Болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік
Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы ел дамуының қазіргі кезеңіне сай негізгі әрі өзекті мәселелерге нақты тоқталды. Айтылған ойлар мен көтерілген бастамалар қоғам сұранысынан туындаған, уақыт талабына жауап беретін шешімдер екені анық.

Президент өз сөзінде экономиканың орнықты өсуі, инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздік, көлік-логистика әлеуетін арттыру мәселелерін басым бағыт ретінде белгіледі. Атап айтқанда, жол, темір жол, әуе қатынасы, энергия көздері бойынша басталатын ірі жобалар еліміздің бәсекеге қабілетін күшейтеді.
Сонымен қатар су қауіпсіздігі мен Арал мәселесіне ерекше мән берілді. Су ресурстары стратегиялық байлық ретінде қарастырылып, бұл салада халықаралық деңгейде келіссөздер мен нақты жобалар жүзеге асатыны айтылды. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Құрылтайда заң мен тәртіп, әділеттілік, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі, алаяқтықпен күрес сияқты қоғамды алаңдатқан мәселелер де ашық көтерілді. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы ұстанымы – Әділетті Қазақстан қағидатымен толық үндес.
Айрықша назар рухани-мәдени даму мен ұлттық бірегейлікке аударылды. Мәдениет нысандарын салу, тарихи мұраны сақтау, «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру, Абай, Әл-Фараби, Ясауи ілімдерін жүйелі насихаттау – ұлттың сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар.
Сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу – ұран емес, нақты нәтижеге бағытталған стратегиялық міндет ретінде айқындалды. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, шешім қабылдау жылдамдығын күшейту – алдағы кезеңнің басты талабы.
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы саяси реформалардың мәні мен бағыттарына арнайы тоқталды. Бұл реформалардың түпкі мақсаты – билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайту, мемлекеттік басқаруды ашық әрі жауапты ету.
Президент ұсынған әділетті, теңгерімді және есеп беретін саяси жүйе – заман талабына сай қадам. Парламенттің, мәслихаттардың рөлін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын кеңейту – нақты демократиялық тетіктердің орнығуына жол ашады.
Ең маңыздысы – реформалар формальды өзгерістермен шектелмей, қоғамның нақты сұранысына жауап беруі тиіс екені анық айтылды. Бұл – популизмнен арылып, институционалдық дамуға бет бұрған саналы таңдау.
Саяси реформаларды дәйекті әрі кезең-кезеңімен жүзеге асыру – тұрақтылықты сақтай отырып жаңғырудың дұрыс жолы.
Президенттің құрылтайда айтқан негізгі мәселелері – елдің ұзақ мерзімді дамуын көздейтін, нақты іске негізделген, жауапкершілігі жоғары саясаттың айғағы. Бұл бастамаларды толық қолдай отырып, қоғам болып бірлесе жүзеге асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.