысынан қысқарды. Алайда, карантин уағында кәсіп көзін тапқандар да бар. Олар қарапайым ғана ауыл тұрғындары. Ендеше, карантинде қызанақ егіп, кәсібін дөңгелеткен қаракемерлік Марат Тыныбаев жайлы сөз етсек.

Ерінбей еңбек еткен адам жерде қалмасы анық. Оның көктем шығысымен кетпенін қамдап сары күзде көкөністен өнім алатыны рас. Жаз бойы бақша дақылдарын күтіп-баптап, осы шақта жемісін жеп жатқандардың бірі осы Марат Тыныбаев. Карантинге дейін ол өз ауласында шағын ғана мал шаруашылығымен айналысатын. Көбіне ірі-қара мал ұстайды. Жаз бойы қорасында байлап, қыстың күні етін сатады. Қазіргі таңда қаракемерліктердің көбі осы мал шаруашылығын қолға алған. Ал, Марат биылғы көктемнен бастап тағы бір кәсіптің көзін тапты. Наурыз айында алғаш рет төтенше жағдай жариялаған кезден бос уақытының құры өтпеуін қалады. Ол, жанұясымен бірге бос жатқан бақшаны қолға алып, көкөніс өсіре бастайды. Марат жылыжайға керекті құрал-жабдықтарды өзі жасайды.
— Бұл жиі сатылымға шығатын, сұранысқа ие қызанақ санатында. Осыны ескеріп, биылдан бастап шаруамен айналысуға шықтым. Жаман емес. Күніне өзімізге және сатуға да жетеді. Ауыл халқына да арзан бағада үлестірудемін. Енді тұрақты кәсіпке айналдыру ойымда бар, – дейді Марат Тыныбаев.
Бақшасында тек қызанақ емес қияр, қалампыр өсіріп үлгерген. Қиярдың өнімінен дәм татып, енді қалампырдың қызығын күтуде. Бұл көкөніс жұмыстарына үй-іші көмектеседі. Қазіргі таңда баласы Мейіржан демалыс уағын осында өткізуде. Ол күнделікті көкөністердің шөбін жұлып, суарып тұрады. Енді Тыныбаевтар әлі де көкөніс алқабын ұлғайтқысы келеді. Негізінде Марат Тыныбаев бұл кәсіп жайлы осыдан бес жыл бұрын досы Есенгелдіге ұсыныс айтыпты. Содан ұсынысты құп алған досы бүгінде бау-бақшасын жайнатып отыр екен. Ендеше бұл кәсіпті бұрын қолға алған досы Есенгелді Сүгірбаевтың үйіне тарттық. Алақандай бақшасын бауға айналдырған Есенгелді де еңбегінің жемісін көріп отыр. Алғашында азғантай қызанағын егіп, өнімін көрген соң кәсіпке түбегейлі кірісуді жөн көріпті. Қызанақ өсірудің қандай қиындығын сұрағанымызда ол былай деді.
-Біз үнемі интернетке үңілеміз. Онда бұл көкөніс жайлы көп ақпараттар бар. Мәселен, қандай дәрумендер қажеттілігі айтылады. Біз содан сол витаминдерді тауып, суға араластырып суғарамыз. Бұл қызанақтың сабағына қатарласып керексіз шөптер өседі. Ол шөп қызанақтың бойындағы дәрумендерді тартып алады. Сондықтан, күніне арамшөптерді жұлып тұруға тура келеді, — дейді Есенгелді Сүгірбаев.
Кәсіпкер күтімі жақсы болса көкөністің бір түбінен 7-8 келі өнім алуға болатынын айтады. Бұл көкөністің тұқымын көрші Масанчи ауылынан алады екен. Есенгелдінің ендігі жоспары жылыжайын кеңейту. Арнайы құрал-жабдықтарына тапсырыс бермек. Оның кейбірі келіп те үлгерген.

М.Қарабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.