Тарихи нысанның қабырғасы құлап жатыр

0 17
Облыс орталығының қақ төрінде орналасқан Төрткүл кешені осыдан он жеті жыл бұрын қазба жұмыстары кезінде ашылып, 67 миллион теңгеге қалыпқа келтіріліп, 2010 жылы пайдалануға берілген. Бұл күнде еліміздегі жалғыз ашық аспан астындағы мұражай бүгінде адам көргісіз күйге түскен. Уақтылы күтім жасалмауынан кешен қабырғаларының кей тұстары опырылып түсіп, батырлар мүсіндерінің де тозығы жетіп, темір бұйымдарды тат басқан. Тұрғындардың айтуынша, керуен сарайға соңғы екі-үш жыл айналасында келушілер қатары күрт азайған. Тіпті соңғы уақытта есігіне қара құлып салынып, жабылып қалған.

– Қорғанға бұрын оқушылар, туристер көптеп келетін. Қазір келушілер қатары күрт азайды. Себебі, сарай шатыры тесіліп, іші тозып кеткен. Электр желілері де үзіліп, QR коды қирап жатыр. Бұрын көшеге сән беріп тұрушы еді. Күтім болмағаннан кейін, құлады, – дейді қала тұрғыны Бибігүл Үсіпбаева.

Тарихи нысанға 2015 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, қамалды қайта жаңарту жұмыстарына екі жыл бұрын бюджеттен 110 миллион теңге де бөлінген. Бірақ, бөлінген қаражат белгісіз себептермен қайта қайтарылған. Болашақта Тараз қалалық әкімдігі нысанды өз балансына алып, биыл қайта жаңғыртпақ.

Алайда, бүгінде нысанның тозу деңгейі 90 пайызға жеткендіктен, оған енді 4 есе көп қаржы жұмсалмақ.

– Расында, тарихи нысанның бүгінде тозығы жеткен. Мұндағы суағар жүйесі де дұрыс құрылмағандықтан, жаңбыр жауған сайын керуен сарай іші суға толып кетеді. Былтыр теңгерімге алғанда ғимараттың тозу деңгейін анықтадық. Биыл толығымен қайта қалпына келтіру жобасын әзірледік. Аталған жобаның сметалық құны 417 миллион теңгені құрап отыр. Жаңғырту жұмыстары екі айдан соң басталып, жыл соңына дейін созылуы мүмкін, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.

Дәл сол секілді Қаратау қаласының іргесіндегі Тамды қалашығы да Төрткүлдің тағдырын қайталаған. Мұнда да нысанның шатыры опырылып, тұрмыстық қалдықтар жайлап, баклажка, бөтелкелер басып, қараусыз қалған қалашық қаңғыбастардың мекеніне айналған. Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы мамандарының есептеуінше, нысанды қалпына келтіру үшін 40-50 миллион көлемінде қаражат қажет көрінеді. Алайда, кешеннің қирауы табиғи фактордан екендігін алға тартқан Талас ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, аудан бюджеті мұндай қаржыны көтеруге қауқарсыз.

Өкінішке қарай, қос қалашық секілді жетімнің күйін кешкен нысандар саны мұнымен шектелмейді. Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиевтің айтуынша, аймақтың тең жартысын апатты жағдайдағы ескерткіштердің қалашықтар құрайды.

– Жалпы, тарихи нысан әрбір бес жыл сайын жаңғыртылып тұруы қажет. Төрткүл қалашығына 2015 жылдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Ал, Тамды қалашығы 14 жылда төрт рет зерттеуден өтті. Облыс аумағында о сындай апатты жағдайдағы оннан астам ескерткіш бар. Олардың жартысы қалашықтар. Осы аталған ескерткіштердің сақталған бөліктерінің өзіне мемлекеттік жерге орналастыру актілерін дайын арқылы қорғап қалу жұмыстары жүргізіліп отыр. Оларды толық жөндеуден өткізу үшін нақты зерттеулер жүргізілуі тиіс, – дейді Сауран Қалиев.

Айта кетейік, облысымыз 3500-ден астам тарихи мәдени ескерткіштерімен еліміздегі тарихи аймақтардың көшін бастайды. Ендеше, оларды туристік бағытта пайдаға жаратып, кәсіп көзіне айналдыру үшін тарихи нысандардың қасбеті мен инфрақұрылымы жарамды болуы – аса маңызды екені айтпаса да түсінікті.

 

Нұрболат АМАНБЕК

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.