Мектепте мылтықтың үні емес, балалардың күлкісі естілуі керек
Қазақстандағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі бұған дейін де аз айтылып, аз жазылып жүрген тақырып емес еді. Татарстанның Қазан қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін мәселенің өзектілігі, маңыздылығы тіптен арта түсті. Олай болмағанда қайтсін, бейбіт күнде оқ атылып, жазықсыз жандар жапа шекті. Майдан даласында емес, мектепте жеті оқушы, екі мұғалімнің өмірі қыршынынан қиылды.
Дүйім дүниені дүрліктірген оқиғадан кейін көптің көңіліне алаң кірді. Әсіресе ата-ананың… Айтуға ауыз бармайды. Бірақ бетін әрмен қылсын, Қазандағы оқиғаның Қазақстанда да қайталанбасына кім кепіл?! Міне, дәл осы сауал қазіргі уақытта көптің көкейінде жүр.
Жантүршігерлік қанды оқиғадан кейін ҚР Үкіметі шұғыл әрекетке кірісті. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бүгінге дейін атқарылған жұмыстар таразыланып, алға үлкен ауқымды міндеттер қойылды. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында елдегі білім беру мекемелерінде қауіпсіздік күшейтілетінін айтты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуге қатысты тапсырмасы бойынша арнайы жиын өткізіп, тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне байланысты облыстағы ахуалмен танысып, жұртшылықтың бойындағы үрейін сейілту мақсатында білім ошақтарында оқушылардың қауіпсіздігіне қаншалықты көңіл бөлінгенін, шешімін күткен қандай мәселелер бар екенін саралап көрген едік.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың сөзіне сүйенсек, мектептерді қоршау, санитарлық тораптарды ғимарат ішіне кіргізу, бейнебақылау камераларымен қамтуда ешқандай алаңдатарлық мәселе жоқ.
– Облыс бойынша 442 мектептің 432-сінде қоршаулар орнатылған. 285 мектепке санитарлық тораптарды орнату үшін 1,1 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күні барлық мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары аяқталды. Мектептер санитарлық тораптармен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 442 мектептің және 415 балабақшаның барлығында (100 пайыз) бейнебақылау камералары орнатылған. 442 мектепте 8 372, ал 415 балабақшада 4 981 бейнебақылау камерасы бар. Білім беру ұйымдарындағы ауыстыруды және қосымша орнатуды талап ететін 2 193 камера анықталып, оған 204,7 миллион теңге қосымша қаржы бөлініп, игерілді. Тараз қаласында орналасқан мектептер мен балабақшалардағы 2 862 бейнебақылау камерасын облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығына интеграциялау мен бақылауды күшейту шараларына шамамен 300 миллион теңге қаржы қажеттігі анықталды, – дейді Г.Махақызы.
Сонымен қатар 442 мектептің 47-сінде (10,6 пайыз) турникеттер орнатылыпты. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 179 миллион 731 мың теңге қаражат бөлінген. Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 553 миллион 640 мың теңге қаралып, 73 мектептегі турникет мәселесі шешімін табады деп жоспарлануда.
Ал саладағы өткір мәселенің бірі – мектеп инспекторларының жетіспеушілігі. Бүгінгі таңда 442 мектептің оқушыларының тәртібіне 159 инспектор жауапты.
– Мектептерде қауіпсіздік ережелері бекітіліп, онда келушілерді тіркеу, қабылдау, шығарып салу регламенті айқындалған. Ата-аналар және бөгде адамдар білім нысанына кіру кезінде вахтерлерге міндетті түрде тіркеледі. Мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша «Альфа-күзет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мамандандырылған күзетті ұйымдастыру ұсынысы алынды. Аталған мекеменің ұсынысы бойынша, орта есеппен алғанда Тараз қаласындағы 60 мектепке шамамен 410 миллион теңге қажет екендігі есептелді. Мұнда әр мектепке күзет мекемесі арқылы 2 пост қою және дабыл нүктелерін орнату мәселесі қарастырылған (тревожная кнопка). Облыс мектептерінде 795 вахтер, 1 366
мектеп қарауылы жұмыс істеуде, – деген Гүлнар Ходжабергенова мектеп маңындағы иесіз қалған ғимараттар мен нысандарға түгендеу жүргізіліп, 75 «Қауіпті аймақ» дерегі жасалғанын жеткізді. Аталған деректер жергілікті әкімдіктер мен полиция департаменті тарапынан бақылауға алынған.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, алаңдауға еш негіз жоқ. Білім ошақтарының тыныштығы тұрақты бақылауда.
Естіп-білген бір бөлек, көзбен көрген бір бөлек. Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияға арнайы ат басын бұрдық. Тарихы терең, тағылымы ерен білім ошағының ауласына енгеннен-ақ ғимараттың тұс-тұсындағы бейнебақылау камералары көзге шалынды.
Ал білім ордасының табалдырығын аттағанда қарсы алған вахтерлер алдымен кімге келгенімізді тәптіштеп сұрап, арнайы дәптеріне аты-жөнімізді тіркеп алды. Содан кейін ғана қолымызға рұқсатнама қағазын ұстатып, турникетті ашып беріп, директордың кабинетіне жол сілтеп жіберді.
Аталған мектеп-гимназияның директоры Мұрат Тұрысбектің айтуынша, білім ошағында қауіпсіздікке ерекше мән берілген. Өткен оқу жылы турникет орнатылыпты. Турникеттен бет-әлпетті түсіру, саусақ ізі арқылы және «Tulparcard» карточкасы арқылы ғана өтуге болады. Мектеп қызметкерлері мен оқушыларынан басқа бөгде адамдар рұқсатнама арқылы ғана кіреді. Сонымен қатар мектеп ішінде және сыртында барлығы 22 бейнебақылау камерасы орнатылған. Камераларды арнайы сыныпта мектеп инспекторы, кіші қызметкерлер (лаборант) бекітілген кезекшілік бойынша тұрақты бақылап отырады. Мектеп директоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да камералар арқылы жағдайды қадағалап отыра алады. Ал бейнежазбалар бір ай сақталады.
Директор айтса айтқандай, гимназияда қауіпсіздікке көп көңіл бөлінген. Дегенмен облыстағы 442 білім ошағындағы ахуал №12 мектеп-гимназиядағыдай емес екені айтпаса да белгілі. Назар аударарлық күрделі мәселелер әлі де баршылық. Ал оқушылардың қауіпсіздігіне қауіп тудырып тұрған мәселелерді шешу үшін әлдене ойлап тауып, жаңалық ашудың керегі жоқ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жуырда ғана өткен арнайы жиында алдағы мақсат-міндеттерді белгілеп берді. Ал күні кеше ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев Қазақстандағы мектептердің барлығында арнайы күзет болатынын мәлімдеді. Комитет төрағасының айтуынша, білім беру нысандары бақылау жүйесімен, ұжым мен келушілерді құлақтандыру құралдарымен, дабыл түймешігімен, рұқсатпен кіру жүйесімен және арнайы күзетпен міндетті түрде қамтамасыз етіледі. Яғни берілген тапсырманы тиянақты орындай білсек, кем-кетіктер түзеліп, олқылықтардың орны толтырылады.
Әрине, «мәселе айсберг секілді, ешқашан толық көрінбейді». Солай бола тұра, мектеп мылтықтың үніне емес, балалардың шат-шадыман күлкісіне көміліп тұруы үшін кез келген мәселенің алдын алу жұмыстарын дұрыс үйлестіріп, қам-қареқет жасау маңызды.
Талғат Нұрханов