Жамбылдық кітапханашылар жарады
Кәсіби мереке қарсаңында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі сала ұйымдары мен қызметкерлерінің IV республикалық «Рухани қазына – 2021» онлайн фестивалін өткізді. Аталмыш додаға Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы үздік жоба ұсынса, аймақтық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының кітапханашысы үздік қызметкер атанды.
Мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру, аймақтық мәдениет ұйымдарының имиджін көтеру мақсатында жарияланған фестивальға облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының кітапханашысы, І топтағы көз мүгедегі Ербол Бегимов қатысып, мерекеге орай марапатқа ие болды. Бұл байқауға облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы жыр алыбы Жамбыл Жабаев туралы жоба ұсынған болатын. Өз кезегінде бұл жоба үздік деп танылды.
– Дүниежүзінің ондаған тіліне аударылып, толық жинақтары мен жекелеген кітаптары өз елімізде әлденеше реттен жарық көрген ақын шығармашылығы туралы жүздеген зерттеулер жазылып, жамбылтану ғылымы қалыптасты. Ақын бейнесі көптеген әдеби шығармалар мен өнер туындыларынан өз орнын тапты. Жамбыл өлеңдерінің қуаты, құдіреті – оның өрнекті теңеу, ойлы тереңдігінде жатыр. Жамбыл өлең-жырлары кейінгі ұрпақ үшін тек танымдық дүние ғана емес, аңсап, сусап оқитын, тәлімдік, тәрбиелік өнеге, өлшеусіз ғибрат. Жамбыл шығармашылығы бүгінгі күні де актуальді және қазақстандық, сондай-ақ шетелдік оқырмандардың, әдебиет зерттеушілердің оқып-зерттеу нысаны болып табылады. Атақты ақынның мол мұрасы – өмір тарихының айнасы екені даусыз. Оның шығармалары халықтың тарихын терең түсінуге, қазақ халқының мызғымас бірлігі тамырының тереңдігін неғұрлым анығырақ сәулелендіруге, рухани және әлеуметтік өмірді әлемдік өркениетті қоғамға сай жаңа сапалық деңгейге көтеруге көмектесетіні анық.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастауымен үстіміздегі жылы адам өміріндегі өнердің мәнін, өнердегі Жамбыл Жабаевтың бейнесін ашу, азаматтық және патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін тәрбиелеу мақсатында «Өлең сөздің даңғылы – бар қазақтың Жамбылы» кітапханалық жобасын жүзеге асырған болатын,– дейді Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова.
Ал Ербол Аққайұлы «Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мемлекеттік кітапханасының қызметкері» номинациясы бойынша марапатталып отыр.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың ғимаратында өткен іріктеу күнінде Ербол Аққайұлы қазылар тарапынан қойылған сауалдарға мүдірмей жауап беріп, өзі жүргізіп отырған үйірмелердің жұмысы мен Брайль қарпінде шығарып жатқан кітаптары туралы жан-жақты таныстырып өткен.
Ербол Акқайұлы бұған дейін де өз адал еңбегінің арқасында Ұлттық академиялық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» атты төсбелгісімен марапатталған болатын.
Айта кетсек, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен кітапхана заманауи талапқа сай тифлокешенді компьютер жиынтығы мен Брайль принтері, арнайы бағдарламаларын алып, Брайль алты нүктесі бойынша кітап шығаруға қол жеткізіп отыр. Осы саланы тыңғылықты игерген Ербол Бегимов 2014 жылдан бері Брайль алты нүктесі бойынша 1 155 дана кітапты жарыққа шығарды. Брайль қарпіндегі әдебиеттер аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне, қарттар үйіне, қазақ соқырлар қоғамына, «Болашақ» мектеп-интернатына таратылады.
Майталман маман биылғы жылдың өзінде Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» акциясы аясында Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр», Агата Кристидің «Ғайып болған миллион» кітаптарын Брайль қарпіне аударып, көпшілікке жеткізген.
Осы ретте дәл бүгін, яғни мәдениет және өнер қызметкерлері күні өз еңбектерімен жаңа белесті бағындырып отырған қос кітапхана ұжымына толағай табыс тілейміз!
Н.СЕРІКХАНҰЛЫ