Өрт сөндіру бекеті ашылды

0 189

Жаз айларында өрттің өршу қаупі жиі­леп, орасан шығынға ұшыратып жатады. Жедел әрекет ете білген жағдайда қызыл жалынның бетін қайтаруға мол мүмкіндік туатыны рас. Күнделікті тұрмыста кез келген тұрғын сақтық шарасын назарда ұстауға міндетті. Негізгі функ­ционалдық бағыт бойынша жоспарлы қадамға барудың нәтижесінде қауіпсіздік деңгейі жо­ғарылап, халық­тың дер кезінде әрекет ету іс-қимылы пысықталады. Жалпы төтенше жағдай орын алған жағдайда өрт сөндірушілердің толық құрамы мен құрал-жабдықтары түгел болуы тиіс. Қарапайым тәжірибенің өзі көр­сеткендей тұтастай ауқымы кең өрт шалған жағдайда ауданнан қосымша күш жетем дегенше оны ауыздықтау мүмкін болмай жатады. Мұндайда жан-жақты жұмыс көзін онтайландыру маңызды. Қапелімде төтенше жағдай орын алған тұста ауыл ішінен арнайы жасақталған бригада мақсатты іске көшеді.

Осыған орай Жамбыл ауданының аумақтық даму жоспарына сәйкес кеше Гродеково ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Айтулы шараға аудандық төтенше жағдай, №6 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері қатысты.
Аудандық №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ерлан Сазымбеков сап түзеген қызметкерлерді өздеріне жүктелетін міндеттерден құлағдар етіп, мән-жайды кеңінен баяндады. Қызметте жүргенде немқұрайлылыққа жол беруге болмайтынын, күнделікті санитарлық тазалықты, карантин талаптарын сақтау керектігін қадап айтты.
Ал, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Расул Сұлтанов: «Гродиково ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы біздің аудан үшін маңызды оқиға. Округ маңында өрт қаупі жоғары. Аудан орталығынан өрт сөндірушілер келем дегенше, қауіптің бетін қайтара алмауымыз мүмкін. Сондықтан да бұл мәселе бұрыннан көтеріліп келе жатқан. Енді жаңа өрт сөндіру бекеті қала маңындағы ауылдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді деген сенімдемін», – деді бізбен тілдескенде.
Жаңадан ашылған өрт сөндіру бекеті Гродиково, Қызылқайнар, Полатқосшы ауылдық округтеріне қызмет көрсететін болады. Бекет қажетті құрал-жабдықтармен, арнайы техникамен жарақталған. Онда 7 штаттық қызметкер мен өрт сөндіру техникалары бар. Барлығы да өрт сөндіру-техникалық қару, жауынгерлік киім және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Өрт сөндіру көлігі облыстық төтенше жағдайлар департаментінен берілген.
Нысанның ашылуына байланысты азаматтық қорғау қызметкерлері оқу-жаттығу жиынын өткізді. Төтенше жағдайда өртті сөндіру бойынша әдістемелік-тактикалық жаттығуларды орындады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.