Ұлт достығы – ортақ үйіміз!
Талас ауданында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Ұлт достығы – ортақ үйіміз» атты этносаралық мәдени фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның басты мақсаты – түрлі этнос өкілдерінің арасындағы достық пен татулықты нығайту, ұлттық мәдениетті дәріптеу және жастар арасында бірлік құндылықтарын қалыптастыру.
Фестивальге аудан көлеміндегі білім беру мекемелерінен келген оқушылар қатысып, әр ұлттың салт-дәстүрі мен өнерін кеңінен таныстырды. Қатысушылар ұлттық киімдерін киіп, сахнада ән айтып, би билеп, өз халықтарының мәдени ерекшеліктерін көрсетті. Бұл көріністер көрермендерге ерекше әсер сыйлап, көпұлтты еліміздің бай мәдени мұрасын тағы бір мәрте айшықтады.
Іс-шара бірнеше кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, таныстыру, өнер көрсету және салт-дәстүр, сұрақ-жауап тапсырмалар қамтылды. Әр кезеңде қатысушылар өздерінің дайындық деңгейін, шығармашылық қабілеттерін және ұлттық ерекшеліктерін жоғары деңгейде көрсете білді.
Фестиваль қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен: І орын – қазақ ұлтына Д.Қонаев атындағы орта мектебіне, ІІ орын – өзбек ұлтына мектеп — лицейге, ІІІ орын – грузин ұлтына балалар өнер мектебіне бұйырды.
Сонымен қатар, орыс №1 мектеп-лицей, украин С.Сейфуллин және кәріс ұлттары атынан М.Әуезов атындағы орта мектеп өкілдері белсенді қатысқандары үшін арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Аталған фестиваль – ел бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды мәдени шаралардың бірі. Осындай игі бастамалар жастардың бойында толеранттылықты, өзара құрмет пен достықты қалыптастыруға ықпал етеді.
Ел бірлігі – ең асыл құндылық. Сондықтан да «Ұлт достығы – ортақ үйіміз» атты фестиваль өз мақсатына жетіп, қатысушылар мен көрермендердің жүрегінен орын алды.
Ж.Сералиева,
Жастар ресурстық орталығы
КММ-нің Қаратау қалалық жастар
ісі жөніндегі аға инспекторы.