Академиялық адалдық – жетістік кепілі
Тараз қаласындағы №12 мектеп-гимназиясында педагогтерге арналған «Академиялық адалдық қағидаттары және оларды сақтау жолдары» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді.
Аталған шара Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.

Кездесуге білім ордасының ұстаздар қауымы қатысып, оқу процесіндегі адалдық принциптерін сақтау, бағалау жүйесіндегі әділдік және білім сапасын арттыру мәселелері қозғалды.
Шара барысында Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Жапарова Әбілханқызы және «Әділдік жолы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова тақырыпқа сай мазмұнды ой-пікірлерін ортаға салды.
Спикерлер педагогикалық қызметтегі адалдықтың маңызын атап өтіп, оқушылардың білім алу барысында әділдік қағидаттарын ұстануы – ұстаздардың кәсіби ұстанымына тікелей байланысты екенін жеткізді. Сонымен қатар, академиялық тәртіпті сақтау, көшіріп жазу мен плагиаттың алдын алу бағытында нақты ұсыныстар берілді.
Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстар талқыланды. Мұндай кездесулер білім беру ұйымдарында ашықтық пен сенімділікті нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.
Аталған дәріс «Адал қоғам» ҚБ ұйымдастыруымен өтті.