«80 жылдан кейін баспана ала алады»: Депутат үй кезегінің баяу жылжитынын сынға алды
Елімізде жыл сайын милилондаған шаршы метр баспана салынғанымен, талай жыл үй кезегінде тұрған азаматтарға соның берілетіні аз,
Мысалы, былтыр кезек 23 процентке көбейсе, үй алғандардың саны тек 3 процентке жеткен. Депутат Ирина Смирнова «мұндай қарқынмен кезектің соңында тұрғандар 80 жылдан кейін баспана ала алады» дейді. Арнайы санаттағыларға берілетін пәтерлердің саны да аз. Енді шенеуніктер жыл сайын 10 мың емес, 37 мың пәтер береміз деп отыр.
Нұр-Сұлтандық Лаура Нұртазинова 1 бөлмелі пәтерді 6 жылдан бері 75 мың теңгеге жалдап келеді. Жалғызбасты ана ретінде ол екі жыл бұрын үй кезегіне тұрған. Бірақ, төленбеген несиелері болғандықтан, мемлекеттен тек сатып алу құқығынсыз пәтерді жалдай алады. Қазір Лаура атаулы әлеуметтік көмек пен жалғызбасты ана үшін алатын жәрдемақыға күн көріп отыр. Қолы қалт етсе еден жуады.
“Біз қара тізімге кіріп кетіп отырмыз, ешқандай программаға қатыса алмай отырмыз. Но бірақ біз квартира төлеп тұрып жатырмыз. Біреуге. Міне алты жылдан бері қаншама 75 мың теңгеден қаншама ақша төлеп жатырмыз”, — дейді жалғызбасты ана Лаура Нұртазинова.
Лаура Нұртазинова секілді арнайы санаттағы үйге мұқтаж жандарға салынатын үйлердің көбі сапасыз. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша «әкімдіктегі шенеуніктер үйдің сапасына емес, санына, Үкіметке тапсыратын статистикасына бас қатырады». Ол мүгедек жасөспірімдер 18-ге толса да кезегі сақталуын, мүгедек баланы асырап отырған азаматтарға төменгі қабаттан, арнайы бөлмесі бар пәтер беруді, Бақытты отбасы бағдарламасының алғашқы жарнасын 5 пайызға төмендетуді, осы бағдарламаға 1 және 2 топтағы мүгедек жандарды қосуды да ұсынып отыр.
“Жергілікті әкімдіктерде берілетін сертификаттардың сомасы қазіргі таңдағы бағдарлама бойынша 1 миллион теңгеге дейін. Біз өзіміздің ұсынысымыз бойынша оны 2 миллион теңгеге дейін көтеруді ұсынып жатырмыз, ерекше баланы тәрбиелеп отырған отбасыны алайық. Осындай отбасыларға міндетті түрде үйдің тегін берілуін немесе өте төмен пайыздармен берілуін қамтамасыз етуіміз қажет”, — дейді парламенті мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Қазір баспана кезегінде еліміз бойынша 562 мың отбасы тұр. Оның 185 мыңнан астамының табысы әр отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 34302 теңгеден аспайды. Жауаптылар әуелі сол кісілерге берілетін жалдамалы баспананы көбейтеміз дейді. Алдағы бес жылда жыл сайын берілетін 10 мыңға жуық пәтердің санын 37 мыңға көбейтеміз деп отыр.
“Нарықтағы жеке тұрғын үй құрылыс компаниялары салған үйлерге арендаға біз кіргізбекпіз. Ол дегеніміз ол азаматтардың ай сайынғы арендалық төлемі мемлепкетпен 80 пайызы субсидияланатын болады”, — дейді Құрылыс және тұрғын-үй коммуналды шаруашылық істері комитетінің басқарма басшысы Әзімбек Нәлібев.
Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қалайша баспаналы қыламыз деп бас қатырып отырған шенеуніктер әзірге бір байламға келмеді. Сондықтан мәжілісмендердің айтқан ұсынстарының кейбірі заңға енбеуі де мүмкін. Бірақ, Нұротаннан сайланған депутаттар көпбалалы, кедей отбасылар, мүгедек жандар мен жетім балаларға 2025 жылға дейін 103 миллион шаршы метр баспана саламыз деген уәдені қайтсек те орындаймыз деп отыр.