Сапалы білім мен әділ қоғам қалыптастыру
Тараз қаласындағы №32 орта мектебінде педагогтарға арналған «Академиялық адалдық қағидаттары және оларды сақтау жолдары» тақырыбында танымдық дәріс ұйымдастырылды.

Іс-шара Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өткізілді.
Дәріске мектеп ұжымы мен педагогтар қатысып, білім беру жүйесіндегі адалдық қағидаттарының маңыздылығы кеңінен талқыланды. Жиын барысында академиялық адалдық ұғымы, оның негізгі талаптары мен оны сақтау жолдары түсіндірілді.

Іс-шараға арнайы шақырылған спикерлер – Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Жапарова Әбілханқызы және «Әділдік жолы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова қатысып, тақырып аясында мазмұнды баяндамалар жасады.
Спикерлер өз сөздерінде педагогтердің әділ бағалау жүргізудегі рөліне, оқушылардың білім алу процесінде адалдық қағидаттарын сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, плагиаттың алдын алу, білім беру үдерісінде ашықтықты қамтамасыз ету және кәсіби этиканы сақтау мәселелері қозғалды.
Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибелік ұсыныстарымен бөлісті. Дәріс форматында өткен жиын педагогтердің кәсіби көзқарасын кеңейтіп, адалдық мәдениетін нығайтуға бағытталды.
Іс-шара соңында академиялық адалдық қағидаттарын сақтау – сапалы білім мен әділ қоғам қалыптастырудың басты алғышарты екені атап өтілді.
Аталған дәріс «Адал қоғам» ҚБ ұйымдастыруымен өтті.