Ауылды ойлаған азамат еді
Жеке әулеттің емес, жалпы ауылдың аузында жүретін азаматтар болады. Олар адамды алалап, бөле-жармайды, айналасына жарығын төгіп, барлығын бауырға басады, бұйырған несібесін бөлісе біледі. Ондай жандардың орны отбасында да, аралас ортасында да білініп жатады. Ойық ауылының тұрғыны болған Рыскелді Жантайбеков осы қатардан орын алған азаматтардың бірі еді деп еске алады оны білетіндер.
Кісіге тән болмыс, адамгершілік қасиет адамға атаның ақылымен, ананың сүтімен, ұяда алған тәрбиеден дариды. Рахманәлі Жантайбеков — көргені мен көңілге тоқығаны көп, көкірегі шежіре қария болатын. Ұлы Отан соғысына қатысқан, елдің де, жердің де, жақынның да қадірін білетін кісі еді. Заманында көптің қалауымен ауылдық кеңестің депутатына сайланған. Ардақты әкенің көшелілігі мен кеңдігі балаға жұғысты болды.
Ұлағатты ұядан өскен 7 баланың кенжесі болғандықтан, Рыскелді қарашаңырақта қалып, атаның ақылымен өсті. Ата-бабаларымыз қашаннан кенжесін қолынан қақпай, барын алдына тосып өткен ғой. Көпті көрген қария балаларын қайда оқытса да мүмкіндігі жетті. Бірақ кенжесі Рыскелдісін Алматы асырып оқытпай, қасына ерте жүрді. Ондағысы ел көрсін, жер танысын, ағайын білсін деген әкелік мұрат еді. Алған ақыл, көрген ұлағат біз білетін Рыскелдіні осылай қалыптастырды. Уақыт өте қолдағы түліктердің басын құрап, кәсіп ашты. Айналасына ауыл тұрғындарын тартып, жұмыспен қамтыды.
«Жақсы адамның туған күні болады, бірақ өлген күні болмайды», -деген бар. Жасаған жақсылықтың, істеген ізгіліктің ертеңге жалғасатындығын, елдің есінде қалатындығын, ешқашан өшпейтіндігін меңзесе керек. Рыскелді ағамыз қашанда қайырымды істердің қасынан табыла білетін азамат болатын. Ауылдың барлығын ағайын санайтын, туыс көретін. Содан болса керек, ел ішінде қандай бастама, қандай қайырымдылық шарасы болмасын қолдау танытып, шын ықыласын білдіретін.
— Рыскелді ағамызды ауыл тұрғындары сыйлайтын. Қаншама игі істеріне куә болдым. Ойық ауылы әкімі қызметін атқарған кезімде 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күніне ауылдағы ақ жаулықты апаларымызға құрмет көрсету жайында өтінішімді білдірдім. Ағамыз сөзге келген жоқ. Бұл бір ғана оқиға емес, мереке қарсаңында ұйымдастырылатын барлық шараларда демеушілік көмегін көрсетті. Оның алдында Ойық ауылындағы Ә.Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінің меңгеруішісі болған кезімде де ағамыздың шапағатын сезіндім. Қажетінде қолдан келген көмегін аямайтын, -дейді ағамыздың табиғи болмысы туралы бүгінде аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқаратын Нұржан Мұхтаров.
«Жақсы адамның өмірі қысқа келеді», «Құдайға да жақсы адам керек», — деп өзімізді жұбататынымыз бар. Етене араласып, бауыр болып өткен жақынның қазасы қалай десекте, жанға батады, қабырғаны қайыстырып кетеді. Әсіресе, мезгілсіз келген қазаның салмағын басқа бермесін деп тілейік. Рыскелді Жантайбековтің қазасы да тосыннан келді. Тілек айтып, қуанышты бөлісуге жиылған ағайындар аңтарылып қалды.
— Ол бір сәтті еске алсам көкірегім әлі күнге қарс айырылады. Рыскелді менен бес жас кішілігі болса да ақылын алатынбыз, айтқанынан аспайтынбыз. Дегенінің дені дұрыс келетін. Екінші ұлын ұяға қондырып, беташар тойын жасаған күннің таңында ортамыздан оза барды. Көңіл әлі сенер емес, айтуға аузым да бармайды. Қандай ауыр. Сенесіз бе, көз алдымда мәңгілік сапарға аттанды.
Жұп құрған жастарға ақ тілек айтып, ағымыздан жарылып жүргенде, қарамайсың ба? Алланың шеберлігіне шек жоқ. Барлығымызды естен тандырған орны толмас ауыр қаза болды. Қуаныш пен қайғы қатар жүретіні рас. Рыскелдіміз өмірде қандай еді? Нағыз азаматқа қажет қасиеттің барлығы бойында бар еді. Ауылға көмек көрсетуді перзенттік парызы санайтын. Содан болар, 2024 жылдың 25 қазанында «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальін иеленді. 21 тамыз Дінмұхамед Қонаев атамыздың өмірден өткеніне арналған шараға қатысуы керек еді. Алайда, 4 күн жетпей дүние салды. Артында 4 ұл, 1 қызы қалды. Екі ұлының үй болғанын көре алмай кетті. Амал не, Алланың жазуына шара бар ма,-деп күйзеледі әпкесі, Әлия Жантайбекова.
Небәрі 59 жасында көз жұмды. Ұрпақтарын аяқтандырып, жасы жетіп ортамыздан озса арман не? Көп адам жетіп, атап өтіп жатқан 60-та бұйырмады. Іште қанша ой, алда қанша жоспар қалды. Арманда кетті. Ағайынның өзегін өртеп, мұңға батыратыны да-осы.
Рыскелдінің көзі тірі болғанда 1 ақпан күні 60 жасқа толар еді. Алыс-жақынның басы қосылып, ақ тілек ақтарылатын күн ғой. Сол күнге жетпеді, расы көруді бұйырмады.
-Ауылдағы мәдениет үйінде жұмысын және өзі қолға алған кәсібін қатар алып жүрді. Мерейлі 60 жасында бауырымызға тілек айтып емес, дұға бағыштап отырамыз деген ой қайсымыздың қаперімізге келген. Ет жақыныңнан айырылуды ешқайсымызға жазбасын. Өмірден өткеніне 5 айдан асты. Жарқын бейнесін әлі сағынамыз. Алаңсыз бірге жүрген күндерден естелік айтамыз. Әруағына дұға бағыштаймыз. Басқа қолымыздан не келеді,-дейді Әлия Рахманәліқызы.
Өмір жақсы, ізгі адамдармен жарық. Көңілге сәуле құятын да, қиындықта қалқа болатында осы жандардың шын ықыласымен жасаған әрекеттері. Олардың айналасына тигізген шапағатын көріп, ісіне алғыс білдіресің. Іш тартып, бар жақсылықты тілейсің. Бірақ адамның дегені бола берген бе?
Ендігі жерде Рыскелді ағамыздың көрмеген қызығы мен жетпеген жасы үміт артқан балаларына бұйырсын дейміз.