Сапалы медицинаға сенімді қадам

0 8
Облыста бүгінде 384 денсаулық сақтау нысаны халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 27 аурухана, 140 амбулаториялық-емханалық ұйым, 59 фельдшерлік-акушерлік пункт, 146 медициналық пункт, 6 медициналық орталық және өзге де 6 мекеме бар.

Өңірде медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2025 жылы 1,5 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, 11 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. Ал 2026 жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, 660,2 миллион теңгеге 5 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Бүгінгі күні Байзақ ауданының Дихан ауылындағы облыстық мамандандырылған оңалту орталығының күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қалған төрт нысанда жөндеу жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, Қордай ауданының Арал ауылындағы фельдшерлік акушерлік пункт, Жуалы ауданындағы Түктібай және Қызыларық ауылдарындағы медициналық пункттер, сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданындағы Құмарық дәрігерлік амбулаториясы жаңғыртудан өтуде.

Сонымен қатар жаңа медициналық нысандардың құрылысы да қарқын алған. 2025 жылы жалпы құны 4,1 миллиард теңгені құрайтын 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, оның төртеуі пайдалануға берілді. Олардың қатарында Қордай ауданындағы Сортөбе ауылында 200 төсектік емхана, Үлкен Сұлутөр ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Меркі аудандық ауруханасындағы қабылдау бөлімшесінің қосымша құрылысы мен қайта жаңғырту, сондай-ақ Талас ауданындағы Ақкөл ауылындағы дәрігерлік амбулатория бар.

Ал Талас аудандық орталық ауруханасының 200 төсектік ғимаратын қайта жаңғырту жобасы 2026 жылға өтпелі нысан ретінде белгіленген. Қазіргі таңда құрылыс монтаж жұмыстарының 50 пайызы орындалған.

Бұдан бөлек 2026 жылы тағы екі нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Балауса» ықшамауданында компьютерлік томография мен маммография модуліне арналған көлікжай құрылысы 50 пайызға аяқталса, Шу қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінің кіреберісін салу жұмыстары 5 пайыз деңгейінде.

Аймақта денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға басымдық беріліп отыр.

Сонымен бірге өңірде денсаулық сақтау жүйесінде бүгінде 15 839 медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 3 684-і дәрігер болса, 12 155-і орта буын медицина мамандары. Соған қарамастан облыста білікті кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Мәселен, мемлекеттік медициналық ұйымдардағы дәрігерлер тапшылығы 2023 жылы 80 бірлікті құраса, 2024 жылы 70-ке дейін төмендеген. 2025 жылдың қорытындысында да бұл көрсеткіш 70 бірлік деңгейінде сақталды. Ал 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша тапшылық 135-ке жетіп, оның 53-і қалада, 82-сі ауылдық жерлерде тіркелген.

Кадр тапшылығын азайту мақсатында жергілікті бюджет есебінен медициналық мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда жалпы медицина мамандығы бойынша 58 білімгер жергілікті атқарушы органның гранты негізінде білім алуда. Олардың алғашқы легі 2026 жылы оқуын аяқтап, өңірге оралады деп күтілуде.

Сонымен қатар резидентура бойынша 179 грант бөлініп, жас дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасалған. Бүгінде осы бағдарлама аясында 89 дәрігер оқуын жалғастырып жатыр. Ал грант негізінде білім алған 47 жас маман аймақтың медициналық ұйымдарына жұмысқа тартылған. Олардың еңбек ету мерзімі – кемінде 5 жыл.

Алдағы жылдары да кадрлық әлеуетті нығайту жалғасады. 2026 жылы облысқа мемлекеттік тапсырыс арқылы білім алған 110 дәрігер келеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ болжам бойынша 2027 жылы 106, 2028 жылы 113, 2029 жылы 121 дәрігер жұмысқа орналасады деп күтілуде.

Медицина кадрларын ұстап қалу және тарту мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. Атап айтқанда, 39 медицина қызметкеріне тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 397,9 миллион теңге көлемінде бюджеттік несие берілді. Сонымен бірге 111 маманға көтерме жәрдемақы төленіп, жергілікті бюджет есебінен біржолғы әлеуметтік қолдауға 88 миллион теңге бағытталды.

Облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес ауылдық жерлерге және тапшы мамандықтар бойынша жұмысқа келген дәрігерлерге 8,5 миллион теңгеге дейін, басқа елді мекендерге 1,2 миллион теңге, ал Тараз қаласына келген мамандарға 800 мың теңге көлемінде көтерме қолдау белгіленген.

Бұдан бөлек аудан әкімдіктері тарапынан коммуналдық шығындарды өтеу, отын мен суға төлем жасау сияқты қосымша қолдау тетіктері қарастырылған. Ал Талас ауданында жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.

Жалпы өңірде медицина кадрларын тарту мен тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, саладағы өзекті мәселелерді шешуге басымдық беріліп отыр.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.