Жамбыл облысы – үздік үштікте

0 148

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, есепті кезеңде облыстағы экономикалық өсім 104,6 пайызды құраған (республикалық көрсеткіш — 104,1 пайыз).

– Ағымдағы жылдың тоғыз айында экономиканың барлық саласында ілгерілеу басым. Айталық, өнеркәсіптегі өнім көлемі 105,5 пайызды, ауыл шаруашылығы — 100,2, құрылыс — 106,2, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі — 111, инвестициялар — 111, ал сауда көлемі 105,3 пайызға айналған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлік-логистика саласындағы көрсеткіштер 6 пайызға артты. Ағымдағы жылдың  екі тоқсанында орташа айлық жалақы 203,8 мың теңгені құрап, атаулы көріністе 25,8 пайызға өсті. Соның нәтижесінде Жамбыл облысы өңірлер арасында үшінші орынға тұрақтады, – деді басқарма басшысы.

Жиынға бейнеконференция режимінде қатысқан аудан әкімдері жыл қорытындысымен кемшіліктерді түзететіндіктерін жеткізді.

– Көрсеткіштер жаман емес. Бірақ сіздер әлі де жұмысты күшейте түсулеріңіз керек. Экономикалық көрсеткіштер 100 пайыздан жоғары және орташа республикалық көрсеткіштен төмен болмауы тиіс. Біздің міндетіміз – өңірдің экономикалық даму қарқынын бәсеңдетпеу. Ешқандай сылтау қабылданбайды. Аудан әкімдері, басқарма басшылары күн сайын негізгі экономикалық индикаторлардың орындалуын талдап отыруға міндетті. Жыл аяқталуға жақын, кемшіліктерді тез арада жою керек, – деген аймақ басшысы экономиканың өсу қарқынын арттыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру, азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Бұдан соң баяндама жасаған облыстық қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиев бюджет кірістері 4 пайызға ұлғайып, 334,1 миллиард теңгені құрағанын мәлімдеді.

–Өзіндік кірістер 70,7 миллиард теңгені құрап, 22,5 пайызға артқан. 341,1 миллиард теңге игерілсе, бұл жалпы қаражаттың 99,8 пайызын құрайды. Бюджетті игеруде Шу және Жуалы аудандары сылбырлық танытып отыр, – деді Ж.Сапаралиев.

Бұған қатысты облыс әкімі бөлінген ақшаны неғұрлым тиімді игеріп, қолда бар резервтерді ұтымды пайдалану керектігін қадап айтты.

Күн тәртібінде келесі мәселе бойынша күзгі 2 айлық санитарлық тазалық, көгеріштендіру жұмыстарының өту барысы қаралды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.