Ұлттық қордың берекесі қашты. НЕГЕ бізге бюджеттік ереже ауадай қажет?
Қазақстан 2020 жылы Ұлттық қорға түскен қаржының 96 пайызын құртып тастаған. Ал Ұлттық қорға кетуі тиіс қаржы республикалық бюджетте қалып, Үкіметтің біраз жыртығын жамаған. Бюджеттік ережесіз жүргізіліп жатқан қазіргі жабайы саясаттың салдары ертең өзімізге ауыр тиетін болады.
Есеп комитеті оның нақты фактілерін 9 маусымда мәжіліс отырысында жариялады. Комитет төрайымы Наталья Годунованың айтуынша, жағдайды тұрақтандыру шаралары арқылы қорды толтыру жағын қарастыру керек.
- Тақырыпқа орай: Біз де төлемейміз! Квазимемлекеттік сектор НЕГЕ Президенттің тапсырмасын орындаудан бас тартты?
Былтыр Ұлттық қорға аударылуы тиіс қаржының бюджетте қалып қойған жағдайлары кездескен. Үкіметтің квазимемлекеттік секторға жекешелендіруден түскен қаржы есебінен қарызын жабуға рұқсат бергені де осындай жағдайларға әкеліп отыр.
«Мұндай тәжірибені жою керек. Ұлттық қорға салық төлеудің орнына мұнай секторындағы компанияның қаражаты республикалық бюджетке түсіп отырған. 2020 жылдың өзінде Қарашығанақ пен Солтүстік Каспий жобалары бойынша әріптес компаниялардан 664 миллиард теңге түскен жоқ»
«Ол консорциумдардың өтемақысынан құралған қаржы», – деп түсіндіреді Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Нұрлан Жұмағұлов. «Қазіргі таңда Ұлттық қорға түсетін кірісті қайта қарау қажет».
«Қор құрылған кезде экспорттық кедендік баж салығы деген ұғым болмады. Сол себепті экспорттық баж бюджетте қалып отырды. 2018-2019 жылдар аралығында бюджетке осының есебінен жыл сайын триллион теңгеден құйылып отырды. Қазіргі проблема – Ұлттық қордың жеке заңды тұлға емес, Үкіметтің есеп-шоты ғана болып отыруында. Оның қандай тәуекелдері бар екенін Стати оқиғасы көрсетті. Ондай жағдай қайталанбауы үшін, Ұлттық қор заңды тұлға ретінде қайта құрылуы тиіс»
Ресей мұндай проблеманы бюджеттік ереже енгізу арқылы сәтті шешті. Онда мұнайдан түскен кез-келген түсім автоматты түрде суверенді қорға аударылып отырады. «Фискалдық ереженің енгізілуі экономика үшін артық кірістерді алып тастауға мүмкіндік береді. Ол сонымен қатар тауар кірістерінің валюта бағамын бұрып жіберуін тоқтатады», – дейді қаржы сарапшысы Владислав Туркин. «Ішкі сұраныс – импортқа тәуелділікті жою жолында жұмыс істейді. Бюджет дефицитінен құтылудың, әрі экономика үшін мемлекеттік шығыстардың жағымсыз әсерін алып тастаудың бірінші сатысы да – осы фискалдық ереже».
«Бюджеттік ереже табиғи қазбалардан түсетін кірістің әсерін саналы түрде төмендету арқылы айырбастау бағамының тиімділігін арттыруға бағытталған. Ол экономикадағы балансты қалыптастырып, шекті деңгейді дұрыс анықтауға мүмкіндік береді. Бірақ, Ұлттық қордан бюджетке трансферттер жалғаса беретін болса, біз бюджеттік ереженің нақты нәтижесін көре алмаймыз»
Идеалды бюджеттік ереже мұнайдан түсетін барлық кіріс түрін автоматты түрде Ұлттық қорға бағыттап, қордан алынатын трансферттер көлемін қатаң бақылауы тиіс. Ертең Қаржы министрі Ерулан Жамаубаевтың есепті кездесуінде Nege.kz осы сұрақты көлденең тартпақ. Бізде бюджеттік ережені енгізуге не кедергі болып отыр?
- Тақырыпқа орай: Бюджет жыртылып кетпей ме? Әлеуметтік шығынның көптігі мемлекетке НЕГЕ қауіп төндіре бастады?
Пандемия бітсе де, коронакризис кезіндегідей Ұлттық қор ақшасын шашу көптеген шенеуіктерге қатты ұнап қалғаны көрініп тұр. Түрлі себептер ойлап тауып, биыл да осы практиканы қайталағысы келетіндер аз емес.
Бірақ оған қазір мүмкіндік берсек, ертең етек-жеңімізді жинай алмай қаламыз. Осыны ұмытпау керек.