Мұхамедиұлы қайтадан министр болғысы келіп жүр ме?

0 66
Дереккөздің айтуынша, министр Ақтоты Райымқұлова бұл айыптауларды ауыр қабылдапты. Сондай-ақ министрді жақтаушылардың басым бөлігі «шабуылдың артында бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы тұр, ол қайтадан министр болғысы келеді» деп есептейді.

Күні кеше бір топ өнер қайраткерлері Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың атына ашық хат жариялап, араша сұрады. Олардың арасында халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен Лаки Кесоглу, Ғафиз Есімов, Ренат Салаватов, Нұржамал Үсенбаева, Нағима Есқалиева және тағы басқа танымал адамдар бар.
Онда қазіргі індет жайлаған уақытта  өнер саласы да қиындыққа тап болғанын айта келе, бірқатар түйткілді тізбелеп шығыпты. Соның бір ұшы – Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрына келіп тіреледі. Ашық хатта театрдың соңғы кездегі жетістігі сараланып, басшылығына қатысты мәселе де тілге тиек етілген.

Айта кету керек, осы театрда директор болған Ая Қалиева ақпан айының ортасында қызметінен босатылған. Сол кезде өнер ұжымындағы белсенді топ бұл шешіммен келіспейтінін айтқан еді. Олардың пайымынша, экс-директор жұмыс істеген кезеңде театр маңызды белестерді бағындырған көрінеді.
Кешегі ашық хатқа да қол қойғандар Мәдениет және спорт министрлігінің шешіміне қарсылық білдіріп, әлем бойынша осы деңгейдегі театрларды басқару міндеті мықты менеджерлер мен мәдениет және өнер саласында көпжылдық еңбегімен кәсіби дайындығын дәлелдей білген мамандарға тапсырылатынын айтқан.

«Біз театр директоры қызметіне композитор, қоғам қайраткері, тәжірибелі менеджер Ая Қалиеваны тағайындау шешімін толығымен қолдадық. Бірақ 18 ақпанда оны ешбір себепсіз қызметінен алып тастады. Түсініктеме де берген жоқ. Мәдениет және спорт министрлігінің осы шешімі театр ұжымын да, қоғамды да дүрліктіріп жіберді», – дейді хат авторлары.

Сондай-ақ хатта: «Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз сіздің өнер қайраткерлеріне қатысты көзқарасыңызды жақсы білеміз. Сондықтан осы мәселені Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің пайдасына шешесіз деген сенім бар», – делінген.

Осы хаттың көшірмесін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған Қазақстанның кинематографистер одағының басшысы Ермек Тұрсыновтың өзі де арнайы жазба қалдырыпты.
«Енді кітапханашылар меп музей қызметкерлері қалды…»
«Мәдениет министрі тағы жанжалға тап болды. Адамдар оның жұмысына қанағаттанып отырған жоқ. Енді, президенттің араласқанын қалап, шара қолдануды сұрап отыр. Айта кетейін, бұл өнер өкілдерінің мемлекет басшысына жолдап отырған алғашқы үндеуі емес. Бұған дейін осы іспетті хатты «киношниктер» жазған. Одан кейін «театрлар» шулады. Енді музыканттар құлақ асуды сұрап отыр. Кітапханашылар мен музей қызметкерлері қалды. Бәлкім, солар қосылса ғана құлақ асатын шығар. Бұл ашық хаттан бірдеңе өзгере ме? Ештеңе. Әдеттегідей қол қойған танымал тұлғаларға хабарласып, кім үгіттегенін сұрайды. Шын мәнінде, сондай қайраткерлерді біреу мәжбүрлей ала ма? Мұның бәрі тәжірибеде, өмірде тексерілген нәрсе», – деді ол.

Өнер адамдарының Президентке жолдаған хаты


Ермек Тұрсынов әлгі ашық хатты жариялағаннан кейін КСРО халық әртісі, опера әншісі Бибігүл Төлегенова: «Бізді лас іске араластырды!», – дей келе, «Біз министрдің отставкаға кетуін талап еткен жоқпыз. Одан бізге не пайда? Бұл іске неге мені қосып қойғанына таңмын. Біз тек театрдың экс-директорын қызметінен қандай себеппен босатқаны жайында білгіміз келді. Ал Тұрсынов болса бәрін астан-кестеңін шығарған. Ойымызда жоқ нәрсені жазған. Өзімді бір дау қуғыш, министрдің кетуін талап етуші бәлеқор ретінде сезініп тұрмын. Министр Ақтоты Райымқұлова сауатты, өз ісін біледі. Ең бастысы, жұмысын жақсы атқарып отыр», – деген пікір білдірді.
Бүгін Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрында өнер қайреткерлері наразылық танытты. Тілшіміз жиынға қатысып, тараптардың пікірін тыңдады.
Шахимардан Қайдарұлы, Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрының көркемдік жетекшісі:
Біреудің атынан ашық хат дайындау – нағыз бассыздық

– Біз неге бір-біріміздің артымызға түсіп аламыз? Бұл адамгершілік қасиетке жата ма? Біз Абайдың жолымен жүрсек, бұлай болмас еді. Өз басым министр Ақтоты Райымқұлованы өте жақсы білемін. Құрманғазы атындағы консерваторияда 35 жыл жұмыс істедім. Декан болдым. Оны министр етіп тағайындағанда қуандым. Бізге бірлік керек. Мұны басқа ел-жұрт көрсе күледі. Әр нәрсенің өлшемі бар. Ал КСРО Халық әртісі Бибігүл Ахметқызы ешқашан мұндай жала арызға қол қоймайды. Олардың атынан ашық хат дайындау – нағыз бассыздық. Әуелі министрдің жұмысына баға беру керек қой.
Артық Тоқсанбаев, Қазақ Композиторлар қауымдастығының төрағасы:
Сөзінің 60 пайызы – шындық, 40 пайызы – жалған

– Ая Қалиеваны да, министр Ақтоты Райымқұлованы да сыйлаймын. Ашық хатты оқып таң қалдым. Танымал кісінің біразы қол қойыпты-мыс. Сосын режиссер Ермек Тұрсыновтың жазбасын оқыдым. Тілі өткір, білімді жігіт, тәуір журналист, білікті режиссер. Бірақ министрдің ізіне шам алып түскені қызық. Сөзінің 60 пайызы – шындық, 40 пайызы – жалған. Журналистикада арнайы үгіт дегенді оқытатын.
Насихат – идеологиялық қару. Ермек Тұрсынов осы мектептен өткен. Оның артында кім тұрғаны да белгілі. Ол – бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы. Ал Ақтоты Райымқұлованың министр болғанына – 1 жыл 9 ай. Мәдениет саласындағы келеңсіздіктерді айтқысы келсе, 6 жыл министр болған Арыстанбек Мұхамедиұлы кезінде неге үнсіз қалды?
Марат Тоқашбаев, журналист-публицист:
Мұның астарында не қаржылық себеп, не басқа топтардың ықпалы бар

– Ермектің жазбасын көріп, ішімді өкініштің жалыны кернеді. Бұған дейін де күйе жаққан мақала жазды. Оған бірталай зиялы қауым өкілі жауап берді.
Негізі, министр Райымқұлова келгелі біраз шаруа тындырды. Шын мәнінде өнерге жанашыр болса, министрге неге көмектеспейді? Арнайы хат жазып, «Мына жұмысыңыз көңілімізге қонбайды. Бірігіп істейік, біз көмектесуге әзірміз» десе, ағалықтың сөзі болар еді. Бірақ Тұрсынов тасада тұрып тас лақтырғысы келеді. Мұның астарында не қаржылық себеп, не басқа топтардың ықпалы бар сияқты.
Кеше бірқатар өнер қайраткерінің мәлімдемесі шықты. Қол қойғандардың бәрі «Бізге айтқан мәселе бөлек еді» деді. Яғни, манипуляция жасаған. Бұл – қазақ кино саласының мақтанышына айналған азаматқа ұят жағдай. Сондықтан министрді бұл былықтан арашалап алуымыз керек.
Nege.kz режиссер Ермек Тұрсыновқа да хабарласып, пікірін білді.
«Базардағы өсек айтатын қатындардың сөзі!»

– Ермек Кәрімжанұлы, «Президенттің атына жолданған ашық хатты сіз ұйымдастырды» деген пікір бар. Сол ашық хатқа қол қойғандар «Хаттың мазмұнын білмей қалдық. Біз тек театр директорының не үшін кеткенін сұрағымыз келген» дейді. Бұған не дейсіз?
– «Фейсбуктегі» парақшамда жарияланған мақаламда ойлағанымды, түйгенімді, білетінімді жаздым. Оны интернет сайттары көшіріп басты. Әрқайсысы өзінше тақырып қойған. Олардың редакциялық саясатына араласпаймын. Тек өз жазғаныма жауап беремін. Сол жазбамда «мақалам шыққан соң, осындай жасанды жиындар ұйымдастырылады» деп кесіп айттым. Ол көрініп тұрған нәрсе ғой. Сондықтан түсініктеме бергім келмейді.
Ал президенттің атына жазған ашық хатқа менің қатысым жоқ. Оны «Айқын» мен «Литер» газетінің сайтынан алдым. Оның жарияланғанына бір апта болған. Мәтіндегі бір сөзіне қаламымның ұшы тиген жоқ. Ашық хатқа қол қойған авторлардың мәтініне комментарий жасаған жоқпын. Бірақ сол хатқа сүйене отырып, өзімнің ойымды жаздым.
– «Ешкімнің сойылын соғып жүрген жоқпын» дейсіз бе?
– «Оның артында біреу тұр» дегені – түкке тұрмайтын әңгіме. Ондай пікір айтқан адамдарды сотқа беруіме болады. «Кімнен қанша ақша алғанымды білесің бе? Сен алдымен соны дәлелде. Нақты сондай екеніне көз жеткіздің бе?» деп айтар едім. Менің артымда ешкім жоқ. Өзім ғана. Өмір бойы, 30 жыл бойы мәдениетке байланысты мәселелерді, ағарту жұмыстарын айтып келе жатқан адаммын. Сондықтан әуелі бұлай айтпастан бұрын, сөздеріне абай болсын.
– «Артында біреу тұр» дегенді әлденеге сүйеніп айтқан болар?
– Егер бірдеңені білсе, анықтап алсын. Нақты дәлелмен айтсын. Айтпаса, онда бәрі бос сөз. Кәдімгі базардағы өсек айтатын қатындардың сөзі. Ал дәлелдей алмаса, сотқа бергенде ертең ренжімесін. Өз басым олардың артында кім тұрғанын көріп тұрмын.
– «Соңғы кезде Тұрсынов мемлекет тарапынан кино саласына бөлініп жатқан қаржыдан қағылды. Оның ішін күйдірген осы қыжыл» деген пікірді де естідік.
– Бұл – нағыз ақымақтың сөзі. Бұған пікір білдіргім де келмейді.
– Қазіргі министрдің жұмысына қандай баға бересіз?
– Фейсбуктегі әлгінде айтқан жазбамда барлық жауап айтылған…
P.S. Дереккөздің айтуынша, министр Ақтоты Райымқұлова бұл айыптауларды ауыр қабылдапты. Сондай-ақ министрді жақтаушылардың басым бөлігі «шабуылдың артында бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы тұр, ол қайтадан министр болғысы келеді» деп есептейді.

sn.kz

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.