Астанадан жеткен айтулы сыйлық

0 572

Жомарт болу үшін бай болу шарт емес. Бастысы – қолда бар дүниені өзгемен бөлісу, артылып жатса шамаң жеткенше жетім-жесірдің жоқ-жітігін түгендеп, кембағалға қарайласу. Жомарттыққа осылай деп он жерден сипаттама бергенімізбен бұл іс шындап келгенде қолының кірі бар адамдар атқаратын шаруа. Ал жалпы байдың да, кедейдің жүрегінен ізгілікке орын табылмайынша, онда бәрі де бекешілік. Бір қуанарлығы кейінгі кезде қоғамда өзгеге қол ұшн беруге даяр тұратын, туған ауылына, түлеп ұшқан мектебіне тарту жасағысы келетін азаматтардың қатары көбейіп келеді. Әсіресе, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өңірде қолға алған «Жомарт түлек» атты жобасынан кейін, біл игі іс жандана түсті.

 

Мәселен жуырда ғана Шу ауданында  «Жомарт түлек» атты онлайн-форматта форум өткен болатын. Аудан топырағынан түлеп ұшқан, бүгінде есімі елге кеңінен танымал тұлғалардың, аты алты алашқа мәлім атымтай жомарттардың қатысуымен өткен іс-шараны бұдан бірер ай бұрын облыс көлемінде ұйымдастырылған, Елбасы құттықтауы жолданған айтулы форумның жарасымды жалғасы деуге де болады. Қатысушыларға сол кезде Елбасы сәлемін жеткізген Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков осы жолғы аудандық форумда да жерлестеріне жүрекжарды лебізін арнап, туған өлкесінің өркендеуіне тілектестігін білдірген еді. Өсіп-өнген өңірімен, Шу қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектеппен ұзақ жылдардан бері тығыз байланыс жасап келе жатқан Махмұт Базарқұлұлы ауданға өзінің, сондай-ақ «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» мен «Nur Otan» партиясының атынан кәдесый ретінде сәлемдемелер жолданатынын да хабарлап, жерлестерінің көңілін бір серпілтіп тастады. Жақында аталған тарту-таралғыны Елбасы Кеңсесінің жауапты қызметкері Санжар Әлиев астанадан арнайы келіп тапсырды. Аталған шара Қонаев ауылдық округіндегі Төле би атындағы орта мектепте өтті. Әуелі аудан басшысы Нұржан Календеров сөз сөйлеп, игі істің маңыздылығын әңгімеге арқау етті.

– Өңірімізде бастау алған «Жомарт түлек» жобасына алғашқылардың бірі болып қосқан қомақты үлесі үшін Махмұт Базарқұлұлына айтар алғысымыз шексіз! Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының лайықты деңгейде атап өтілуіне, осы жылдар аралығында жеткен жетістіктеріміз бен табысты болуымыздың түбінде туған топырағын қадірлеген еңбек адамадарының қажырлы қайраты мен азаматтық белсенділігі жатыр.

Өзінің туып өскен өлкесін ұмыт қалдырмай, аудан халқына жасаған атымтай жомарттардың игі бастамасы кейінгі буынға үлкен үлгі болары сөзсіз. Ауыл жастарына кітап сыйлау олардың зейінін ашып, сауатын арттыруға сеп болады деп білемін. Ауданымыздың жомарт түлегі Махмұт Базарқұлұлы алдағы уақытта да білім-білігі мен әлеует-қуатын еліміздің абыройын асырып, беделін биіктетуге бағыттай берсін, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Аманат арқалап жеткен Санжар Жұматайұлы көпшілік алдында сөйлеген сөзінде «Жомарт түлек» форумының өте жақсы ойластырылған идея және игі іс-шара екеніне тоқталып, аудандағы еріктілер мен белсенді жастарды ынталандыру үшін оларға арнайы тігілген күртешелер мен кеудешелер табыстады. Оған қоса аудандық кітапханаға көркем әдебиет жанрындағы және қоғамдық-саяси мазмұндағы 500-ден астам түрлі кітап сыйлады.

Сондай-ақ, ауданда өткен түлектер кездесуінде Махмұд Қасымбеков Нұр-Сұлтан қаласынан бейнебайланысқа шығып, С.Сейфуллин атындағы мектептің 1969 жылы бітірген түлектерінің атынан жағдайы төмен отбасыдан шыққан, алайда оқу үлгерімі жоғары 2 оқушыға НұрСұлтан қаласында орналасқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өздері қалаған кез келген мамандықта білім алуға мүмкіндік беретін грант тағайындайтындығын жеткізді. Осылайша, «Жомарт түлек» форумы республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген жүрегі кең, қолы ашық жерлестеріміздің сауапты сәлемдемелерін жеткізген игі шара ретінде Шу ауданы жұртшылығының есінде қалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.