Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ міндет
Тараз қаласындағы қосымша білім беру ұйымы – «Тараз техникалық шығармашылық орталығында» сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және адалдық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кездесу өтті.
Аталған іс-шара Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы тарапынан «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру» мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында және техникалық ерекшелік талаптарына сәйкес ұйымдастырылды.
Кездесудің мақсаты – қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және адалдық қағидаттарын нығайту.
Іс-шараға орталық қызметкерлері қатысып, кәсіби қызметтегі ашықтық, әділдік және жауапкершілік мәселелерін талқылады. Жиынның арнайы спикері – Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Жапарова Әбілханқызы болды.
Спикер өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, білім беру саласында адалдық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, қызметтік әдеп нормаларын сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында қатысушылар пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Ашық диалог форматындағы жиын қызметкерлердің тақырыпқа деген қызығушылығын арттырды.
Іс-шара қорытындысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – қоғамның ортақ міндеті екені айтылып, әрбір азаматтың адалдық қағидаттарын ұстануы маңызды екені атап өтілді. Аталған дәріс «Адал қоғам» ҚБ ұйымдастыруымен өтті.