Шерхан оқулары – шын таланттың шеберлік шыңдау алаңы
Бұл байқауды Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университеті, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды. Байқаудың ашылу салтанатында жазушының атындағы университет туралы және «Тұғыры биік тұлға» деректі фильмі көрсетілді. – «Батыры жоқ ел бақытсыз, ақыны жоқ ел екі есе бақытсыз» деген дана қазақ халқының сөзі бар. Құдайға шүкір, бізде батыр да, ғалым да, ақын да жеткілікті.
Бұл байқау елімізге белгілі Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, облысымыздың ұлы тұлғасы Шерхан Мұртазаға арналып отыр. Бүгінгі байқауымыз екі мақсатты көздеді. Біріншіден, жазушының шығармаларын зерттеп, тағылымын жастардың бойына сіңіріп, туындыларын жас ұрпақ арасында кеңінен таныту болса, екіншіден, жасөспірімдер арасындағы шығармашылыққа қабілеттілерін көрсетіп, туындыларын көпшілікке таныту мақсат етілді. Олардың шығармашыл әлеуетін ары қарай дамытуға жол ашуды көздедік.
Шераға жастармен кездескенде айтатын:
«Кітап – білімнің негізі, кітап – мәдениеттің мәйегі. Ешқандай дүние жинаған жоқпын, бар жиғаным – кітаптарым» деп. Өздеріңіз білесіздер, елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Ондағы мақсат – жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығын арттырып, сол арқылы ізгі тәлім беру. Шерағаның негізгі ұстанымы да кітап арқылы рухани баю болатын. Міне, осы мақсаттағы байқауымызға қатысушыларға сәттілік тілейміз, – деді аталған университеттің ректоры Махметғали Сарыбеков.
Облыс оқушыларының биылғы оқу жылындағы жетістіктері туралы айтқан облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылкұлова соңғы екі жылда халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда 157 оқушы жүлделі орындарды олжалағанын жеткізді.
– Шерхан Мұртазаның шығармашылығына арналған байқаудың облысымызда өтуі заңды. Себебі ол осы өңірден түлеп шығып, бүкіл қазақ даласына танылған тұлға. Оның бай мұрасы – жастар тәрбиесінде құнды құрал. Ол өзінің өнегелі өмірімен, ұлт мүддесін бәрінен биік қойған азаматтық ұстанымымен, қаламгерлік қарымымен артына өшпестей із қалдырды. Шерағаның шығармалары мен қоғамдық көзқарасы бүгінгі ұрпақ үшін рухани байлықтың темірқазығына айналды. Шерхан Мұртаза оқулары жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, әділдік, сөзге деген құрмет сынды асыл қасиеттерді дарытуға бағытталған. Сонымен қатар шығармашылық байқау – оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, ғылыми танымдық мүмкіндіктерін көтеруге мол мүмкіндік. Жамбыл облысы білім мен ғылым саласында ілгері келе жатқан өңірлердің бірі. Дарынды оқушыларымыз түрлі деңгейдегі білім сайыстарында жетістіктерімен қуантуда. Кейінгі екі жылда халықаралық және республикалық байқаулардың нәтижесімен және бұдан да бөлек олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың қорытындысы бойынша облыс командасы 16-шы жыл қатарынан ең үздік команда атанып отыр. Шерхан Мұртаза оқулары байқауы шығармашыл жастардың тәжірибе алаңына айналды. Ел жастарға сенім артады, себебі олар – біздің болашағымыз, – деді Ләззат Әбілдақызы.
Бұл байқаудың тарихы 2014 жылы Меншік иесі:
«AULIEATA-MEDIA» ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІ Шерхан Мұртазаның қатысуымен бастау алып, бүгінгі таңда арнайы ғылыми-шығармашылық байқаулардың санатына еніп отыр. Осы жылдары жазушы шығармашылығы мен киелі мұрасына ерекше қолдау жасап, болашақ ұрпақтың қанаттанып, Шерағадай ұлттық рухтың жаршысы болуына университет құрылтайшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Саурықов үлкен мүмкіндік жасаған.
Биыл да байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен оқушылар жиналды. Республикалық байқаудың аудандық, облыстық кезеңдерінен іріктелген 50 оқушы бақ сынады. Байқау қорытындысында «Жүрекке жол тапқан жұлдыз көпір» шығармалары негізінде теориялық сұрақтарға жауап беру бағыты бойынша Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Жанар Қажымұқан І дәрежелі дипломмен, «Зау тұлға» номинациясында шығармалары арнау бағытындағы облысымыздан қатысқан Жамбыл мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Сәкен Сағадин, сондай-ақ Бірлесу-Еңбек орта мектебінің 10- сынып оқушысы Нұрдос Мүсірбек, Алматы қаласы №206 мектеп гимназиясының 10-сынып оқушысы Мақсат Берікұлы, Алматы облысының І. Жұмағұлов атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Еңлік Оразақын марапатталды.
«Шерхан Мұртаза мұрасы» ғылыми жоба бағытында І дәрежелі дипломды Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Бекасыл Ғұмырзақ, Түркістан облысы, Ш.Мұртаза атындағы шағын жинақты мектеп гимназиясының 9-сынып оқушысы Айым Бекуалы, облысымыздағы Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Диана Пошаева және №11 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айсұлу Мұраділ, Маңғыстау облысының дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Бексұлтан Бағытжанұлы, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп интернатының 10-сынып оқушысы Гүлшат Көптілеуова жеңіп алды.
Қамар ҚАРАСАЕВА.