«Жастар аллеясы»  пайдалануға берілді

0 171

Президент Қ.Тоқаев өз қызметіне кіріскелі бері елдегі жас буынға ерекше көңіл бөлді. Елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ­ынталандыру іс-шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі көрсетуі мен өз армандарын жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде кешенді саясат жасала бастады.

Соның бір дәлелі – Байзақ ауданының Базарбай ауылының тұрғындары үшін елеулі оқиға орын алды. Атап айтқанда, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Конституция күні қарсаңында «Жастар аллеясы»  пайдалануға берілді.

Айтулы  шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында елімізде, соның ішінде ауданымызда көптеген игілікті істер жалғасын тауып жатқандығын атап өтті. «Жастар аллеясы» атауы берілген жаңа демалыс орнының ашылуымен  көпшілікті құттықтап, елді мекенде халық санының өсіп келе жатқандығына екпін салып, ауылдың әлі де ажарлана түсетіндігін жеткізді. Мұнда ауыл жастарының, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың спортпен шұғылдануы және бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін жағдай жасалғандығын айтып, өсіп тұрған тал-дарақтарға күтім жасаудың маңызын жеткізді. Бұдан соң сөз алған еңбек ардагері Сейсенбек Жүзгенбаев игі тірлікті ұйымдастырып, ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлай білген аудан басшыларына ризашылығын білдірді.

Аллеяның лентасы қиылған соң, шара қонақтары мен тұрғындар саябақты аралады.

Саябақ ішіне 40 түп емен, 100 түп қаратал, 80 түп туя ағаштарын ауыл тұрғындары егіпті, орындықтар орнатылған. Сондай-ақ, аллея жанында орнатылған  стрит воркаут алаңындағы  спорттық құрылғыларда  балалар  түрлі  жаттығулар жасап,  топ жарғандар марапатқа ие болды. Әсіресе, асыр салып ойнап, шаттыққа бөленген балалар да өздерінің қуаныштарымен бөлісіп жатты.

Игілікті істің бастауы болған «Жастар аллеясы» алдағы уақытта базарбайлықтардың басын жиі қосып, ынтымақ-бірлігін нығайта түсетін сәнді саябаққа айналарына  сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.