Жандарбек Бекшиннің басы тағы дауға қалды

0 313

Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин пайдалануға тыйым салған жеке қорғаныс құралдары (ЖҚҚ) қалай сатып алынған? Толық мән-жайды ведомство басшысының орынбасары Әсел Қалықова баяндап берді.

Әсел Қалықованың пікірінше, ведомство тауарды жеткізушілерден бірнеше рет сотта ұтылып қалған. Мекеме басшылығы 90 млн теңгені кері қайтарғысы келгенімен, бәрі әурешілік болған. Себебі мемлекеттік орган тауарды қабылдау кезінде мұқият тексеріп алмаған, сондықтан мекеменің арызы кері қайтарылған.

Кеше, 20 сәуір күні тікелей эфирде қаланың бас санитары ЖҚҚ-ның қоймасын көрсетеді. Эфир барысында ол медициналық костюмдер қолдануға тыйым салынғанын және вирусқа қарсы күресте мүлдем қорғамайтынын, керісінше эпидемиологтер мен санитарлық дәрігерлердің денсаулығы үшін қауіпті екенін түсіндірді.

Сонымен бірге Ж.Бекшин сапасыз жеке қорғаныс құралдарын сатып алу жауапкершілігі Әсел Қалықоваға жүктелгенін, өйткені ол тендерлік құжаттарға қол қойғанын атап өтті.

Осы орайда Әсел Қалықова бас санитардың айтқан дәйектері негізсіз екенін алға тартады.

«Біріншіден, ҚР-да мемлекеттік сатып алу бірнеше жылдан бері «Электронды портал» арқылы жүзеге асырылып келеді. Сондықтан тікелей қолтаңбасы мен мөрі бар ешқандай құжаттар болмауы тиіс. Екіншіден, ЖҚҚ бойынша Мемлекеттік сатып алу ҚР қолданыстағы заңнамасы аясында өтті. Сонымен қатар жеткізушілерден тауарды қабылдауға қатыспадым, ол үшін функционалдық міндеттеріне кіретін лауазымды тұлғалар анықталды», деп түсіндірді Әсел Қалықова.

Айта кетейік, Әсел Қалықова тендерді өткізу және тауарды қабылдау кезінде қаладағы Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы болған. Сол уақытта Жандарбек Бекшин қаланың бас санитарлық дәрігері қызметін атқарды, ал оның басшысы ресми түрде кейінірек тағайындалды.

«Жандарбек Бекшиннің өзі келіссөзді мемлекеттік сатып алуды жеңіп алған жеткізушілермен жүргізді. Бұдан бөлек, ол сол уақытта жеке қорғаныс құралдарының бірнеше түрін таңдап алған», дейді Ә.Қалықова.

Ал Әсел Қалықованың пікіріне аталған ведомствоның бұрынғы басшысы, қазіргі уақытта қаладағы №27 аурухананың бас дәрігері Айзат Молдагасимова да қосылып отыр. Ол департаменттің экс-басшысы Жандарбек Бекшин іс жүзінде мекемеге 2020 жылдың сәуірінде қаланың бас санитарлық дәрігері ретінде тағайындалғанын айтты.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.