Ана тіліміздің айбынын арттырудың тиімді жолы қайсы?

0 7
ХХІ ғасыр – ақпарат заманы. Ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни қазір адамдар арасындағы байланыстың жазбаша түрі ақпарат алмасудың негізгі тәсілі болып отыр. Қазіргі қоғамда публицистикалық және ресми стильдегі жазбалардың рөлі басым. Қызметтегі хат алмасулар, медиакеңістіктегі ақпараттар, жылдам хабар алмасудың немесе ақпарат бөлісудің тиімді әрі ыңғайлы жолы әлеуметтік желілердегі жазбалар, аудио-видео хабарламалардың барлығын сараптап, зерделеп, заманауи қазақ тілінің халімен танысуға болады.

Конституцияның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі» делінген. Ал, тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн реттейтін «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» арнайы заңның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi», – деп көрсетілген. Демек аталған Заң Конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесін анықтайды. Заң ғылымының кандидаты Айыпқан Мухамадиев өз мақаласында қазақ тілінің Конституциядағы мәртебесін талдай келе: «Қазақ тілі – мемлекетті басқару, заң шығару және iс қағаздарын жүргiзу тiлi», – деп, «Қазақстанда мемлекеттік ресми тіл біреу – ол қазақ тілі», – деп түйіндейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезең келді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деп, қазақ тілін дамытуға қатысты өз ойымен бөлісті. Мұны тек жекелеген азаматтар тобына емес, ұлтына қарамай тұтас Қазақстан халқына бағытталған сөз деп қабылдаған жөн.

Қазақ тілінің қолданыс аясын арттырудың ең тиімді жолы – «Тіл туралы» заңға өзгерістер енгізу еді. Оны тіл жанашырлары, филолог ғалымдардың айтқанына біраз жылдай болды. Себебі кез келген мекеме немесе жеке және заңды тұлға «қажет болған жағдайда» (немесе орыс тілінде) деген сөзді сылтау қылып тек орыс тілінде хат алмасуды, іс-шара өткізуді қалыпты жағдайға айналдырған. Бірақ бұл заңға өзгеріс енгізу әзірге жүзеге аспай отырғандықтан, қолда бар заңды, мүмкіндікті пайдаланып, қазақ тілінің қолданыс әлеуетін қалай арттыруға болады? Күнделікті тіршілікте жүрген адамдар, жастар, тіпті жасөспірімдер, балақайлардың қарым-қатынас құралының тілі – орыс тілі немесе аралас тіл (орыс-қазақ-ағылшын тілдері).

Қазір еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін смартфонға телмірген, интернетке байланған заман болды. Бұл да – қажеттілік. Сол үшін әлеуметтік желілердегі сауатты әрі сапалы қазақ тілді контенттің санын арттыру керек. Балақайлар мен жасөспірімдер, бозбалалар, ересектер көретін қазақ тілді контентті көбейту арқылы олардың тілдік қорын мемлекеттік тілде толтырамыз. Балақайлар үшін тек қазақ тілді контентті көбейту аздық етеді. Ол контенттің баланың көру, есту дағдыларына икемді, яғни материал түрлі түсті, анимациялы, мазмұны жеңіл, сөздері жатық болып, бала қызығушылығын арттыра түсуі керек. Осы орайда республика көлемінде немесе әр облыстың әкімдігіне қарасты тілдерді дамыту бөлімдері әлеуметтік желілер арасында қазақ тілді контентке лингвистикалық байқау жариялауға да болады. Мәселен, «Сауатты блогер», «Сауатты журналист», «Сауатты облыс тұрғыны» немесе «Сауатты жазба иесі», «10-топ: Әлеуметтік желіде сауатты пост жариялағандар», «Қазақ тіліндегі ең үздік ақпарат порталы», «Қазақ тіліндегі балақайларға арналған ең үздік контент» және тағы басқалар. Әлеуметтік желілерде қазақша сауда жасайтындар, тағам даярлайтындар, қыз- келіншектерді бояндыратындар, құқықтық кеңес беретіндер – осы секілді өз блогтарын мемлекеттік тілде сауатты жүргізетіндерді басқаларға үлгі етіп көрсетуге болады.

Қазір цифрландыру дәуірі. Себебі цифрландыру – расында да дүниежүзілік дамудың трендіне айналуда. Сондықтан мемлекеттік, салалық деңгейлерде, сондай-ақ жекелеген үй шаруашылықтары мен жеке азаматтардың деңгейіндегі қызметтердің барлығы электронды форматқа көшіріліп отыр. Ақпаратты цифрлық форматқа көшіру арқылы экономиканың тиімділігін арттыруға, адамның өмір сүру сапасын жақсартуға, сонымен қатар уақыт үнемділігі, ақпараттың қолжетімділігі, ашық бәсекелестік секілді заманауи қабілеттерді қалыптастыруға болады. Ақпаратты цифрландырудың бір көрінісі – кез келген мекемелердің сайттары немесе ақпарат порталдары, ақпарат ресурстары. Қарапайым тілмен айтсақ, сайттар. Сайттардың басты қызметі – белгілі бір мекеме туралы толық мәлімет беру. Сайт – әр мекеменің бет- бейнесі, сауаттылықтың айнасы, мәлімдеме жасау мүмкіндігі, ақпарат тарату құралы, жарнаманың арзан, бірақ тиімді әдісі, тұтынушылармен өзара әрекеттесу жолы. Осының ішінде біз үшін маңыздысы – қазақ тіліндегі ақпаратты тарату сауаттылығы, мемлекеттік тілдегі материалдардың сауатты, мәдениетті жазылуы. Себебі сайттардағы мемлекеттік тілдегі материалдар – қазақ тілінің мәдениетін, әдеби нормасын, сауаттылығын, тілдің құндылығын насихаттайды, жарнамалайды. Білім, денсаулық салаларына қатысты кейбір сайттардағы қазақша материалдардың сауаты сын көтермейді. Онда грамматикалық және стильдік қателер кездеседі. Жалпы сайттар дайындалғанда алдымен, орыс тілінде, содан кейін қазақ тіліне аударылатын секілді. Өйткені калька аудармаларды көзіміз шалады. Бұдан бөлек, көптеген ақпараттық сайттарда, ақпарат тарататын құзырлы органдардың ресми сайттарында әлі күнге дейін ақпарат бірінші орыс тілінде жарияланып, аудармасы сәл кешігіп қазақ тілінде шығып жататыны жасырын емес. Қай тілде ақпарат ең бірінші шықса, сол тілдің ықпалы басым екенін, сайттың да дәл сол тілдегі нұсқасының беделі биік болатыны белгілі.

Қазақ тілінде сөйлеуді халықтың, оның ішінде жастар арасында сәнге (трендке) айналдыру мәселесі де күн тәртібінен түспеуі қажет. Бұл да тілдік ахуалды шешуде үлкен ықпалға ие. Мәселен, бір ғана Димаш Құдайбергенов арқылы әлем халықтары қазақша ән айтуға әуес болды. Қазір жастар жапон тілі мен түркі тілін үйренуге ұмтылады. Оның себебі – түркі мен жапон әншілері, әртістерінің эстетикасына еліктеу. Одан ары тереңірек үңілсек, сол мемлекетке барып білім алғысы келеді, содан кейін жұмыс істеп, табыс табу тағы бар. Жастар арасында қазақ тілінде сөйлесуді трендке айналдыру үшін танымал өнер, білім мен ғылымға қатысты тұлғаларды көп жарнамалап, солардың әрекетін көрсету тиімді. Осы тұста жастардың бойына патриотизмнің дәнін себу арқылы да іске асыруға болады.

Нысан атауларын, сыртқы жарнаманы мүмкіндігінше мемлекеттік тілде айқындап, мағыналы етіп жазуды қадағалаған жөн. Сауатты әрі сапалы жазылған ономастикалық атаулардың да қазақ тілін үйренуге өзіндік әсері бар. Қазақ тілінің дамуына кедергі келтіріп отырғандардың бірі – сол тілді меңгермеген және меңгеруге құлқы жоқ азаматтардың ықпалы. Мұндай адамдар аз емес және түрлі салаларда еңбек етіп жүр. Олар өздерінің «комфорт аймағынан» шыққысы келмейді және өздеріне үйреншікті тілде тәрбиелеген балаларының болашағына алаңдайды. Сол үшін осы тұста балабақша тәрбиешілері, білім беру мекемелерінің барлығында жұмыс істейтін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, оқытушылары қазақ тілін үйретуде өзіндік берік ұлттық, патриоттық ұстанымынан айнымай, жұмыс жүргізуі керек. Осындай оқытушылар өз кезегінде марапатталса құба-құп.

Қазақ тілді азаматтардың өздеріне тиесілі тіл таңдау құқын талап ету мәдениетін, іс жүзіндегі белсенділігін арттыру қажет. Өйткені қазақ тілді азаматтардың көпшілігі тілдік мәселеде өз құқықтарын талап етуде белсенді емес. Белсенді дегендерінің өзі әлеуметтік желіде сын-пікір жазумен, тиісті құрылымдарды сынаумен ғана шектеліп жатады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жекелеген азаматтар өз құқықтарының бұзылғанына байланысты сол жерде талап етіп, мәселені шешуіне болады немесе тікелей сотқа жүгініп өз құқығын қорғай алады. Мұндай азаматтардың шоғыры қалыптасса, бұл істе оң бетбұрыстың болары анық.

Қазіргі кезде жазба коммуникацияның, жалпы ақпарат алмасудың басты құралы – әлеуметтік желілер. Ватсап – жылдам хат-хабар алмасудың тиімді желісі болса, фейсбук, твиттер, инстаграм – оған қарағанда, қысқаша ақпарат, пост жазып, ой бөлісіп, пікір алмасудың ең ыңғайлы желілері. Жазба мәдениет – ауызша мәдениеттің биік шыңы десек, жазу мәдениетінің негізі – сауаттылық. Бірақ, өкінішке қарай, әлеуметтік желілердегі мемлекеттік тілдегі жазбалардың қатесінен көз сүрінеді. Әлеуметтік желі – ауызекі тілдесу ортасы. Әлеуметтік желілердегі қазақша сөздерді қазақ әріптерімен жазбау, қазақ сөздерін ықшамдап жазамын деп, қате жазу секілді қателіктер көп. Бұл үрдіс осылай жалғасса, жастар арасында қате жазу – «дұрыс жазу» нормасы болып қалыптасу қаупі де тұр. Әлеуметтік желілердегі мұндай сауатсыздық үрдісі тек біздің елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде екенін байқауға болады. Көрші Ресей мемлекеті де осындай сауатсыздықпен күресуде. Оны ресейлік ақпарат порталдарынан байқауға болады. Қазіргі заман адамдарын, әсіресе, жастарды әлеуметтік желісіз елестету мүмкін емес, десек те ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тіл тазалығын сақтау – біздің патриоттығымыз бен сауаттылығымызды арттырады», – дейді. Бүгінгі күннің талабы қазақ тілін жай меңгеру ғана емес, оны сауатты үйрену болу керек.

Қорыта келгенде, Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесін, оның құзыретін іс жүзінде нығайту мәселесі, өкінішке қарай, әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл шындығында бәрімізге артылған жауапкершілік жүгі, барша қазақстандықтардың ортақ ісі. Отбасындағы тәрбиеден бастап, ел басындағы азаматтарға дейін өз ісінде осыны естен шығармауы тиіс.

Балмира МЫРЗАБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторанты

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.