Өнер талантты ғана емес, таза ниетті талап етеді
– Толқын, туған жеріңіз Жамбыл облысына қош келіпсіз! Сұхбатымызды әуелі өміріңіздің бастауы болған туған өлкеден бастасақ?
– Мен 1985 жылы Қаратау қаласында дүниеге келдім. А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп гимназиясында 11 жыл оқып, қосымша музыка мектебінде домбыра класын аяқтадым. Әкем бойымнан бір өнер ұшқынын көрсе керек, кішкентайымнан домбыраға баулып, мені өнерге жетелеген жан. Жастайымнан түрлі ән байқауында дипломант, лауреат атанып, әнге құмар болып өскен соң, болашақта әнші боламын деп ойлағам. Бірақ, 2005 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «театр факультетіне» қабылданған соң, менің өнерге деген көзқарасым мен театрға деген махаббатым жүрегімнен ерекше орын алды. Міне, содан бері мен «Театрал» деген әдемі есімнің иесі болып жүрмін.
– Толқын, талай өнер майталмандарының ізі қалған Ғ.Мүсірепов театрына қалай келдіңіз? Осы уақытқа дейін ойнаған рөлдеріңіз қандай?
– Жалпы Ғ.Мүсірепов театрына махаббатым 2006 жылдан басталды десем болады. Бізді алғашқы ұстазым профессор, Қазақстан Республикасының халық әртісі Тілектес Мейрамов студент кезімізден театрдың балаларға арналған қойылымдарына қатыстырып, массовкаға шақыртып тұратын. Сол кезден небір өнер майталмандары еңбек еткен сахнаның аурасы мен киесі мені өзіне тартып тұрды десем болады. Содан оқуымды аяқтаған соң Талғат Теменов ағамыз (ол кезде директор сол кісі еді) кастингтен өткізіп, театрға қабылдады. Ал өміріме үлкен өзгеріс әкеп, өнерімді жаңа деңгейге жеткізген рөлдерім мен көрерменге кеңінен танылған кейіпкерлерімді айтып өтер болсам, алғашқы ауқымды кейіпкерім Әбдіжәміл Нұрпейісов атамыздың «Соңғы парыз» романы бойынша сахналанған «Сең» қойылымындағы Бакизәт рөлі болса керек. Осы рөл арқылы режиссер С.Асқаров атамыздың батасы мен ризашылығын алған болатынмын. Сол кейіпкерімнің арқасында 2018 жылдың «үздік екінші пландағы әйел бейнесі» үшін «Сахнагер» сыйлығына ие болдым. Осы кейіпкер менің сахнадағы өміріме үлкен қадам болды десем болады. Сондай-ақ, көрермен мен әріптестерімнің сүйіктісіне айналған мен үшін ең ыстық кейіпкер – ол Ә.Нұршайықовтың романы бойынша сахналанған «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымындағы Тана рөлі. Ол кейіпкерімді сахналау барысында менің жан дүниемде көп өзгеріс болды. Премьераны көрген марқұм Болат Атабаев ерекше тәнті болған осы рөлім мен үшін ағадан қалған аманат іспеттес. Г.Лорканың «Бернарда Альба үйіндегі» Мартирио, У.Шекпирдің «Лир патшасындағы» Регана рөлі, А.Чеховтің «Три сестры»-дағы Ольга рөлі, бәрі-бәрі ерекше толғаныс пен қажырлы еңбекпен келген кейіпкерлер. Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романындағы Ұлпан рөлі дәл қазіргі таңда мен үшін ыстық кейіпкер. Әйел тағдыры мен оның күрделі де қызықты өмірін қозғайтын бұл шығарма, ондағы Ұлпан апамыздың өмірі менің жай-күйімді қозғалтпай қоймағаны рас. Өзім де жалпы әйел тағдырына байланысты көп жағдайға бей-жай қарамайтындықтан, осы рөлім арқылы сахнадан көп дүниені жеткізгім келеді, жеткізіп те келем. Көрермен көзайымы мен махаббатына бөленіп үлгерген бұл рөлді ерекше атап өткіп келеді.
– Бір кездері халық театрға бармай кеткен еді. Қазір, шүкір, бір спектакльді жылдап аншлагпен өткізіп жүрсіңдер. Бірақ көрермен мәдениеті ақсап жататын секілді. Осыған не дейсің?
– Жақсы сұрақ. Шынында да көрермен мәдениеті өте төмен. Жалпы театрға жиі келетін театрал көрермендер болады. Олардың мәдениеті жоғары. Менің айтып отырғаным, театрға бірінші рет келген көрермендер хақында болса керек. Бірақ көш келе келе түзелетін шығар деген үміт те жоқ емес. Мен театрда 2011 жылдан бері қызмет етіп келемін. Кей спектакльдерде көрермен аз болып жататын. Бірақ 2020 жылғы пандемия көрермен саны мен сапасына да өзгеріс әкелді десек болады. Өйткені, біз 2021 жылы «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклін қойдық. Міне, содан бері 4 жыл бойы аталмыш қойылым зор сұранысқа ие болып келеді. Бүгінгі таңда «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымын еліміздегі театр әлеміне үлкен резонанс туғызған, жаңа серпіліс әкелген керемет туынды ретінде ауыз толтырып айтуға болады. Сондықтан да, осы спектакльмен елімізді аралап, халыққа өз өнерімізді паш етудеміз. Пандемия кезінде халық рухани аш болған секілді. Өзіміз де шығармашылық жағынан аш болғандықтан, осы бір дүниені үлкен махаббатпен, сахнаға деген сағынышпен ұсындық.
– Өзің кәсіби актрисасың. Кино мен сериалдарға да түсіп жүрсің. Өз әлемің жалпы қай саланы сүйеді?
– Мен кәсіби актриса болғандықтан, екі саланы бөліп жара алмаймын. Театр да, кино да бір ұғым ғой. Өзімнің академиядан алып шыққан мамандығым да театр және кино актрисасы. Бірақ өзімнің жүрегіме жақыны – театр өнері. Өйткені театр менің жұмыс орным, негізгі қызметім. Тек театрдан бос кезде, негізгі жұмысыма кедергісі тимеген кезде ғана киноға түсемін. Ол менің театрға деген ерекше ілтипатым мен жауапкершілігім болса керек. Жалпы кино мен театрда айтарлықтай айырмашылық жоқ болып көрінгенімен, киноның әлемі бөлек. Театр мен үшін өз алдына энергетикасы басқа, күрделілеу өнер түрі. Кинода сен бір күйді 2-3 рет қайталап ойнап бере аласың. Ол жерде монтаж, дубль деген дүние бар. Ал сахна ол «дәл қазір, осы жерде» деген ұғымда. Оның үстіне сен сахнада өмір сүріп жатқанда, ар жақта сенімен бірге, бір демде өмір сүріп отыратын көрермен болады. Оның ілтипаты, оның ықыласы бөлек.
– Енді кино мен серилдардағы рөлдеріңе келсек, жалпы экрандағы қай рөлің арқылы көбіне халық танып жатады? Өзің басты рөлге түскен «Кәрі қыз» фильмі қазіргі заманғы өзекті мәселені қозғап, оң жақта отырған қыздардың көкейіндегісін дөп басты десек болады. Ол әсіресе ел-жұрттың өзіне қатысы жоқ өзгенің жеке өміріне араласуы болса керек. Өмірде өз теңін іздеп жүрген арулардан осы фильмге байланысты ой-пікір көп болған шығар?
– Мені халыққа кеңінен танытқан – «Келінжандағы» Клара Ғарифоллақызы. Ол кейіпкерімді өзім де жақсы көремін. Әсіресе актер Рустем Жанымановпен (Қылышбек) болған тандем көрерменге де үлкен сүйіспеншілік сыйлаған сияқты. Айта кететін бір жайт, «Келінжан» продюсері Гүлнұр Мамасарипова осы сериалдан кейін маған арнап «Кәрі қыз» фильмінің сценарийін жазды. Аталмыш сериалдағы сахналасым Рустем екеумізге басты рөлді ұсынды. «Кәрі қыз» фильмі аты айтып тұрғандай, тұрмысқа шықпаған, әлі өз теңін таба алмай жүрген қыздар үшін өте өзекті тақырып болғандықтан, көптеген көрерменнен жақсы лебіздер, жүрекжарды тілектер келіп жатты. Әлі де инстаграм желісінде жекеме хаттар толассыз келуде. Қыздар өз тағдырымен, өміріндегі кейбір ауыртпалықпен, өз ішкі күйлерімен бөлісіп жатады. Өзім сол көрермендермен сырласып, кейде хат алмасуымыз жолдастыққа, жылы қарым қатынасқа ұласып жатқан жайы бар. Осы тұрғыда теңін таппаған әр қызға тілерім, кейіпкерім Бибігүл айтпақшы әр нәрсенің уақыты болады, әр жан өз бақытын міндетті түрде табады. Өз басым 400 көрерменнің ішінде төртеуінің күйіне, жаны мен жүрегіне әсер ете алсам, демек менің бір үлкен миссиямның орындалғаны. Әйтпесе несіне актриса болып жүрмін.
– Театр болсын, кино әлемі болсын, жалпы өнер саласында өзіңді қандай жайттар толғандырады?
– Өнерде мені толғандыратын жайттар өте көп. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дейді ғой. Бірақ, өнерге көп адам оңай ақша табу ниетімен келетін секілді. Өнер ордамызға жұмысқа орналасуға келетін жас буынның дені тек аты дардай театрда жеке бас абыройы мен атағы үшін келетіндей. Оны көрген менің жүрегім ауырады, шыны керек. Өйткені өнерге адам таза ниетпен, сахнаға өз ісіне деген махаббатпен келу керек. Қазақ өнерін, оның ішінде театрды көтеремін, сахнаға адал боламын, көрерменнің алдында жауапкершілігім биік болады деген бір үлкен тазалықпен келмесе, ол ұзаққа бармайды. Сондықтан өнерде мені көп толғандыратын дүние – жастардың танымалдылықты қуып, өнерге бей-жай қарай салуы. Өнерге жалпы адамдардың көзқарасы тура болса екен деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арна ЖҰМАТАЙ