Жастар – елдің тірегі

0 200

Елімізде баспана жыры күрделі мәселе ретінде көп уақыттан бері айтылып келе жатқаны бәрімізге аян. Ал оның шешілу жолдары соңғы кезде ғана елдік деңгейде қарастырып ақ жатыр. Деседе осы күні әрбір өңір тұрғындардың «Басын ауыртып, балтырын сыздатқан» баспана мәселесін өз хал-қадірі жеткенше шешуге тырысып жүр. Мәселен аймақ басшысының бастамасымен іске асып отырған « Асарлатып үй салу» жобасы осы сөзімізге дәлел. Бұл бастама жүзеге асқалы басына лашық таппай жүргендердің жүзіне күлкі ұялап, игі іс көптің қуанышына айланып үлгерді. Осы жобаның аясында қаншама отбасы баспаналы болып, бала шағасын өз үйінде, ешкімге жәутеңдетпей асырап, бағып-қағып отыр. Әрі бұл бастама жүзеге асқалы оны жастар жағы да бірден қолдап, қол көмегін тигізуге кірісіп кеткен болатын. Соның бірі – он екі баласы бар көпбалалы отбасына лайықты үй салып беруді жоспарлап, іске жұмыла кіріскен Шу ауданының еңбекқор жастары. Биыл тамыз айында қолға алынған бұл жұмыс, алдағы желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Міне, осындай игі істерге жалындаған жастардың араласуы құптарлық әрі қуанарлық жайт. Ал адамның көмегіне зәру болып отырған пенделер арамызда қаншама десеңізші?!

«Қайыршысының өзі де қайырымды» деген сөз біздің халықтың осындай ұйымшылдығы байланысты айтылса керек. Өйткен жастар баспанасы жоқ, жалдамалы пәтерде өскен баланың ертең Отанға қорған болу неғайбыл екенін жақсы біледі. Ауданда мұқтаж отбасыларға баспана салу ісіне жастардың білек сыбана кірісуі сондықтан. Ел болашағы үшін жасалып жатқан игі шаруаның қатары көбейгені айланып келгенде ұлтқа, қазаққа, мемлекетке тиімді болмақ. Осыны ескерген Шудың жастары айналасына шуағын төгіп-ақ тұр.

–Біз өзімізді еліміздің болашағына, тағдырына жауаптымыз деп есептейміз. Өйткені осы елде туып өскендіктен маған туған жерімнің әрбір тасы алтын, құмы күміс. Ал өз Отаныңда жүріп, еліңнің еңіреген көз жасын көру ол үлкен қасірет. Құдайға шүкір біздің елдің тыныштығының арқасында барлығымыз осы күнге жеттік, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар болса, оларға көмек қолын созып жіберу, тәуелсіз ел жастарының парызы деп білеміз. Осы ниетті біз көпбалалы аналардың жағдайын жақсарту мақсатына арнап жүрміз. Соның ішінде атқарып жатқан шаруаның бірі – оларға асарлату арқылы салынып жатқан баспана құрылысына көмектесу. Біз бұл үйдің құрылысын бес жігіт болып бастағанбыз. Кейін ерікті жастардың атсалысуының арқасында құрылыс қарқында жүріп берді. Бір отбасыны болса да қуанта алсақ, көмек қолымызды соза алсақ, онда ол біздің кішкене болса да өз елімізге қосқан үлесіміз болмақ,–дейді Шу ауданы бойынша еріктілердің жетекшісі Еркін Төлебаев.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп халқымыз айтқандай, осы жастардың қолға алып жатқан тірлігінің басы қасында жүрген аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Қойбағаров мұндай іс бірінші мәрте атқарылып жатпағанын айтты. Мәселен Арыс қаласының басына күн туғанда, Мақтаралдағы ел қиналғанда да қастарынан табылғанын тілге тиек етіп, қай кезде де көмек қолын кез келген жерге созуға даяр екендерін меңзеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.