Терроризмге қарсы күрес тоқтамайды
Еліміз соңғы бес жылда террорлық актілерден ада, лаңкестік оқиғадан тыныш. Бұл арнайы қызметтің ыждағатты жұмысының жемісі болса керек. Ендеше осындай радикалды идеологиялар саябыр тапқан кезде, профилактикалық жұмыстарды жандандыра түскен абзал болар. Мешіттер мазхабтық уағызын, мектептер патриоттық тәрбиесін, қоғамдық ұйымдар зайырлық насихатын күшейте түссе, теріс жолға түсуден қаншама адамды сақтап қалуға болар еді. Өйткені терроризмге қарсы күшпен әрекет ету аз, оның түп-тамыры идеологияда жатқандықтан, құқықтық-зайырлы мемлекет екенімізді паш етуден шаршамауымыз керек.
Ахуал тұрақты, бақылау мықты
Елімізде терроризмге қарсы күреспен негізінен Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысады. Мұнда 2014 жылы құрылған Терроризмге қарсы орталыққа осы бағытта үлкен өкілеттік жүктелген. Тіпті, лаңкестік акт бола қалған жағдайда, оған қарсы күресетін қызметтерді басқару билігіне дейін берілген. Бүгінде аталған орталық алдын алу және жолын кесу жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруда. Мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, еліміздің терроризмге қарсы іс-қимыл саласында тұрақты ахуалды қамтамасыз етіп келеді. Мәселен, өткен жылы ешқандай да террорлық актілерге жол берілген жоқ. Террористік сипаттағы 6 зорлық-зомбылық қылмысының дайындық барысында жолы кесілді. Нәтижесінде, терроризмді насихаттаған және террористік әрекеттерді дайындаған 80 адам сотталды.
Сонымен қатар террористердің мемлекетіміздің аумағын транзиттік қозғалыс ретінде пайдалану мүмкіндіктері де шектелді. Терроризм мен діни экстремизмге қатысы бар 16 шетел азаматы анықталып, шетелдік арнайы қызмет өкілдеріне тапсырылды. Халықаралық террористік ұйымдар қатарындағы қазақстандықтардың санын азайту жұмыстары да жалғасып жатыр. ҰҚК мәліметі бойынша, былтыр шетелдік арнайы қызмет өкілдері осындай 6 террористі ұстап Қазақстанға берген болса, халықаралық террористік ұйымдардың бұрынғы 8 мүшесі өз еркімен елге оралған. Халықаралық құқық пен мемлекеттің террористік әрекет үшін беретін кепілдендірілген жазасынан бұлтартпау аясында бұл азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде терроризм актісі туралы жалған хабарламалар тарату деректерін азайту тенденциясы қалыптастырылды. Мәселен, 2018 жылы – 133, 2019 жылы – 77, 2020 жылы 61 дерек тіркелді. Осы уақытқа дейін Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша (терроризм актісі туралы жалған хабарлама беру) 22 адам сотталып, қалғандарына сот алдындағы өндіріс жүргізіліп жатыр.
Лаңкестің кегінен сақта
2020 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті 6 терактінің алдын алған болатын. Соның екеуі наурыз айында Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ұйымдастырылмақ болған. Мәселен, 13 наурызда оңтүстік астанамызда ұсталған күдіктіден арнайы қызмет өкілдері 2 граната алған. ДАИШ халықаралық террорлық ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған) идеологиясын ұстанушы Наурыз мейрамы кезінде халық көп жиналатын жерлерге барып жарылыс ұйымдастырмақшы болыпты. Ал содан көп ұзамай 25 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласында жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде теріс ағым өкілдерінің тағы бірі қолға түсті. Одан жаралайтын элементтері бар қолдан жасалған жарылғыш құрылғы алынды. Ол кісінің де деструктивті идеологияның ықпалымен жарылыс ұйымдастырмақ болғаны анықталды. Теріс ағым өкілдерінің бұл әрекеттерін ұлттық құндылығымызға, зайырлығымыз бен тәуелсіздігімізге қарсы жасалған қастандық деп бағалауға болады. Қалай болғанда да, деструктивті, экстремистік, радикалды идеологиядан ең бірінші кезекте қарапайым халық зардап шегетіні өкінішті. Олар тек алалау мен араздық нысаны болып қана қоймай, лаңкестердің «ойдан шығарылған кегінің» құрбаны болып жатады. Ал биыл 26-27 наурызда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында антитеррористік бір-ақ шара өтті. Онда да бұл бізге белгілісі. Екі күндік операция кезінде Полиция департаменті қала халқынан көмек беруін өтінді. Жаңаөзендіктерден жүрген жерлерінде мұқият болып, иесіз сөмке, оралған сүлгі, қорапша, қапшық, чемодан сияқты тағы да басқа заттар көрсе, әсіресе одан сымдар шығып тұрса, полицияға хабарлауы сұралды. Күдікті заттарға өздігінен жақындамауы, танымайтын адамдардан сақтауға немесе тасымалдауға заттар қабылдап алмауы ескертілді. Шара нәтижесі хабарланған жоқ.
Бірінші нысана – күштік құрылымдар
Мамандар Қазақстандағы террорлық актілердің басым көпшілігі күштік құрылымдардың өкілдеріне бағытталатынын айтады. 2011 жылдан 2016 жылға дейін болған террорлық актілер кезінде осындай тенденция байқалған. Лаңкестердің қолынан зардап шеккендердің басым көпшілігі, яғни 85%-ы полиция қызметкерлері, әскерилер және арнайы қызмет өкілдері болған. Осыған байланысты экстремизм және терроризммен күресте негізгі басымдық ҰҚК мен ІІМ-нің кәсіби кадрларын даярлауға бөлінеді. Олардың біліктілігін арттырып, контртеррористік операцияларды жүргізу әдістерін күшейту республика көлемінде де, жергілікті ауқымда да жүргізіліп келеді. Мәселен, былтыр жергілікті жедел штабтың күшімен 181 терроризмге қарсы оқу іс-шарасы өткізілді. Ал республикалық «Көкшетау-Антитеррор-2020» оқу-жаттығуында биологиялық сипаттағы террористік қауіптерге ден қою шаралары пысықталды. Терроризмге қарсы операцияны өткізу кезінде жедел штабтардың іс-қимылын жаңа онлайн-үйлестіру форматы сынақтан өткізілді.
Интернет ресурстарда терроризмді насихаттауды азайту мақсатында 53 мыңнан аса террористік және экстремистік материал жойылып, бұғатталды. Қарсы насихаттау мақсатында интернет пен әлеуметтік желілерде 67 мыңға жуық материал, БАҚ-та 37 мыңнан аса басылым жарияланды. Оларда терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша мемлекетпен қабылданатын шаралар басылып, деструктивтік діни ағымдардың теріс мәні ашылады.
Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу деңгейі 77,7%-ға жеткізілді. Объектілердің қорғалу жағдайын ҰҚК органдары 160 жедел эксперимент өткізу кезінде бағалады. Азаматтардың 210 күдікті зат және 137 оқ-дәріні анықтау оқиғасына уақытылы ден қою тиісті деңгейде қамтамасыз етілді. 1,2 млн қазақстандықпен дінге төзімді сана мен қоғамның радикалды идеологияға иммунитетін күшейтуге бағытталған 25 мыңға жуық профилактикалық шара өткізілді.
Терроризм мәселесінде еліміздің ең үлкен жетістігі деп «Жусан» операциясын айтуға болады. Бұл тек ішкі қауіпсіздігімізді нығайтуға бағытталған шара ғана емес, әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның беделін арттырған оқиға болды. Қазір «Жусан» операциясы шеңберінде қайтарылған репатрианттарды оңалту жұмысы жалғасуда. Ондағы әйелдердің басым көпшілігі радикалды идеологиядан бас тартты. Әзірленген Жол картасы шеңберінде олардың жасөспірім балаларымен кешенді профилактикалық жұмыстар қамтамасыз етілуде. Осылайша, елімізде діни экстремизмге қарсы зайырлық жолымен иммунитет қалыптасуда. Ал «Жусан» операциясы біздің кішігірім болса да терроризмге қарсы күрестегі идеологиялық жеңісіміз.
Нұрлан ҚОСАЙ