Түлектер ауылға ойын алаңшасын салып берді
Бүгінде облысы әкімі Б.Сапарбаевтың «Жомарт түлек» жобасы Жамбыл ауданында
ерекше қолға алынған.
Айталық, жуырда ғана жоба аясында Шоқай ауылында 1,5 млн теңге көлемінде ауылдық арка, Шайдана ауылында 10 млн теңге көлемінде спорт кешені мен ауылдық спорт мұражайы түлектердің өзара бірлесіп, ұйымдасуымен елдің қажетіне берілсе, бүгін Қарасу ауылдық округіндегі Қ.Сартбаев атындағы орта мектепті 2001 жылы тәмамдаған Ащыбұлақ және Шайдана ауылының 1984 жылдары туылған азаматтары ауылға балаларға арналған ойын алаңшасын салып берді.
Мектеп түлегі Олжас Амангелдіұлының айтуынша, құрылыс жұмыстарына 2 млн теңге қаражат жұмсалған.
— Жылдар өтсе де мектепке дәлірек айтсақ, ұстазға деген сағыныш басылмайды екен. Бүгін сыныптасарымызбен бірлесіп, ауылға осындай игілікті істі атқардық. Арамызда бақилық болған азаматтардың ата-анасы осы игілікті шараға келіп, ойын алаңшасының кермесін қиып, ізгі-тілектерін білдірсе, ардагер ұстаздар білім ордасының табалдырығында жүргендегі естеліктерімізді айтып, бір сергіп қалды.
Осындай бастама әр ауылда жалғасын таба берсе, туған өлке жасара беретіні сөзсіз,- дейді ол бізбен әңгімесінде.
Мұнан соң жомарт түлектер ойын алаңшасында асыр-салып ойнап жүрген балдырғандарды тамашалап, ауылдық мешітте дастархан жайып, ұстаздарына ілтипат көрсетті.
Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы