Жамбыл облысында туризм саласындағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау күшейтілді

0 3
Жамбыл облысында туризм саласында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары күшейтілді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының туризм саласын мемлекеттік қолдау, дамыту және мониторинг бөлімінің басшысы Жомарт Хажы мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта басқармада мемлекеттік қолдау шараларына қатысу үшін кәсіпкерлерден өтінімдер мен қажетті құжаттарды қабылдау басталды. Құжаттарды пошта арқылы, қағаз түрінде немесе электрондық форматта тапсыруға болады. Өтінімдерді қабылдау биылғы жылдың 1 маусымына дейін жалғасады.

Мемлекеттік қолдау шаралары туристік инфрақұрылымды дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және өңірге келетін туристер санын көбейтуге бағытталған. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге жаңа жобаларды іске асыруға, туристік нысандар салуға және қолданыстағы объектілерді жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, мемлекет туристік нысандарды салу немесе қайта жаңғырту кезінде жұмсалған шығындардың 10 пайызын өтейді. Бұл шара өңірде жаңа туристік жобаларды жүзеге асыруға серпін беріп, инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер сегіз жолаушы орнынан (жүргізушіні есептемегенде) көп сыйымдылығы бар автобустар мен шағын автобустар сатып алған жағдайда жұмсалған шығындардың 25 пайызына дейін өтемақы ала алады. Бұл қолдау туристік көлік паркін жаңартуға, қызмет сапасын арттыруға және туристер үшін жайлы сапар ұйымдастыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, жол бойындағы сервистік нысандарды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет автожанармай құю бекеттерін, қонақүйлерді, дәмханаларды, дүкендерді және басқа да жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін салуға жұмсалған шығындардың 10 пайызын өтейді. Бұл шаралар нысандардың инфрақұрылымға қосылуына және олардың Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарына сай болуына ықпал етеді.

Сондай-ақ туристік нысандарда санитарлық-гигиеналық тораптарды абаттандыру, жаңғырту және күтіп ұстауға байланысты шығындардың бір бөлігі де мемлекет тарапынан өтеледі. Бұл бағытта ай сайын 83 300 теңгеге дейін субсидия қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, аталған қолдау шаралары өңірдің туристік әлеуетін арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және Жамбыл облысының туристік тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.