Қазақы төбет, қайдасың?
Қазір әлемде иттің 400-дей түрі бар екен. Соның ішінде қазақтың құмай тазысы жүйріктің бірі деп танылса, төбет ең ірі 10 иттің қатарына енген. Енді, міне кезінде бабаларымыз жеті қазынаның біріне жатқызып, төрінен орын сайлаған нағыз тазыларды осы күні түстеп тану қиынға соғып отыр. Ал төбетіміз тіптен жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды. Тауықтың тізімін жасап, сиырға сырға тағуды үйренген қазақ, неге екенін қайдам, төл қазынасын түгендеуге енжар болып барады.
Таздың шашындай ғана тазы қалды
Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Алтын адамның ерткен иті жоқ. Егер ерте қалса, оның тазы болатынына менің еш күмәнім жоқ» дегеніне сүйеніп, тарих беттерін парақтасақ, тазының қазақ даласында алғаш б.з.д. 7-6 мыңжылдықта қолға үйретілгеніне көз жеткіземіз. Ғалымдардың пайымынша, шамамен 2000-2500 жыл бұрын тасқа қашалған петроглифтер де оның сонау Сақ заманында қолға үйретілгенін айғақтайды. Ал орыс зерттеушілері 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласында 10 мыңға жуық тазы болғанын жазып кеткен. Қазір соның таза қандысы 500-ге де жетпейді екен. «Аштық кезінде бір өзі тұтас бір ауылды асыраған» дейтін бұл иттің сырттаны Кеңес Одағы заманында, тіпті 200 басқа дейін кеміген көрінеді. Аштық демекші, академик А.Слудский 30-жылдары қазақ даласында шамамен 7 мыңнан астам тазы болғанын және олар бір маусымда 30 мыңдай аң ұстағанын жазған. Өкінішке қарай, сондағы репрессия талабымен тері өңдейтін фабрикаға ит терісін қажетсініп, бір ғана Қызылорда облысының өзінен 500 итті жинап әкеткен. Оның 90 пайызы – таза қанды қазақы төбет пен жарғаққұлақ тазы болған көрінеді. Сонымен қатар халықаралық дәрежедегі сарапшы Рашид Әубәкіров Хрущевтің өзі түлкі, қояндарды аулау тәсілін «өте ынжық», «жабайы» санап, сол үшін барлық тазыны жаппай қыруға бұйрық бергенін айтады. Қазір де ит атушылар көшеде көзіне көрінгенін ата салады. Ол онсыз да тұқымы тұздай құрығалы тұрған тазы мен төбет болса да бәрібір. Далада жүр ме, бітті, қаңғыбас иттер санатында.
Бір жағынан, қазір ит жүгіртіп, құс салатын жігіттер некен-саяқ. Тазы болса, тумысынан аңшы ит. Балконнан мөлейіп, тас көшеге телміріп отыру мен қалалық ақсаусақтың жетегінде жүру – табиғатына жат. Ал аң аулауға әуес азаматтар оны білместікпен арабтың салюкиіне, қырғыздың тайғанына, ағылшынның грейхаундына ылықтырып, тәуір тұқымын былықтырып жіберді. «Тазы» деп аталғанмен, нақты қандай тұқым екенін айыру қиын. «Жаңашылдыққа» ұрынудың кесірінен дүрегейден гөрі дүбәра деуге келетін бірдеңелер пайда болды. Сондықтан кинологтер тазының халықаралық деңгейде танылуы тиіс таза қанын сақтап қалу үшін генетикалық зерттеуге басымдық беріп, аралас тұқымдардан арылу керегін алға тартуда. Ал ұлттық тұқымды анықтау және тіркеу – 2014 жылы құрылған «Қансонар» қоғамдық бірлестігі мен аңшылық шаруашылығының міндеті.
«Стандартты бекіту үшін кем дегенде мың итті сипаттап жазып, олардан жоқ дегенде 3 өсім алу керек. Сондай-ақ стандартқа жазған нормалардан ауытқу патология саналатынын дәлелдеуіміз шарт. Оған ондаған жыл кетеді. Ал иттердің толыққанды тұқым беретін репродуктивті жасы 2 жастан басталады. Оған келесі 2 буынды қоссаңыз ғана әлгі 10 жыл шығады», – дейді «Қансонардың» кинологі Ольга Вишнякова. Заман талабы сондай болғандықтан, таза қанды екені көзге ұрып тұрса да тазымыз ресми құжатсыз көп иттің бірі ғана болып қала бермек. Екіншіден, оның тектілігін дәлелдеу қажет. Алайда бізде тазыға қатысты «шежіре құжат» та жоқ.
Сөйтіп, асылтұқым тізімін жасау мақсатында ауыл аралауға ерініп жүргенімізде, Ресей, Түркия және Еуропаның бірнеше елі қазақы тазыны «Орта Азия борзайы» атауымен патенттеуге құжат әзірлеуді көздеп қойыпты. Олардың төбетті сырттай Ресейдің ұлттық иттерінің бірі етіп, «Азия овчаркасы» санатына теліп қойғанына қарағанда, бұл істің де қолдарынан келетініне күмән жоқ. Өйткені БҚО тұрғыны Рауан Сатыбалдиев: «Қазақ жеріндегі тазылардың стандарты бекітілгенмен, әр облыс өз тазысын қазақы құмайдың эталоны ретінде қарап, бір ымыраға келер емес. Бізден талап етілетіні бір-ақ нәрсе – таза тұқымды тазылар санын 1 000-ға жеткізіп, арнайы реестрге тіркеу. Әркім көрпені өзіне тартып, қалайда өз тазысын биік қою үшін қызылкеңірдек болып жүрер болса, бұл даудың жуырда бітпесі анық», – дейді. Тазы ұстап отырған Естай Туғанбай мен «Қансонар» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Сұлтан Әбдірайымов та осындай алауыздықтың кесірінен патенттеудің ауылы әлі алыстау болып тұрғанын растады. Ал Азия елдерінің ішінде Оңтүстік Корея мен Жапония иттерінің таза тұқымын сақтау үшін бірауыздан арнайы заң қабылдаған. Түріктер иттерін патенттегеннен бөлек, тіпті оның қорғалуын Қорғаныс министрлігі қатаң қадағалайтын болған. Сондай-ақ Түрікменстан шекарасынан бір алабайды алып өтпек болсаң, түрмеге қамаласың.
Айта кетсек, «Қансонар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оралбай Әбдікәрімов қазақ тазысын халықаралық деңгейге шығару үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдері мен Президентке және Бельгиядағы FCI атты халықаралық ит бағу федерациясына дейін хат жолдап келген. Соның нәтижесі енді шығатын түрі бар. Өйткені Мәдениет және спорт министрлігінің басқарма басшысы Мейрамбек Махамбетов «Арнайы жұмыс тобы құрылды. 2021 жылы жақсы жаңалығымыз болады деп сенемін» деп алақан ысқылап отыр. Бұл ретте арнайы питомник ашып, тазыны жоғарыда аталған елдер сияқты мемлекеттік деңгейде қамқорлыққа алмасақ, FCI-дің «қазақтың иті» деп мойындай салуы неғайбіл.
Алабайдың атасы – қазақы төбет
Төбеттің археологтер тапқан ең көне сүйегімен сәйкес келетін дерекке сүйенген тарихшылар сол дәу иттің қазақ қолындағы дәурені б.з.д. 1121 жылы басталған деседі. Ал әйгілі саяхатшы Марко Поло XIII ғасырда қазақ даласына табан тіреп, сол сәттегі естелігінде біздің төбетті «Тайыншадай биік денелі иттер түз тағыларын аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік сияқты» деп жазыпты. Сондай-ақ кезінде этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы да бұл асылтұқымды итті «Әлемдегі 116 ит түрі ішінде қазақтың таутөбеті ең ірісі болып табылады. Оның кеудесі, мойны, тұмсығы – жуан, басы, аузы – үлкен, тістері – ірі, езулері салақтап жүреді. Тұмсығы келтелеу болса да жуан болып келеді. Жүні қалың, ұзын қылшықты. Бас жүні бет-аузын жауып тұрады. Құлақтарын да жүн басып алған» деп суреттеген. Жалпы, осынау қазақы иттің таутөбет, маңтөбет, бәйтөбет деген үш түрі бар. Таутөбет – Жағда Бабалықұлы айтқан ең ірісі. Қыста үйшікке жатпай, «мұз төсеніп, қар жамылып» жата береді. Маңтөбет – далада күні бойы мал күзететін, қасқыр алатын ит. Төбеттің осы түрі иесі қайтыс болса, оны моласының басында жатып қайғырады екен. Бәйтөбет – тықыр жүнді, жазық маңдай, арқасы сәл қайқы біткен ірі тұқым. Үстіңгі ерні қалың, иегі жалпақ, дөңес қабақты, құлағы бас терісінен үшбұрыш болып төменірек біткен, қарны кеуде тұсымен деңгейлес, жамбасы белімен тұтасқан ит.
Мамандардың айтуынша, 1940 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 19 мыңдай төбет болған. Ал қазір небәрі 1 000-ның айналасында десек, оның 170-і ғана таза қанды көрінеді. Себебі олар 1966 жылы Қытайдағы, 70-жылдары Қазақстандағы мәдениет төңкерісі кезінде «ескіліктің сарқыншағы» ретінде жоғала бастаған. Тіпті, Қытайдың жаңа жыл мерекесінде ит сою дәстүріне сәйкес, «қазақ төбетінің еті тәтті» деген желеумен қытайлар қорадағы итті қоймайтын болыпты. Кейін тәуелсіздік алып, жоғымызды түгендей бастадық. Осылайша, үркіншілік жылдары қазақ байларымен бірге шекара асып кетіп, Қытай, Моңғолия жеріндегі Алтай қазақтарында және Түркиядағы қандастарда сақталған төбеттер жеткізіліп, олардың гені зерттелді.
Бұл ретте түрікмен алабайының атасы да біздің қазақы төбет екенін ескерте кеткен жөн. Олардың өзі алып иттерін бертінге дейін «алабай» демей, «қазақы төбет» деп атап келген. Өйткені төбеттер Түрікменстанға большевиктер қуғындаған адайлармен бірге жеткен. Алайда атасы қазақы төбет болғанымен, түрікмен алабайы – әбден қаны бұзылған ит. Сондықтан олар ызақор, қабаған болып келеді. Тіпті, алдындағы тамағын қызғанып, өзінің иесін де жеп қоюға даяр тұрады. Қазақы төбет болса, керісінше көрінгенге шабаланып үрмейді, байлаусыз жүрсе де адам қаппайды. Тек бөтен адам келсе ғана маңқ етіп үріп, дыбыс береді. Балалар онымен ойнап, үстіне де мініп алып жүре береді. Әдетте еріншек көрінетін тайыншадай төбеттер қасқыр көрсе көзі жанып, ширығып шыға келеді. Алайда қалыпты психикасы бұзылмаса, ит таласына түспейді. «Егер ит таластырудан қазақ төбетін көрсеңіз, бұл – таза қанды төбет емес. Ит төбелестіргіштер төбеттен ызақор, шапшаң ит шығару үшін оны қазір неше түрлі шетелдік тұқымдармен будандастырып әлек. Таза қанды төбеттің күн санап азайып бара жатуының негізгі себебі – осы», – дейді алматылық ит өсіруші Асылбек Әбдіқанұлы.
Сондықтан былтыр Нұр-Сұлтанда таза қанды тазы мен төбет орталығы ашылды. «1958 жылы елімізде тазы ғылыми түрде зерттеліп, оның стандарты бекітілді. Қазір сол стандартқа сай еліміз бойынша тазыларды тіркеп жатырмыз. Онда тазының атауы, қай жердікі және жас мөлшері секілді барлық мәлімет көрсетілген. Ал төбеттер тым аз. Себебі ол басқа ит түрімен будандастырылып, өзіндік қасиетін жоғалтып алды. Негізі, біздің төбет әлемдегі салмағы 100 келіден асатын ірі 10 иттің қатарына енеді», – дейді «Қансонар» республикалық қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов.
Төбет әлемдегі 10 ірі иттің қатарына енгенмен, «қансонарлықтар» оның таза қанды онын да таппаған. Бірлестіктің бас кинологі Инна Назаренко: «Ең алдымен иттің сыртқы сипатына көңіл бөлеміз. Өзі төбет сияқты, бірақ күшіктері түсініксіз болып шығады. Шамамен 230 итті қарағанда, соның ішінен стандартқа 70-80 пайыз сай келетін 10 ит те шықпады. Бұл – өте алаңдатарлық жайт» деп налыды. Ол аздай, қазақтың өзі сынды маңғаз төбетін қазір нұрсұлтандық кинологтер есірткі заттары мен адам іздеуге пайдаланып отыр. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.
Ит сатып, байымай-ақ қоялық!
Тақырыпқа тұздық ету үшін қазақы тазы мен төбетті сататын питомниктерді іздеп көрдік. Хабарландырулар толып тұр екен. Таза қанды иттер емес екені түсінікті. «Екі тазы ит сатылады. 35 000 теңге. Аңға шыққан, ауызданған тазылар» деп қойыпты жамбылдық азамат. Жаңақорғандық жігіт болса, төбет күшігін 30-50 мың теңге аралығында, ірілерін 150 мың теңгеге сатуды кәсіпке айналдырған. Алабай болса керек, әйтеуір олар күніне 10-15 келі шикі ет жейді екен. Ал Петропавл тұрғыны итін сатпайды, бірақ сатып алады. Нақты айтқанда, ол жоғалтып алған тазысын тапқан адамға бір қой немесе ақшалай сыйлық бермек. Өйткені оның табылғаны өте маңызды.
Қарап отырсаңыз, сол тазы мен төбеттің кей күшігі 1 000 долларға дейін барады. Осы орайда қарағандылық тазы ұстаушы Құрманғазы Әлиманов: «Нарық заманында «ит сату», «ит сатып алу» деген ұғым бар. Бірақ мен осыны қабылдай алмадым. Ол қанша жерден жүйрік тазы болсын, оның арғы атасы ит қой. Ит сатқаны несі?! Ел осыны ескерсе екен деп ойлаймын. Біреулер бұдан нәпақасын да тауып жатқан болар. Десек те, «ит сатып, нан тауыпты» деген тұрпайы естіледі. Шынайы жанашыры болса, «қазақтың төл өнеріне қиянат жасамаймын» деген адамға тазыны тегін тарату керек» деп салды. Сондай-ақ ислам дінінде де сату мақсатында ит асырау – мәкрүһ деп есептеледі. Имам Шафиғидің айтуынша, ит «нәжәсүл-ъайн», яғни «нәжістің өзі» саналып, өзге нәжіс тәрізді құнсыз затқа жатады екен. Сол себепті кез келген ит сауда заты бола алмайды. Мысалы, кезінде қасқырдың сырттанын алып, атағы алты қыр асқан тазыларын қалыңмалдық жылқыға айырбастамаған қазақтар көп болыпты. Қазақ қана емес-ау, Мұхтар Құл-Мұхаммед Виктор атты досынан бір жастағы Дауыл деген тазыны 1 000 долларға сұрағанда, ит қадірін жақсы білетін ол жауабын: «Сатпаймын! Тұқым үшін қалған» деп келте қайырған екен. Осындай адалдықтан айнымасақ, жоғымыз түгенделіп, барымыз бағалана түсер…
Еркеғали БЕЙСЕН