Керудегі көшелер жөнге келмек

0 42

Қаракемер  – аудандағы алдыңғы қатарлы ауылдардың бірі. Құрамына Керу ауылы кіретін округте оңды істер көп. Мұндағы жұртшылық мемлекеттік бағдарламалардың игілігімен қатар ауыл кәсіпкерлерінің демеушілік көмегін сезінуде. Осыған орай округте орын алып жатқан игі жаңалықпен таныспақ мақсатта ауылға арнайы ат басын бұрдық.

Қазір мұнда аудан орталығынан бар болғаны 30-40 минутта жетуге болады. Алайда, осыдан бірнеше жыл бұрын екі аралыққа бұдан екі есе көп уақыт кететін. Яғни, Қаракемер мен Қордайды жалғаған жолдың жағдайы көңіл көншітпейтін-ді. Дейтұрғанмен, екі жыл бұрын аталмыш жолдың бөлігі жөнделіп, тұрғындардың тілегі қабыл болды. Мұнымен қатар, ауылға барар жолдың бойымен көптен күткен газ құбыры жүргізіліп, Қаракемерге кіруге сәл қалғанын байқауға болады. Қаракемерліктер үшін бұл да бір үлкен қуаныш. Ал, ауылдың ішіне келер болсақ, мұнда да құрылыс жұмыстары қыз-қыз қайнаған. Әр көшеге, әр үйге жаңа су құбырлары жүргізіліп, жалпы су жүйесі жаңартылуда. Айта кетсек, бұған дейін мұнда кеңестік дәуірден қалған су мұнарасының тозығы жетіп, құбырлар ескіріп, ауыз судың сапасы да төмендеген. Енді міне, ауылға жаңа магистральді құбыр жүргізіліп, заманауи су мұнарасы салынуда. Мамандардың айтуынша, мұнараға тереңнен тартылған таза артезиан суы жиналады екен. Бұл құрылысқа Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тапсырыс берген. Ал, жұмысты мердігер «Байсын-А» ЖШС өз мойнына алған. Стратегиялық маңызы зор құрылыстың техникалық қадағалаушысы «Сафа инжиниринг» ЖШС. Қазіргі таңда мұнда 64 адам жұмыс істейді. Осылайша, бұрынырақта Қаракемер ауылының тұрғындары ескі құбырмен күніне 1–1,5 сағат су алған болса, енді үйді-үйден күні-түні таза су таусылмайтын болады.

«Биыл ауылда ауқымды істер қолға алынып жатқанын байқап, іштей қуанып жүрміз. Жаңа жүргізіліп жатқан судың сапасы жақсы болады деген сенімдеміз. Бұрын құбыр өте ескі болған соң судың да сапасы төмен болды. Ал, кейде тозығы жеткен құрылғы істен шыға қалса сусыз да отыратын кездеріміз болды», — дейді ауыл жұртшылығы бірауыздан.

Жалпы, жыл өте ауыл тұрғындарының өтініш-тілектері орындалуда. Естеріңізде болса, Елорда күні қарсаңында ауылдағы жаңа амбулаторияның тұсауы кесіліп, футбол алаңшасы ашылды. Сонымен қатар, ауыл көшелері жарықтандырылып, жолдар да жөнделуде. Мұнда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінің есебінен ағымды іс-шаралар өткізу бюджеттік бағдарламасы және өзге де қызметтер мен жұмыстарға ақы төлеу ерекшелігі бойынша қаржы бөлінген. Аталмыш бағдарлама бойынша Қаракемер ауылындағы 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл істі «АрсикоСтройИнвест» ЖШС қолға алып, жұмыс таяу арада басталады деп күтілуде. Дәл осындай жол жөндеу жұмыстары округке қарасты Керу ауылында да жүріп жатыр. Тау бөктерінен орын тепкен ауылдың көшелеріне бұрын-соңды болмаған тақтайдай түзу, заман талабына сай асфальт төселуде. Нақтырақ айтсақ, Керудің үш бірдей  көшесіне «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша қаржы қарастырылып, алдағы күндері А.Аңдасов, Ж.Тіленов және Соғанды көшелері жөнделмек. Бұған аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында 42 701 670 теңге бөлініп, жұмысты жүргізуге «SUN BILDING» ЖШС жұмылдырылған. Талай жылдан бері көксеген арманы орындалып, көңілдеріне қуаныш ұялаған тұрғындардың басшылыққа айтар алғысы зор.

М.Қарабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.