Дәрігердің әдеби әлемі

0 13
Сағындық Ордабековтің танымдық, деректік, тағылымдық сипаты мол «Мен сені сүйем, өмір!», «Көңіл шуағы, ой толқыны» атты Сарысу ауданының әкімдігінің қолдауымен жарық көрген қос кітабы қолымызға тиіп, парақтағанымызда қазақтың көрнекті қаламгері Тәкен Әлімқұловтың ел мен жер тағдырына арналған туындыларын, белгілі жазушы, өлкетанушы Пернебай Дүйсенбиннің Сарысу өңірінің өткен тарихы, бүгінгі бейнесі туралы жазғандарын, белгілі әдебиеттанушы, ғалым Таластың тумасы Жанғара Дәдебаевтың Тараз-Талас өлкесінің аңызы туралы толғамдарын еске түсірді. Туған жердің қадір-қасиеті мен телегей теңіз тарихы тұнған бұл еңбекті Сағындық ағамыздың кітаптары толықтырып тұрғандай әсер қалдырды. Көрген-білгенін, зерделеп түйгенін жадына тоқып өскен азаматтың қалам қаруы да елгезек, бозбала шағындағы әуесқой тілшіліктен басталған ғадеті кейінірек жиірек қалам тербеуге жетеледі. Ол қаламдастарын оқып қана қоймай, олардың шығармашылық әлемі, азаматтық болмысы мен кісілік келбеті турасында да ой айтып, пікір білдіруге машықтанды.

Сағындық Ордабековтің қаламынан әр жылдары «Беймаза дүние», «Көкіректегі күмбірлер», «Іште қалған сөз жетім», «Мың құбылған тіршілік», «Әріптестер әлемі», «Жасындай ағып өткен…», «Көңіл көкжиегі», «Бақыт кілті», «Жүрек пернелері», «Ойтолқын», «Көсегенің Көкжоны», «Уақытпен сырласу», «Сөнбейтін жарық сәуле», «Сүлгетайлар шежіресі», «Қазақтың тұңғыш дәрігерлері», «Жамбыл облысы медицина тарихы» атты әдеби және публицистикалық кітаптары жарық көріп, оқырманның көзайымына айналды.

С. Ордабеков жазбаларынан сергек сезімталдықты, талапшыл талғампаздықты аңғарамыз, айналасына жіті көңілмен қарап, қоғам мен қоршаған ортаның ішіне бүккен сырын ақтарып, өзінің таным-түйсігі арқылы қорытып, іріктеп, қажеттісін ойлы оқырманына ұсынады. Өмір өрнектерінің, тағдыр өткелдерінің өзі ұсынған тақырыптарынан керегін таңдап, олардың қоғамға қажетін іріктеп, ойлы оқырманға ұсына білу оңай емес.

Қолымыздағы қос кітаптың да осынау абыройлы іске қосар үлесі қомақты, айтары мол, тағылымы терең. Өмір сапарында құнарлы, қасиетті топырақтан алған нәрін бойына сіңіріп, тұлғалы азамат болып қалыптасуына еңбегі өлшеусіз ата-анасына деген перзенттік борышы, тілеулес ағайындары мен қамқор ауылдастарына деген ақжарылқап көңілі, білім нәрімен сусындатқан мұғалімдеріне деген шексіз ризашылығы, әсіресе туған жердің ала бөтен қадірі мен қасиетіне деген алғаусыз сезімі «Өмір, мен сені сүйем!» кітабына арқау болған.

Ата-ананың, ағайын-туғанның қадірін ерте түсінген, туған жердің киесі мен қасиетін бойына сіңіріп өскен Ордабековтің өмірінде Үшбас ауылының орны бөлек екенін, туған өлкесін ештеңеге айырбастамайтын киелі мекенге балайтынын айқын аңғарамыз. Кітаптың өн бойынан қазақ халқының мақтанышына айналған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, руханият, денсаулық, өнер, спорт саласы майталмандарының кісілік болмысы сипатталады, қайраткерлік қыры мен азаматтық ұстанымы зерделенеді, өзі көрген, куә болған, ел назарынан тыс қалған беймәлім дерек пен шынайы дәйекке негізделген ой-толғаулармен, мақала-зерттеулермен таныс боламыз.

Олардың қатарында Шоқан Уәлиханов, Барлыбек Сырттанұлы, Әшір Бүркітбаев, Дінмұхамед Қонаев, Әлімхан Ермековтің зайыбы Рақия, Қаныш Сәтбаев, Хасан Бектұрғанов, Айтбай Назарбеков, Жазылбек Қуанышбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Өскенбай Мәдиев, Батырбек Құлекеев, Оразалы Қантаев, Бекболат Орынбеков, Мұхтар Әлиев, Төрегелді Шарманов, Сейтхан Жошыбаев, Болатбек Баймаханов, Манас Сейсенбаев, Тұралы Мүсірепбеков секілді ғалымдар мен зерттеушілер, Алаш қайраткерлері, еңбек ардагерлері, денсаулық ісінің қызметкерлері, спорт саңлақтары да бар.

Әрқайсысының ұлтқа қызметі, ел игілігіне арнаған абзал ісі, қоғамды өркендетуге бар күш-жігерін аямаған жанкешті еңбегі жан-жақты сараланады. Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровпен сапарлас болғанын, оның азаматтық болмысын, қарапайымдылығын суреттейді. Автордың «Көңіл шуағы, ой толқыны» атты кітабына оның соңғы жылдары жазған мақалалары, эсселері мен публицистикалық шығармалары еніп отыр. Олар жатық, шұрайлы, тұщымды тілмен жазылған. Сондықтан кімнің болмасын жүрегіне жылылық ұялатады.

Осы тұста С.Ордабеков қаламгерлігінің екі қырын ерекше айтуға тиіспіз. Алдымен эссеистік қыры, келесісі сыни ойлау мен әдеби қауымның жазған-сызғандарына өзіндік баға беру С.Ордабеков кейіпкерлері сан алуан тағдыр иелері – Алаштың ақмаңдай арыстары, тарихи тұлғалар, қаламдас қаламгерлер, ғылым, өнер, руханият майталмандары, қарапайым еңбек адамдары, ауылдың ақ жарқын тұрғындары.

Кейіпкерлерінің болмыс бітімін шынайы зерделейді, көңіл пернелерінің лебін сездіреді, дерек пен дәйекке негізделсе де, олардың жан әлемінен хабардар етеді, ішкі ой әлемінен сыр аңғартады. Эсселік сипаты басым туындылары оқырманға ой салады. Қоғамның толғақты мәселелері, ұрпақ тәрбиесі, қала мен сана тазалығы, ақтаңдақтар ақиқаты мен зобалаң жылдар шежіресі, ауылдың бүгінгі жай-күйі мен азаматтарының өмірге көзқарасы автордың ой елегінен өтіп, екшеліп, сұрыпталып, өзіндік байламмен, тұщымды тұжырыммен тиянақталып ұсынылуынан оқырманға құрметі мен ізеті сезіліп тұрады.

Автордың «Көңіл шуағы, ой толқыны» атты кітабына оның соңғы жылдары жазған талайлы тағдыр кешкен, вальс королі атанған композитор Шәмші Қалдаяқовтың Жамбыл өңірінде 17-18 жылдай тұрғаны, сол кезеңде көпшілікке жақсы мәлім «Мойынқұмда ауылым», «Фосфорлы Жамбыл», «Дүнген қызы», «Сағынышым менің», «Жақсыгүл», «Келін келді», «Саған айтам», «Алмас» тағы басқа әндерінің дүниеге келгені, сазгердің рухани әлемі, адамгершілік мәртебесі, жан дүниесінің тазалығы туралы екеуара кездескенде, әңгіме-дүкен барысында өзі байқаған, куә болған, өзінен естіген дүниелерді тұщымды ой-толғауға айналдырып, азаматтық болмысын келістіре суреттейді.

Ел көзінен тасалау өмір сүрген кезеңіндегі келеңсіз жайттар да, жайма-шуақ күндер де әңгіме өзегіне айналып, таланттың қадірін бағалауға тырысқан Сағындық ағамыздың да руханиятты қадірлейтін азаматтығын Шәкең де дұрыс түсінуге тырысады. Талантты прозаик, көрнекті қаламгер Несіпбек Дәутайұлының шығармашылық әлемі туралы жазғандарын да әдеби талдаудың әдемі үлгісіне жатқызуға болады.

«Ашаршылық жылдардың ызғарлы қасіретін, жан түршігерлік көрінісін талай жазушы мен тарихшы жазып жүргені рас. Бірақ дәл Н.Дәутайұлындай жан дүниеңді қопарып, астан-кестен еткен шығарманы кездестірмеппін. Бұл – сарабдал қаламгердің қаламынан туған ерекше дүние. Оны бейжай оқып шығу мүмкін емес.

Ашаршылық кезеңін бар ауыртпалығын көз алдыңа әкеліп, азып-тозған ауылдың тіршілігін, тамақ таппай, әбден діңкелеген, қалжыраған, титықтаған адамдардың аң аулағандай күре жол бойына шығып, қарақшылық жасап, жас баласы бар жеке адамдардың баласын күшпен тартып алып, тамақ орнына оны ас етіп жеуден тайынбайтын адамдардың әрекетін әңгімелеп, жан түршігерлік оқиғаны керемет суреттейді. Ол өнертанушы, жазушы, сазгер Ілия Жақановпен сырлы сұхбат құрады, қазақ ән әлемінің тарихы, бағыт-бағдары туралы әңгімелеседі.

Автор Ілекеңнің ілкі ойын, туған жер туралы толғауын жалаң ұсынбайды, қасына ілесе жүріп әңгімелеседі, бүгінгі қоғам құндылықтары туралы келелі әңгіме қозғайды, ұрпақ тәрбиесіне үміт артады, рухани кемшін тұстарымыздың себептеріне бірге үңіледі. Осынау шынайы ой қағазға түскенде, жанды әңгіменің өзегіне үңілесің, бірге сырласқандай күй кешесің. Қалам құдіреті арқылы ой өрбіткен киелі сөздің мәніне бойлайсың, автор ойының оқырманға әсерін ойша бажайлайсың. Стилі анық, ойы қанық жазбаларына сүйсінесің. Әдеби ортаға, оқырман қауымға прозасы арқылы көбірек танымал Елен Әлімжанның қазақ драматургиясына қосқан үлесінің де қомақты екенін Ордабеков зерттеулері жарқырата көрсетеді.

«Тақталас» комедиясында Елен Әлімжан қазақ драматург жазушылары арасында тұңғыш рет Қауғабай, Дауғабай, Жауғабай типтік көркем образын жасады. Рулық, жерлестік керіс-тартыс оқиғалары әсерлі суреттеліп, бірінің аяғынан екіншісі тартып, іштен шалып, сүріндіріп, билікке, атаққа, таққа таласу сияқты теріс пиғылды жандардың іс-әрекетін, психологиясын шынайы өрбітеді. Сөйте жүріп, кейіпкерлер ұлттың, халықтың есебін жіберіп алады. Олар таласып, арбасып, өз есебін түгелдеп жүріп, орға жығылады да, орынтаққа басқа біреу ие болады».

Балалар жазушысы атанған Пернебай ағамыздың тағы бір қыры автордың назарынан тыс қалмайды. «П.Дүйсенбин – тек белгілі қалыптасқан жазушы ғана емес, өлкетанушы, тарихшы. Өзінің өсіп-өнген өңірдің, қазыналы да киелі Қаратау бойындағы ел-жұртының тарихы мен табиғатын, ел арасындағы жер атаулары туралы, тарихқа енген белгілі ел азаматтары туралы мәліметтерді жан-тәнімен үңіле зерттеп, зерделеп, оларды газет журнал бетінде ұдайы жариялап жүрген қаламгер. Бұл да оның еңбексүйгіштігінің, ізденімпаздығының бір қыры».

Демек, жоғары санатты дәрігер-хирург, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының және Нью Йорк академиясының мүшесі, қарымды қаламгер Сағындық Ордабеков осы тақылеттес әдеби-сыни пікірлерді, қазақ қаламгерлерінің шығармашылық шеберханасы туралы тұщымды ойын, олардың қазақ әдеби үдерісіне қосар үлесін шынайы көңілмен, достық пейілмен зерделеп, тілеулестігін білдіруі – құптарлық қарекет.

Шоқан ШОРТАНБАЙ,

әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қызметкері.

Алматы қаласы

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.