ТІРЛІК БІРЛІКТЕ
СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВПЕН «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының сұхбаты
— Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Ең алдымен Сізді СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі болып сайлануыңызбен сан мыңдаған оқырмандар атынан құттыктаймыз. Мұны ұлт мәселесіндегі лениндік әділетті саясаттын қайтадан салтанат құра бастағанының игі нышаны деп танысақ керек. Ерікті республикалар Одағын басқару ісіне сол республикалар өкілдерінің түгел қатысып отыруын кезінде Лениннің өзі талап еткені белгілі.
— Иә, оныңыз рас. Саяси Бюро кұрамы бұл жолы түбегейлі жанарды десе де болады. Одақтас он бес республиканың Коммунистік партиясы Орталық Комитеттерінің бірінші хатшылары түгелдей Саяси Бюро құрамына енді. Мұны өмірдің өзі талап етіп отыр. Көп ұлтты ұлы мемлекетте ұлт мәселесіне самаркау қараудың салдары қалай болатынын көзімізбен көріп, басымыздан кешіріп жатырмыз. Саяси Бюроның жаңа құрамы сол асқынып бара жатқан ұлттық «кеселдің» алдына қойылған алғашкы тосқауыл. Егер дәлірек нақтылыкка келсек, Саяси Бюроның болашақ кұрамы туралы одақтас республикалар Компартиясы Орталық Комитеттерінің бірінші хатшыларының бір ауыздан айтылған ұсынысы Горбачев тарапынан қолдау тапты. Біздің ұсынысымыз қабыл болып, жаңа Уставтың жобасына өзгерістер енгізілді.
Бұл дұрыс шешім. Саяси Бюро құрамында енді біз бүкіл Одақтың мүддесімен қатар өз республикаларымыздың да мүддесін корғай аламыз. Ендігі жерде біз СОКП Орталық Комитетінің аппаратына үнемі бағынышты болып, жалтақтаудан құтыламыз.
— Съезд қарсаңында да, съезд кезінде де партия тағдыры таразыға түсіп тұрды. Мұндай сын сағатта күдік пен үміт алма-кезек ұстараның жүзімен жүргендей болды. Партия бөлшектеніп кету қауіпі туса да бірлік жеңді. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
— Съезд барысында СОКП тұғырнамасымен қатар тағы Демократиялық партия Маркстік партия дегендердің тұғырнамалары жария болды. Көп мәселелер жөнінде бұлардың қөзқарасы СОКП бағдарынан алыстап кете де қоймайды. Олардың ақылға қонымды, қоғамға пайдалы пікірлерін парасаттылықпен тыңдап, сабырмен қабылдап, икемге, бірлікке тартуға да болады. Ал делегаттардың басым көпшілігі коммунистерден Партияның бірлігін сақтаңдар! Деген аманат алып келген еді. Съезд негізінен осы аманатқа адалдығын танытты.
Екіншіден, партияның өзін демократтандыру көкейкесті мәселе ғой. Рас, делегаттардың арасында партияның бұрынғы өктемдігін көксейтіндер көп емес еді. Өзіңіз көрдіңіз, Лигачевтің төңірегінде төбелеске бергісіз пікірталас болған жоқ па? Ал Лигачев болса: «Мен консерватор да емеспін, радикал да емеспін. Мен реалистпін», деп мәлімдеді. «Қоғамдық меншік адамдарды біріктіреді, жеке меншік адамдарды ажыратады», деп қасарысып қалды. Демек, ол осы уақытқа дейін қандай болсам, сол қалпымда қаламын, бір адым да алға жылжымаймын дегені гой. Ал осы уақытқа дейінгі әрекетінен не шыққанын жұрттың бәрі жақсы біледі. Ол басқарған аграрлык сектор әбден азғындады. Ал Лигачев болса «қоғамдық меншік» деп сіресті. Қазіргі кезде қоғамдық меншікпен қатар меншіктің басқа түрлері де өмір сүру керек екенін өмірдің өзі талап етіп отырғанын мойындағысы келмеді. Ал акыры немен тынғанын өз көзіңізбен көрдіңіз.
Көруін көрдік. Бірак Лигачев үшін алғашқы дауыс беру кезінде делегаттар ары бір толқып, бері бір толқын, әрі-сәрі болған сыңай танытты.
Бәрібір саяси биік аренадан кетті.
— Жарықтық, өзі де саясатты біраз сапырды ғой. Маскүнемдік пен алкоголизмге қарсы бастамасы бүйректен сирақ шығарғандай болды. Кадр мәселесінде де өктемшіл өркөкіректікке басты. Республикаларға басшы кадрларды басқа жақтан тасу керек деп ұран тастаған сол ғой. Ол бұл пікірінен осы съезде де қайтқан жоқ. Республиканың жағдайын, халқының әдет-ғұрпын, тілін, психологиясын, тұрмыс-салтын білмейтін біреу сырттан келеді де, ел басқарады. Мұндай саясаттан, әсіресе, зәрезап болған Қазақстан емес пе?
— Ол рас. Қазақстан Компартиясы құрылғалы бері оның Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып үш-ақ рет жергілікті халықтың өкілі сайланыпты… Сонымен о бастағы сұрағыңызды тұжырымдасак, XXVIII съезде партия өз бірлігін сақтап калды. Рас, Ельциннің қыр көрсетуі кынжыларлық. Бірақ, бір есептен бетті ашып алған да дұрыс. Бұл съезд кімнің кім екенін танытты. Десе де, біз егеменді РСФСР-мен экономикалық катынасты жана жолға қоятын шығармыз. Осы күндердің өзінде Қазақ ССР Министрлер Советінің Төрағасы Ұзақбай Қараманов бастаған жолдастар Россия Федерациясымен экономикалык байланыс жөнінде біраз жұмыс жүргізді.
- Жақында қабылданған Устав бойынша республика Компартиясы СОКП кұрамында дербестікке қолы жеткен сыңайлы. Республика Компартиясы үшін бұл дербестіктің жемісі қандай болмақ?
- Бұл дербестік СОКП-дан іргені ажырату деген ұғым емес. Бағдарлама, Устав негізінен бір арнадан туындауы керек. Партиялық билет те біртектес. Бұл СОКП бірлігін сақтау деген сөз.
Ал сонда несі дербестік дегенге келсек, ендігі жерде партиялык кадр мәселесін өзіміз шешеміз. Бұрын қалай еді? Орталык Комитетті былай қойғанда, облыстық партия комитеттерінің хатшыларын Мәскеудің келісімімен ғана сайлайтынбыз. Партиялык бюджет, қаржы мәселесінде де СОКП Орталық Комитетінің аузын бағып отыратынбыз. Шетел Коммунистік партияларымен байланыс жасауда да Мәскеусіз бір адым баса ал алмаушы едік. Енді бұл мәселелерді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өзі-ақ шеше беретін болады.
- Көптен бері көкейде жүрген аңсар тілек: республиканың егемендігі, саяси және экономикалық дербестігі еді. Бұл өзекті мәселені алғаш рет Одақ көлемінде көтергендердің бірі өзіңізсіз. Ендігі жерде айымыз оңынан туар ма екен? Республика тізгіні өз қолымызға тигенде халықтың хал-ахуалы қалай өзгерерін көз алдымызға елестетуге бола ма?
- Бұл көкейкесті мәселе шешілуге жақын деп айтуға болады. Менің үлесімді атап кеткеніңізге рахмет. Мен Президент ретінде өз Жарлығыммен Одақтық шартты қайта қарау жөнінде комиссия тағайындаттым. Оның Төрағасы Ұзақбай Қараманов жолдас. Бұл комиссияның алдында тарихи міндет тұр. Жаңа Шарт бойынша Одақта тек республика келісімін берген мәселелер ғана қаралуы керек. Ал республиианың бүкіл тіршілігі, оның жер-суы, табиғат байлығы – республиканың өз ісі, өзінің дәулеті. Ендігі жерде Одақ үшін шикізат базасы болып қала берер жайымыз жоқ. Алады екен -берсін. Бұрынғыдай су тегін алмай, жүйелі, иманды нарық бойынша алсын. Мен, әрине мұндай, көмір, темір, мыс, алтын, күміс, т.б байлықтарды айтып отырмын. Сонда тұрысымыз да әлеуметтік жағдайымыз да жақсарады.
- Орта Азия республикалары мен Қазақстан басшылары Алматыда кездесіп, аса маңызды мәселелер қозғағаны, осы республикаларға пайдалы бірнеше құжаттарға қол қойылғаны әлі есімізде. Мұны осы аймақтың халықтары жақсылық жарсысындай қуана қабылдады. Енді, міне, СОКП ХХVIII съезі республикалар егемендігін қуаттағаннан кейін әлгі сіздер қол қойған құжаттар жеделдете күшіне енетін болар. Сонда Қазақстанға түсетін пайда қандай?
- Бұл сұраққа жауап өз газетіңізде жарияланған. Орта Азия республикалары мен Қазақстан басшыларының Алматыдағы кездесуінен туындаған құжаттар газет бетінде шыкты. Ол құжаттар осы жылдың 1 шілдесінен күшіне ене бастады. Айта кететін жәйт: біз бұл келісімге бұдан бірнеше жыл бұрын ұмтылғанбыз. Не үшін дегенде аймақтағы халықтардың қауымы үшін. Бірлік бар жерде тірлік бар. Ежелден еліміз, жеріміз тамырлас, тағдырлас болып келіп, кейіннен жеке-жеке республика құрып, әр республика өз бетінше Орталыққа тәуелді болып, бір-бірімізбен Мәскеу аркылы ғана байланысып келдік. Іргелес отырып өз мәселемізді өзіміз шеше алмадық. Бұдан былай мұндай тәуелді хәлден арылатын шығармыз. Ең бастысы, еліміз рынок жағдайына көшер тұста аймақтық экономикалық байланыстың пайдасы елеулі болады деп сенеміз. Бұл мәселенің бір жағы.
- Ал Өзбек, Қазақ, Қырғыз, Тәжік, Түрікмен республикаларының басшылары келісімге келген екен, соны бүкіл қауым болып колдап кеткені жөн болар еді. Әсіресе, сіздер, бұқаралық хабарлама қызметкерлері, мәдениет, әдебиет, ғылым қайраткерлері республикааралық қатынасты қыздыра түсуіңіз керек қой. Жазушылар, өнер адамдары ел мен елді жақындастыратын, рухани туыстықты байытатын дәнекер болмас па! Бұл салада әзірше салғырттық басым сияқты. Шығармашылық одақтардың, ғылыми мекемелер басшыларының осы биік парасатты міндеттерді жете зерделеп, шын әрекетке көшкені абзал.
- Нұрсұлтан Әбішұлы! Съезге делегат әскери адамдар көп сияқты көрінді маған. Кілең генералдар… Редакциялық комиссияда бір генерал-лейтенантпен қатар отырып қалдык. Мен оған жуырда ғана «Комсомольская правда» газетінде Олжас Сүлейменов пен полковник Петрушенконың қатар басылған мақалаларын көрсеттім. Ол асықпай оқып шықты.
- « Петрушенко дұрыс айтады», — деді.
- «Сонда қалай, Семей полигонының айналасындағы жағдай шыннан жұмақ сияқты болғаны ма? Петрушенко бұл өтірігі үшін генерал болып шыға келмес пе екен?».
- «Болса несі бар? Болады! Қарай гөр…», деп генерал-лейтенант тарс кете жаздады. Ал мен ойлаймын: полигон төңірегіндегі халықтың қасіретінен орнайтын бақыт қандай бақыт деп…
- Полковник Петрушенконың пікірімен келісуге болмайды. Ол ССРО халык депутаты ретінде халыктын мұң-мұқтажын жоқтаудың орнына өз мүддесін, әскери мекемелердің мүддесін қорғап кетті. Ал жалпы Семей полигонын жабу, ядролық сынақты тоқтату туралы талап Қазақ ССР үкіметі тарапынан осыдан екі жыл бұрын қойылған болатын. СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросына. Бұл талапты «Невада-Семей» қозғалысы қолдап алып кетті. Оны бүкіл республика, бүкіл ел қолдап отыр. Тұтас халықтың талабымен санаспауға болмайды. Республика Жоғарғы Советі де осындай тоқтамға келді. Сонымен күрес жүріп жатыр.
- Сізді съезд әлденеше рет СОКП Орталық Комитеті Бас хатшысының орынбасарлығына ұсынды. Бұл партия басшылығындағы аса құрметті екінші орын. Солай болса да Сіз келісім бермей қойдыңыз. Неге?
- Мен қазіргі қызметімде Қазақ ССР Президенті, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы ретінде өз туған республикама пайдам көбірек тиеді ғой деп ойладым. Дәл қазір, республика егемендігінің, саяси, экономикалық дербестіктің тағдыры шешіліп жатқан тұста қызмет ауыстырып жатудың реті жоқ сияқты көрінді.
- Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз осы съезд біте салысымен тағы да Америкаға сапар шегеді деп естідік. Өткен жылдың күзінде Канада мен АҚШ-қа барып келгеніңіз есімізде. Енді мына алдағы сапар, сірә, сол өткен жылғы игі істерді нақтылай, дамыта түсетін шығар.
- Сондай десе де болады. Жаңа жағдайда Қазақстанның экономикасын көтеру үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керек. Қазақстан – шетелдермен жемісті байланыс жасай алатын, сөйтіп халықаралық абырой — беделге ие бола алатын зор республика. Тек соның кілтін табу қажет. Сол кілтті іздемесең, өзінен өзі қолға түсе бермйді. Не болғанда да біздің бұл жүріс әйтеуір туған халқымызға қайтсек жақсылық жасай аламыз деген қам – қареттен туындап жатыр.
- Ендеше, Сізге ақ жол тілейміз. Сәт сапар!
Әңғімелескен
Шерхан Мұртазаев,
СОКП XXVIII съезінің делегаты.
«Социалистік Қазақстан,» 17 шілде, 1990 жыл