Арманы асқақ, өнерлі өрен

0 41
Өмірді сүю — өмірге құштарлық. Адам бойындағы кемшілікті, жолындағы кедергілерді жеңетін тылсым күш. Алға жетелейтін, арманға бастайтын, мақсатқа жеткізетін де осы қасиет. Мұндай көрініс әсіресе тағдырдың жазуына көнген жандарға тән. Он екі мүшесі сау адамдардың тәуекелі жетпей жатқан іске бастайтын да, туабітті талан­тын танытатын да осы күш. Бәрінен бірдей табыла бермейтін қасиет Құндыз Серікбай­қызы­на дарыған. Мек­тебіне өзі барып, аулада асыр салып жүрме­се де бойдағы бар қа­білетін бұқпай, танытып келеді. Қатар­ластарының алдына шығарған да, көпке әйгілеген де оның өмірге деген құштарлығы, өнерге деген қызығушылығы. Өзге­ден ерекшелеп тұрған да осы қасиеті.
18 жастағы Құндыз өнерді серік еткен. Жан тебіренісін, көңіл шаттығын әнмен жеткізеді. Түрлі деңгейдегі өнер байқауларынан жүлдесіз оралған емес. «Үміт» мектеп-интернатында білім алатын өнерлі өреніміз Қырғызстанның Ош қаласында, Шымкентте, Түркістанда өткен фестивальдердің бас жүлдесін иеленіп қайтқаны бар. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балалардың «Жұлдызай» фестивалінде, республикалық «Дарын» өнерпаздар байқауында топ жарды. Мұның сыртында Құздыздың республикалық «Мұқа­ғали оқулары» «Абай оқулары» сын­ды сайыстардан алған жүлдесі және бар.
Қызымыздың талабын ұштап, өнерге қызығушылығын арттырып, ақыл қосып жүрген де анасы Гүлжан Каримсакова.
–Құндыздың талабы жоғары. Көбіне-көп өзі ізденеді. Кейде айтуға ауыр әндерді таңдап жатады. Ондайда ақыл қосып, әнді нақышына келтіріп орындауына көмек беретін әкесі-Серікбай. Байқауларды әлеуметтік желілерден оқып, шарттарымен танысамыз. Кейін қатысуға өтініш білдіреміз. Ауқымы кең байқаулардан қалып кетпеуге тырысамыз. Қызымыздың талабы мен таланты, табиғи дауысы бар. Әділқазы алқасынан бағаланып жатады. Қаратау қаласында жеке шығармашылық концертін де өткізіп үлгерді,-дейді анасы Гүлжан.
Құндыз жақында Тараз қаласы «Баласағұн» мәдениет сарайында өткен «Дарынды жұлдыздар» халықаралық өнер байқауының Гран Приін иеленді. Алыс-жақын шетелден келген үздіктер арасында топ жару оңай емес. Өз кезегінде Құндыз Серікбайқызы вокал жанры бойынша тыңдарманның жүрегінен орын алған «Мен сені сүйемін өмір» атты әнді орындап шықты. Байқауға қазылық жасаған ҚР Мәдениет саласының үздігі, композитор, ҚР Ауған соғысы ардагерлері әнұранының авторы Бағдат Алтаев, Шымкент қаласы Опер Балет театрының бас дирижері Мәди Өмірзақов сынды танымал тұлғалар жерлесіміздің өнерін жоғары бағалады.
Ия, талантты танытатын, қабілетті қалыптастыратын-еңбек. Өнер үшін жасалған жұмыс бағалануға тиіс. Мамыр айының ортасында Тараз қаласында республикалық «Анама сыйлық» өнер байқауы өтпек. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған фестиваль Құндызға таңсық емес. Талантты өреніміз қазір осы өнер бәсекесіне дайындалу үстінде.
Нарбол Қашаған, Талас ауданы
Leave A Reply

Your email address will not be published.