Бөрісырғақ жайлы не білеміз?
Ақпан – ақшұнақ, қызылшұнақ аяздар өтіп, қар қататын мезгіл. Осы ай ортасынан ауғанда ат-құлағы көрінбейтін боран соғады. Бұл боран кемі апта, болмаса 10-12 күнге дейін созылатын. Бірақ қазіргі қыс бұрынғыдай емес. Қар да аз. Алай-дүлей боран да жоқ. Есесіне қыстың көзі қырауда жаңбыр жауады. Ал әлгі алдында айтқан ақ боранды қазақ Бөрісырғақ дейді. Өйткені дәл осы айда қасқыр жұптасады. Ақпан айында қар қатаяды. Ер қанаты — ат, омыраулап жүре алмай, омбығып жатса, дала бөрісі сол қатты қардың бетімен жортып кете береді. Дәл осы мезгілде қасқыр жалпақ даланың қожасы екенін анық сезінеді. Олардың жұп құратыны да осы бір қауіпсіз кезең әрі бұл уақта жұптасқан қаншық 63 күннен кейін ұрпақ әкеледі. Яғни күннің жаймашуақ уақытында дүние көрген қарақұлақ, жазда бөлтірік, одан көкжалданып қысқа түседі. Бөрінің дәл осы уақта жұптасатынын білген жұрт ақпанның ортасынан ауа соғатын бұл боранды бөрісырғақ атапты. Қалиақпар Үсемханұлы, мәдениеттанушы: — Қыстың соңы болып қалғандықтан, күн жылынып қалған мезгілде аяқастынан күн райы бұзылып, қарлы боран соғып, күн жауады. Күн жауғанда да, бұрқақта, жапалақтап қар жаумайды, кәдімгідей күннің жылымық әсерінен сырғақ жауады. Содан бұл сырғақ бөрісырғақ деп аталған. Төлеген Жаманов, аңшы, айтыскер ақын: — Бөрісырғақ уақытта даланың бөрілерінің бір-бірімен жұптасуы, бір-бірін түгендеуі, бір-бірін іздеуі, аналы мен аталығының жықпыл-жықпыл, қуыс-қуыс таудың қалтарыс-бұлтарысында қыс бойы мекендегендердің бір-бірін іздеу үшін жазыққа шығатын уақыты. Бұл кезде арландарының көздері қанталап, адамға да, аңға да, жалпы бейсауат сыртқы жүріске өте қауіпті кез деп айтады және бұл уақытта ешқандай бұрынғы сыралғы, кәріқолы аңшылардың бөрісырғақтың уақытында мылтық кезеніп, қасқыр ауламайды. Ақпандағы осы боранда қасқыр малға да, жанға да қас келеді. Әдетте жемін алыстан алатын бөрі құртқасын аш қалдырмас үшін маңайдағы малға шаба береді. Мұндайды қазақ «боранды күні ит құтырады» дейді. Сол үшін ауыл үйдің адамы бұл мезгілде алысқа ұзап шықпайды. Төлеген Жаманов, аңшы, айтыскер ақын: — Бөрі сырғақ қардың сырғағымен, қасқырдың ізін жасырып отыратын, болмаса жанағылардың жалпақ тілмен айтқанда қарығатын уақыты ғой, осы уақытта бөрілерге пана болатын, бөрінің ізін жасырып, оның жүрісін аңшылардан аластап тұратын, сырғақтың жүріп тұратыны рас. Табиғаттың басқа тосын мінездерімен өтеді. Бір жерде қатты аязбен өтіп кетуі мүмкін, қарсыз. Бір жерлерде жаңбыр-жауынмен өтіп кетуі мүмкін. Бір кездерде қалың, қатты желмен өтуі мүмкін. Бөрісырғақ кейде ерте, кейде кеш келетін тұстары да болады. Оның нақтысын ертеде есепшілер айтатын. Ең бастысы бұл боран жер дүниені бір сілкіп, тазартып өтеді. Қалиақпар Үсемханұлы, «Астана ақшамы» газетінің тілшісі: — Қазіргі дәуірде біз жаңа календарға ауып кеттік, содан қазақтың осы бөгенайы бөлек мәдениетінен көзжазып қалып отырмыз. Сосында бөрісырғақ амалын, киіктің матауы, құралайдың салқыны теке бұрқылдақ амалдарының барлығын қазіргі календармен айтамыз. Шын мәнінде ол қазақтың көне есебі бойынша үркер тоғыс немесе қамбар тоғысқа байланысты келетін амалдар болатын. Бөрісырғақ — қасқырдың жұптасуымен қатар келетін боранды күндер. Бұл мезгілде аяз болмайды. Тек жерде аппақ, көк те аппақ айналада түк көрінбеуі мүмкін. Сол себепті жолға шыққан жолаушы сақ болғаны жөн. Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Аружан Серікқызы, Арман Ақшабаев