Жамбыл облысында патронаж қызметі супервизорларын даярлауға арналған оқыту басталды

0 69
Тараз қалалық 5-емханасында 2026 жылғы 27–31 шілде аралығында «Жүкті әйелдер мен ерте жастағы балаларға патронаждық барудың әмбебап-прогрессивті моделі бойынша супервизорларды даярлау» тақырыбындағы 5 күндік оқыту курсы басталды.
Оқытуға облыстағы қалалық және аудандық медициналық ұйымдардың алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарындағы патронаж қызметіне жетекшілік ететін үйлестірушілер мен супервизорлар қатысуда.
Іс-шараның ашылуында Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысушыларға сәттілік тілеп, патронаж қызметін дамыту алғашқы медициналық-санитариялық көмектің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйе жүкті әйелдер мен ерте жастағы балалардың денсаулығына төнетін қауіп-қатерді дер кезінде анықтауға, отбасыларға кешенді қолдау көрсетуге және профилактикалық жұмыстың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Оқытуды медицина ғылымдарының кандидаты, Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының кафедра меңгерушісі, Қазақстандағы патронаждық барудың әмбебап-прогрессивті моделінің ұлттық үйлестірушісі Наталья Пак жүргізуде.
Бағдарлама аясында қатысушылар алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында патронаждық қызметті ұйымдастыру, жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларға әмбебап және күшейтілген қызмет көрсету жоспарын әзірлеу, есеп жүргізу мәселелерін қарастырады. Сонымен қатар балалардағы 19 қауіп факторы мен жүкті әйелдердегі 5 қауіп факторын ерте анықтау тәсілдерін меңгереді.
Оқыту барысында супервизордың қызметі, тікелей бақылау әдісін қолдану, мониторинг құралдарын пайдалану, патронаждық барулардың сапасын бағалау, отбасыны жеке сүйемелдеу жоспарын әзірлеу, бала мен отбасының қажеттіліктерін бағалау, сондай-ақ балаларға қатыгездік көрсету және өзге де әлеуметтік қауіп-қатерлерді ерте анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Мұндай оқыту бағдарламалары мамандардың кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, Жамбыл облысында ана мен балаға көрсетілетін патронаждық көмектің сапасын одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.