Жамбылда сүлік саудасы қызып тұр (Видео)
Жуырда ғаламтор желісінде мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметінің қолына түскен сүлік аулаушылар бейнеленген жазба жарияланды. Онда екі азаматтың Т.Рысқұлов ауданының аумағындағы Баскөл көліне келіп, су жәндіктерін пластик шөлмектерге жинап жүрген жерінен ұсталғаны көрсетілген. Сондай-ақ келесі кезекте «су тұрғындарының» табиғи мекеніне жіберіліп, құрықталған браконьерлердің үстінен хаттама толтырылғаны да айтылады. Дәл осындай жазбада 1 азаматтың Меркі ауданы аумағында қолға түскені көрсетілген.
Бейнежазбаны көрген сәтте, ең әуелі, «Қара суда қаптап жүрген қансорғыштарды ұстағанда тұрған не бар екен?» деген сауал сап ете қалды. Сонан соң ұсталғандарға неліктен «браконьер» айдары тағылғаны қызықтырды. Өйткені заңсыз аңшылықты, рұқсат етілмеген мерзімде балық аулағандарды осылай атайтынын білуші едік. Алайда шалшық суда жыбырлаған жәндік жинағандардың «атандай атты» арқалағандары ерекше таңғалдырды.
Сонымен, туындаған сауалдың жауабын біліп, мәселенің мән-жайына қанығу мақсатында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына бағынысты «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметіне» хабарластық. Мекеме директоры Абай Кенжебек бейнежазбаны «Сапсанның» қызметкерлері түсіргенін растады.
Оның сөзіне сүйенсек, оқиға осы айдың ортасында болған. «Сапсан» жедел қызметінің қызметкерлері кезекті алдын алу іс-шарасы кезінде жоғарыда аталған азаматтарды қолға түсірген. Қазіргі таңда тіркелген 2 дерек бойынша ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 383-бабы 3-бөлігімен әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданған екен. Бірақ сот шешімі әзірге шықпапты.
Ал ұсталғандардың неліктен браконьер аталғанын мекеменің заңгері Жақсылық Сейсенбаев келесідей түсіндірді.
– Сүлік аулау үшін арнайы рұқсат алу керек. Берілген құжатта қанша дана жәндік ұстауға болатыны көрсетіледі. Тиісінше рұқсат алған адам сол көлемде ғана өзімен бірге алып кетуіне болады. Егер ол мөлшерден асып кетсе, бұл заңбұзушылық болып есептеліп, азаматқа табиғатқа келтірген зияны үшін айып тағылады.
Енді жуырда тіркелген 2 дерекке келетін болсақ, олар ерекше қорғалатын аймаққа кіріп, соның аумағында өз әрекеттерін жүргізген. Заң бойынша қорғалатын аймақтағы жануар былай тұрсын, жыбырлаған жәндігіне дейін тиісуге болмайды. Бұл талап орындалмаған жағдайда, оны бұзған әр адам браконьер болып есептеледі, – дейді Ж.Сейсенбаев.
Осы тұста жамбылдық жігіттердің жәндік теруге неліктен әуес болғанын да білмек болдық. Әңгімемізге қосылған мекеме директоры А.Кенжебек сүлік аулаумен айналысатын азаматтардың бар көздегені – пайдаға кенелу екенін айтады.
– Бұл іске Т.Рысқұлов, Меркі және Байзақ ауданының тұрғындары көп әуестенгенін байқап отырмыз. Олар мақсатты түрде ұйымдасып, 1 аптаға ас-ауқатын, қажетті құрал-жабдықтарын жеке көліктеріне тиеп, ерекше қорғаудағы аймақтарға аттанады. Өйткені мұндай қорғаудағы жерлерде майда көлшіктер көп кездеседі. Сүліктердің көп шоғырланатын майда су көздерінде апталап жатып, «аңшылық» жасаған жігіттер «олжаларын» саудалау үшін кері қайтады.
Облысымызда, оның ішінде Тараз қаласында сүлік салу арқылы емдейтін бірқатар медициналық орталық бар. Жоғарыда аталған азаматтар ауланған жәндіктерді осы іспетті мекемелерге сату үшін тереді. Сүлік аулаушылар «қансорғыштың» біреуін 300-500 теңге көлемінде өткізеді. Жуырда қолға түскен азаматтар әрқайсысы 100 данадан су жәндігін жинап үлгерген. Есептеп қарасаңыз, олар бір «аңшылықтан» 30 мыңнан 50 мың теңге аралығында пайда табады. Жалпы ұсталғандар 1 апта ішінде 100-200 мың теңгеге дейін табатындарын айтады. Демек, бұл азаматтар заңсыз істі күнделікті күнкөріс көзіне айналдырып алған, – дейді мекеме басшысы.
Осы тұста мекеме қызметкерлері заңдылығына күмәнмен қарайтын тағы бір мәселенің шетін шығарды. А.Кенжебектің айтуынша, браконьерлерден сатып алынатын жабайы жәндіктер емделушілерге қолда өсірілген медициналық сүлік есебінде әр данасы 1 мың мен 1,5 мың теңге арасында салынатын көрінеді. Жекеменшіктегі кәсіп болғандықтан ешкім ісіне араласа алмауы себепті, олардың да «қалаған жағынан құлақ шығарып» жатқанын айтқан мекеме басшысы қолдың қысқалығы біраз жерде кедергі келтіретінін жеткізді. «Браконьерлер аулау кезінде ұсталмаса, оларды олжасын сату кезінде құрықтауға құзырымыз жетпейді. Бұл іспен тиісті құзырлы органдар айналысуы қажет. Осыны білетін олардың да алған бетінен қайтар түрі жоқ» – дейді ол.
Бір сауалдың жауабын іздей барып, бірнеше сұрақ арқалай қайтқан біз «Тараз Хиджама» орталығының негізін қалаушы Жанат Сарқұловамен сөйлестік. Мұндағы мақсат қан алу, сүлік салумен айналысатын тәжірибелі маманнан жабайы жәндіктің медициналық сүлікпен салыстырғанда қандай айырмашылығы бар екенін, лай судан ауланған қансорғыштың зияны бар-жоғын білу еді.
– Әрине, таза ортада өсірілген медициналық сүлік пен жабайысының айырмашылығы болады. Сүлік салудың, қан алдырудың пайдасы бар екені белгілі. Алайда бұл мақсатта көлшіктен ұсталған жәндікті пайдалануға болмайды. Бұл процедурадан денсаулыққа ешқандай пайда жоқ, – дейді маман.
Бұрындары, бала кезімізде ауылдағы қариялар сүліктің су ішуге барған төрт түлікке жабысып, әбігерге салатынын айтатын. Бұл тұрғыдан келгенде олардың теріліп, азайып отырғаны да дұрыс шығар деген ой туады. Алайда әр жәндіктің өзі мекен ететін экожүйеде белгілі бір «қызметі» барын ескерсек, «қансорғыш» құрттардың кемуінің арты неге әкеліп соғары белгісіз… Ғалымдардың айтуынша, сүліктер балықтар мен өзге де су жануарларының негізгі жемі болып саналады екен. Ал олардың кемуі су мекендеушілерінің де санының азаюына әкеліп соғатын фактор болуы ықтимал. Қалай болған күннің өзінде күнкөріс қамы үшін көл кешіп, құрт тергендердің табиғатқа белгілі деңгейде зиян келтіріп жатқаны сөзсіз.
Мұратхан Әлімхан,
Жамбыл облысы