Шерағаны көрші елдің арнайы қызметі «Қазақстандағы №1 ұлтшыл» деп есептеді — Махат Садық

0 19

Бүгін жазушы, тіл күрескері Шерхан Мұртазаның туған күні. Ел жадында жазушының шығармаларымен бірге, Парламент мінберінен айтқан өткір сындары, тіл үшін тартысқа түскен батыл әрекеттері қалды. «Шерхан Мұртаза депутат болып тұрған кезде Кодексе жерді сатуға рұқсат беретін баптың еніп кетуіне атсалысқан» дейтін әңгіме де аракідік айтылып қалады. ҚазАқпарат тілшісі сол кезде Парламенттен хабар таратқан тәжірибелі журналист Махат Садықтан микрофон мен мінберден тыс кезде Шерхан Мұртазаның қандай депутат болғанын сұрап көрді.

«Біз көрген, білген, таныған, оқыған Шерхан Мұртаза қазақ әдебиетінің классик жазушысы ғана емес, өзі сүрген қоғамдағы қайраткер болды. Бәрін жете түсініп, жете сезінетін. Шерағаның «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттері мен «Қазақстан телерадио корпорациясын» басқарған кезінде жазған мақалаларын немес журналистерге жазғызған, айтқызған материалдарын қарасаңыз, сол заманда қоғамға өте қажетті дүние болатын. Сондықтан, Шерағаны бүкіл қазақ халқы сүйіп оқыды. Бұл тұрғыдан Шерағаңның саяси, қоғамдық жұмысын жеке зерттеп, арнайы кітап жазу керек. Ол қоғамның тамыршысы секілді болатын. Әр нәрсені дәл сезінетін, дәл табатын. Ал енді оның кейбір мәлімдемелерін қазір қайтадан жарияласа, бүгінгі қоғам дұрыс қабылдамас еді. Бірақ, сол кезде ол сөздер халықтың жүрегінен орын тапты», — дейді Махат Садық.

Оның сөзінше, мемлекеттік тіл білмейтін кейбір шенеуніктер «Шерхан Мұртаза мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білуді міндеттейтін заңды қабылдатпай қоймайды» деп сенген көрінеді.

«Тіл мәселесінде Шерағаң зор еңбек сіңірді. «Жыланда ғана екі тіл бар» деп Парламент төрінен айтқан сөзі орыс тіліне де аударылып, қазақ тілін білмейтін мемлекеттік қызметшілердің біразы арнайы курстарға барып, қазақша үйрене бастағанын көрдік. Өйткені, Шераға «Парламентте мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білуін міндететтейтін заңды қабылдатады» деген үрей болды және оған өздері 100 пайыз сенді. Бірақ, Шераға 2004 жылдан кейін депутат болмай қалды да, жабулы қазан жабулы күйінде қала берді», — деп еске алады журналист.

Ш. Мұртазаның тіл мәселесі жөніндегі әрекеттерін іргедегі мемлекеттер де жіті қадағалап отырғанға ұқсайды.

«Ресей телерадио корпорациясы басқарма төрағасының орынбасарымен дос болдық. Қазір оның аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, сол: «Біздегі ФСБ (Федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) 2000 жылдары «Қазақстандағы №1 ұлтшыл» деп Шерхан Мұртазаны атайды», — деген болатын. Өйткені, Шерағаның сөздері Қазақстан аумағынан сыртқа жетіп жататын. Сол кезде жас мемлекетіміздің беталысын аңдып отырған өзге елдер депутат Шерхан Мұртаза не айтып жатқанын бағып отырды. Қазір сол мемлекеттердің архивінде ол материалдар жатқан шығар. Шерағаның сөздері әлі күнге дейін елге жігер беріп келеді. Әлеуметтік желіден өзіміз куә болған сәттердің қиындыларын көрген сайын осындай ойға келем», — дейді Махат Садық.

Фото: М. Садықтың жеке мұрағатынан

Оның пайымынша, сол тұстағы жер дауында Шерхан Мұртаза сияқты талай есімі елге аяулы азамат жоғары шенді адамдардың арасындағы амбициялық таластың құрбанына айналған.

«Біраз уақыт өткен соң қарап отырсақ, бұл жеке адамдардың амбициясы болған секілді. Парламент спикері мен Премьер-Министрдің арасындағы текетірестен туындаған сияқты. Сол тартыста Шераға Премьер-Министрді қолдады. Өйткені, бұл мәселе қазірге дейін шешілген жоқ қой. Бұл мәселе Парламент қана шешетін мәселе емес еді. Қазір, мысалы, Мемлекет басшысы жер, тіл дін мәселесін Ұлттық құрылтайда халықпен ақылдасып отырып шешетін жүйе құрып отыр. Ал сол кездегі сәт, 2003 жылғы Премьер-Министр мен Парламент спикерінің арасындағы текетірестің салдары біраз адамға салқынын тигізді. Айтпақшы, Сенат та Үкіметтің позициясын қолдаған. Мәжіліс қана қарсы болды ғой», — дейді ол.

Махат Садық осындай алып тұлғалы Шерхан Мұртазаның жеке өміріндегі өкінішіне де куә болғанын айтады.

«Бір оқиға есімде қалыпты. Мәжілісте комитет төрағасы Дәулет Тұрлыхановтан спорт заңнамасы туралы сұхбат алып отырғанмын. Шерағам кіріп келді де: «Ер Дәулет, рахмет саған», — деді. Д. Тұрлыханов Шерағаның толық шығармалар жинағын шығарып, қаламақы төлеп берген екен. «Мынау менің еркін сөйлеп жүргенім, қорықпай сөйлеп жүргенім өзің секілді батыр жігіттердің арқасы. Менің батыл сөйлеп жүргенім, сен секілді жігіттер арқамнан сүйеп тұр. Қолыңды жай, батамды берейін. Біз де кетерміз бұл дүниеден. Келесі ұрпақты сендерге тапсырамыз. Сендер біздің орнымызға келесіңдер. Алдарыңда біздікінен де қиын мәселелер туындайды. Тіл дауы оның бер жағы ғана. Қазақты құрту үшін талай құйтырқылықтар жасайды. Соған дайын болыңдар. Бұл жолда мен отбасымды құрбандыққа шалдым. Еш нәрсені ойламай, ұлт үшін күрестім» деп күйініп сөйледі. Мұны да қазіргі буын біле жүруі керек деп ойлаймын», — деп еске алды журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.